Шаруалар қолдауға ие!

Нау 13, 2025

Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша Ұлттық жобада көрсетілген межелерді іске асыру мақсатында облыста көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жуырда Ақсу қаласында өткен агрокеңес барысында көктемгі дала жұмыстарының дайындығы мен мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.

Агрокеңес алаңына Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы, жергілікті ауыл шаруашылығы субъектіле-рінің және республикалық қаржы институттарының өңірлік филиалдарының басшылары қатысты. Қала басшысы жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарымен бірге, алынатын өнім көлемі мен сапасы да тұрақты ұлғайып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, ол көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын баяндап, агроөнеркәсіп иелеріне мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.

— Облыстық мемлекеттік құрылымдардың, қаржы институттарының өкілдерімен және Ақсу өңірінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен агрокеңес өткіздім. Кеңес сұрақ-жауап форматында өтті. Мұнда ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары өз сұрақтарына жауап алып, мемлекет тарапынан бизнесті қолдау бойынша қандай бағдардарламалар жүргізіліп жатқанын білді, — деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, кездесуде «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жомарт Сембаев өткен жылы жергілікті аграрийлердің мүдделерін қорғауда бірқатар көмек көрсетілгенін айтып, биыл бұл мемлекеттік қолдау шараларының көлемі екі есе көбейгенін атап өтті.

— 2025 жылы «Бәйтерек» АҚ құрылымдық бөлімшелерімен кредиттеуге 38,6 млрд теңге, оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы — 18,6 млрд теңге, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы – 20 млрд теңге қарастырылған. Көктемгі егіс жұмыстарына кредит беру өткен жылдың қараша айынан басталды. Бүгінгі күні «Аграрлық несие корпорпциясы» АҚ арқылы 2,5 млрд теңгеге 44 кредит берілді, — деді ол.

Аталмыш агрокеңес барысында шаруалар несиелік серіктестіктер арқылы ақша алу кезінде қажетті танаптарды цифрландыруға, жүк тасымалдауға теміржол тарифтерін субсидиялау қажеттілігіне, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несиелеу сомасын шектеуге, субсидияланатын техникалар тізбесіне өздігінен жүретін комбайндарды қосу мүмкіндігіне байланысты сұрақтарын қойды. Кәсіпкерлер мен аграрийлердің сауалдарына түсініктеме беріліп, мәселелердің бір бөлігі жауапты мекеме басшыларымен назарға алынды.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.