Спорт кешені салынуда

Нау 13, 2025

Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылында заманауи талаптарға сай салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтермек. Қазіргі уақытта негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды.

Евгеньевка ауылдық округінің құрамына кіретін Үштерек ауылында 1667 адам тұрады. Бүгінде спортты серік еткен жергілікті тұрғындар мектептің спорт залында жаттығып, түрлі сайыстар ұйымдастырады. Мәдениет үйінің шағын бөлмесінде қазақ күресімен айналысады. Ал көктемнен қара күзге дейін елді мекендегі футбол алаңында доп қуып, асыр салады. Ал алдағы уақытта көпшіліктің игілігіне заманауи спорт кешені тапсырылмақ.

— Дене шынықтыру–сауықтыру кешенінің құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталды. Жоспар бойынша, биыл мамыр айында қолданысқа берілуі тиіс. Аталмыш жобаға қазынадан 410,5 млн теңге қарастырылды, — дейді Евгеньевка ауылдық округінің әкімі Аршат Халықов.

Қазіргі уақытта нысанда еден төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Тиісті істің барлығы аяқталып, кешен пайдалануға тапсырылған соң ауылдағы ағайын мұнда қазақ   күресімен айналысып, волейбол, футбол ойнай алады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.