Маусым жеңіспен басталды

Нау 20, 2025

60 жылдық тарихи бар павлодарлық «Ертіс» футбол клубы биылғы чемпионатта бірінші лигада бақ сынайды. Жаңа бас бапкердің жетекшілігімен құрамы толық жасақталған жергілікті аяқ доп шеберлері алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Біздің жігіттер Қазақстан Кубогының іріктеу ойынында мықты қарсылас – қарағандылық «Шахтер» командасынан басым түсті.

Еске сала кетейік, биыл «Ертіс» ойыншыларын отандық спортсүйер қауымға есімі етене таныс футболшы, білікті бапкер Қайрат Нұрдәулетов жаттықтырады. Жаңа жаттықтырушы клуб тізгінін қолына алған соң бірқатар ауыс-түйіс жасап үлгерді. Былтырғы құрамдағы кей ойыншылардың келісімшарт мерзімі аяқталып, олар өзге командалар сапын толықтырды. Ал «Ертістің» қатарына жаңа ойыншылар қосылды. Олардың барлығы шетелде және Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізді.

Алдымен Қайрат Нұрдәулетов жаңарған құрамның «әуселесін» жолдастық матчтарда байқап көрді. Жергілікті футболшылар ойын жүйесін түзіп, жасыл алаңда барын салды. Айталық, павлодарлық клуб Шымкентте өткен жолдастық матчта «Арыс» клубын 2:1 есебімен жеңді. Бұл команда екінші дивизионда өнер көрсетеді. Бұл бақылау ойынында Максим Ваганов есеп ашып, «Ертісті» алға шығарды. Арада көп ұзамай арыстықтар есепті теңестіре білді. Командамыз басымдыққа ие болу үшін қарымта шабуылдарды үдетті. Нәтижесінде Максим Ваганов соққан доп тағы қақпадан табылды. Сөйтіп, дубльдің нәтижесінде павлодарлық команда жеңіске жетті.

Бақылау матчынан соң Қайрат Нұрдәулетов бастаған бапкерлік құрам жағдайды бағамдап, өзгерістер енгізіп, команданы маңызды ойын – Қазақстан Кубогының іріктеу кезеңіне дайындай бастады. Алғашқы қарсылас оңай шағылатын жаңғақ емес. Премьер-Лигада жоғары ойын өрнегін көрсетіп жүрген, жоғары дивизионда дес бермей келген қарағандылық «Шахтер» былтырғы чемпионат нәтижесі бойынша бірінші лигаға түсіп қалған еді. Сөйтіп, кезінде отандық футболда атағы дүркіреп тұрған екі команда бұл жолы бірінші лига қатысушылары ретінде жасыл алаңда кездесті.

Алматы қаласындағы «Хан Тәңірі» стадионында өткен бұл ойынды футболсүйер қауымның тағатсыздана күткені анық. Бірі жаңарған «Ертістің» биылғы бабын байқамаққа ниеттенсе, енді бірі басқасын былай қойғанда Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде ойқастап, Ұлттық құраманы Ұлттар лига-сының топтың кезеңінде үздік атануына зор үлес қосқан қақпашы Игорь Шацкийдің бірінші лигадағы аяқ алысын тамашалауға жиналды. Бірден айта кету керек, біздің ойыншылар қарсыластың қақпашысынан сескене қойған жоқ. Ойыншылар бас бапкер белгілеп берген 4-2-3-1 схемасы бойынша алаңға шықты.

Төрешінің ысқырығы шалынғаннан-ақ павлодарлықтар тізгінді өз қолдарына алу үшін барын салды. Алаң ортасында Тамерлан Ағыманов, Вячеслав Раскатов, Анатолий Красотин жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Даниил Нырков қарсылас тарап шабуылшыларын қорғаныс аймағына өткізбеу үшін барын салды. Айтпақшы, біздің қақпашы да осал емес. Павлодарлық футбол түлегі, тәжірибелі қақпашы Никита Калмыков сақ тұрды. Десе де, бірінші таймдағы қарымта шабуылдардың бірінде «Шахтер» командасы саңылау тауып, біздің қақпаға доп салды. Бірақ бұл гол есептелген жоқ. Сөйтіп, қос команда үзіліске тең есеппен тарқасты.

Екінші таймның алғашқы минутынан-ақ Қайрат Нұрдәу-летов шәкірттері шабуылға шықты. Ол бірден жемісін берді. «Ертіс» құрамында алғаш рет алаңға шыққан Максим Ваганов 46-минутта есеп ашты. Алайда «Шахтер» 84-минутта есепті теңестірді. Диас Қалыбаев соққан доп Никита Калмыковтың қақпасынан табылды.

Ал бұл іріктеу ойынынан тек бір команда келесі кезеңге өтуі тиіс. Сондықтан жеңімпаз пенальтилер сериясында анықталатын болды. Біздің команда сапында Федин, Ваганов, Добай мен Герасимов қазіргі қазақстандық футболдың мықты қақпашысы – Игорь Шацкийді қапыда қалдырып, қақпасына доп салды. Сөйтіп, пенальти сериясы бойынша «Ертіс» 4:3 есебімен алға шығып, Кубок үшін таласты ары қарай жалғастырды.

— Әрине, пенальти сериясына жеткізгіміз келмеді. Екінші таймда гол соққаннан кейін матч тізгінін қолымызда ұстадық. Ойынның соңғы минуттарында жинақы бола алмаған шығармыз. «Шахтердің» де осал қарсылас емес екенін айта кету керек», – деді ойыннан соң Қайрат Нұрдәулетов.

Айта кетейік, маусымның алғашқы кездесуінде Максим Ваганов, Тамерлан Ағыманов, Рауан Орынбасар, Анатолий Красотин, Нұрали Елемес, Әділхан Добай, Матвей Герасимов және Мирам Кикбаев дебюттік ойындарын өткізді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Суреттер «Ертіс» футбол клубынан алынды.