Бүгінде қыз-келіншектер атқармайтын жұмыс кемде-кем. Әсіресе, елдік мәсе-лелерді көтеріп, бұқараның қамын ойлайтын мемлекеттік қызметшілердің қатары көбейіп келеді. Олардың сапында облыс, қалалар мен аудандар әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен ауыл әкімдері бар.
Жалпы, кез келген жұмыстың оңайы жоқ. Дей тұрғанмен, мемлекеттік қызмет саласына артылар жауапкершілік жүгі өзгеше. Бұл саланың өкілдері барлық бағытта тынбай еңбек етеді. Білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау, экономика, экология, құрылыс, инфрақұрылым –
барлық дерлік бағытта мемлекеттік саясатты жүргізіп, бюджеттік істі ширатып жүрген нәзік жандылар жетерлік.
Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің мәліметінше, жыл санап осы сала өкілдерінің саны көбейіп келеді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2023 жылы өңірде барлығы 3078 мемлекеттік қызметші тіркелген. Оның 2556-сы — әйел адам. Ал бүгінде мемлекеттік қызметшілердің қатары 3751 адамға жетті. Оның да едәуір бөлігін нәзік жандылар алады. Атап айтқанда, 2601 қыз-келіншек мемлекеттік қызметті «дөңгелетіп» отыр. Яғни, мемлекеттік қызмет өкілдерінің 69,3 пайызы — аяулы жандар.
Атап өтерлігі, облыс басшылығында да әйел адамдар ерлермен қатар еңбек етіп, ел мүддесі жолында аянбай жұмыс істеуде. Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова идеологиялық мәселелерге жауапты болса, аймақ басшысының тағы бір орынбасары — Әйгерім Қабылтаева кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану салаларына жетекшілік етеді.
Бұл ретте 22 ауылдың және 4 басқарманың басшысы әйел адам екенін де атап өткен жөн. Олардың қатарында облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина, облыстық әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Дисюпова, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Людмила Курманова мен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук бар. Жалпы, өңірде 535 басшылық лауазымды әйелдер атқарып отыр. Олар мемлекеттік қызметтің жүгі мен ошақ басындағы шаруаны қатар алып, елдік және отбасылық мәселелерді алға қойып келеді.
Осындай әйел адамдар білікті басшы, кәсіби маман ретінде еңбегімен көрініп қана қоймай, отбасында адал жар, аяулы ана, асыл әже де бола біледі. Жалпы, қазақ қоғамындағы әйел тек дәстүр мен отбасы ошағын сақтаушы емес, сондай-ақ ол еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық өміріне белсене араласады. Түздің де, үйдің де тірлігін ұршықша иіріп әкете алады. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атап өткен еді.
— Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді, – деген еді Президент.
Иә, әйелдер қауымы үшін қызметтің қай-қайсысы да таңсық емес. Олар білмегенін білуге, тәжірибесін толықтыруға ден қойып, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруға баса мән береді. Әсіресе, мемлекеттік қызмет саласындағы әйелдер қағаз-құжатқа тап-тұйнақтай болып, жобаларын уақытылы жүзеге асыруға да айрықша назар аударады. Олай болса, мемлекеттік қызмет саласындағы қыз-келіншектердің еңбегі әркез еленіп, әр ісі нәтижелі болсын деп тілейміз.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.