Павлодар қалалық білім беру бөлімінің «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы мен Малайсары батыр атындағы мектептің ұйымдастыруымен ұлттық ойындар фестивалі өтті.
Игі шараға облыс оқушылары белсенді қатысып, «Асық ату», «Ләңгі», «Серке тарту», «Бес асық», «Садақ ату» сынды ұлттық ойын түрлерінен өзара сайысқа түсті.
Жас буын арасында ұлттық ойындарды, құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен шара қызықты әрі мазмұнды өтті. Қатысушылар қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ойындарын ойнап, қарым-қабілеттерін сынады.
Сайыс қорытындысына тоқталар болсақ, «Асық ату» жарысынан I орынды Малайсары батыр атындағы мектеп оқушысы Мағауия Хасан иеленді. «Ләңгі» ойыны бойынша №2 мектеп оқушысы Тілеулес Елдан жеңімпаз атанды. «Серке тартудан» I орынды №18 мектептің 10-сынып оқушысы Захар Чекалкин жеңіске жетті. Ал «Садақ ату» бойынша І орынды тағы да Малайсары батыр атындағы мектептің шәкірті Расул Абдрахманов, «Бес асық» ойынынан Ж.Тәшенов атындағы мектеп оқушысы Сабина Темірханова алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталды.
Нұржайна ШОДЫР.