«Миллиондар» тексеріледі

Нау 13, 2025

Ел арасында «декретке — миллионмен» деп аталып кеткен әдіс арқылы табысын өтірік көрсетіп, көбірек декреттік төлем алған әйелдерге тықыр таянды. Қазіргі таңда осындай 113 адамға қатысты 16 қылмыстық іс қозғалуда. Сондықтан мамандар болашақ аналарды адал болуға шақыруда.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, тек өткен жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,4 млн адамға 958 млрд теңге сомасына төлем жасалған.

— Қазақстанда бір ғана әлеуметтік төлемнің максималды мөлшеріне шектеу жоқ. Бұл — жүктілік және босануға қатысты төлемдер. Сондықтан жекелеген азаматтар жасанды түрде көп төлем алу үшін заңнаманы бұзды. Бұл осы жүйеге адал қатысып отырған адамдардың әлеуметтік аударымдарын қайта бөлуде әділетсіздікке әкеп соқтырады, — деді министр.

Айта кетерлігі, Қазақстанда осындай артық төлем алғысы келген 113 адамның мемлекетке 158,4 млн теңге залал келтіргені анықталды. Ал соңғы жарты жылдың ішінде 1,5 мыңға
жуық келіншек табысын артық көрсеткенін мойындап, сақтандыру қорына 3,4 млрд теңге қайтарған. Бұл бағыттағы тексеру жұмыстары жалғасатын болады, дейді мамандар.

Нұржайна ШОДЫР.