Май ауданында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Менің әкем — жұмысшы» тақырыбында оқушылар арасында эссе жазу байқауы өтті.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Еңсебаевтың сөзінше, байқаудың мектепішілік кезеңіне 100-ге жуық оқушы қатысып, үздік 11 жұмыс аудандық кезеңге жолданған.
— Қашықтан өткізілген эссе сайысына аудан мектептерінің 7-9-сынып оқушылары қатысты. Олар әкелерінің мамандықтары мен қызығушылықтары туралы жазды. Олардың қатарында теміржолшы, дәнекерлеуші, құрылысшы әкелер бар. Шығармаларда әкелердің жұмысбастылығы, мамандығының қыр-сыры жан-жақты баяндалады. Сол арқылы жұмысшы мамандықтарының бейнесін ашып, оқушыларды көркем сөзбен ойын жеткізу білуге дайындауды мақсат еттік, —
дейді ол.
Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздар жүлделі дипломдармен марапатталып, қатысқан барлық оқушыға Алғыс хат табысталды.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.