Жантас қазіргі таңда жанталасып, жұмыс істеуде. Өйткені, өзі қызмет ететін шаруашылық алдағы көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындалуда. Ал біздің кейіпкеріміз шаруа қожалығына қарасты барлық техниканың бүтіндігіне жауапты. Нақтысы, үзіліп, сынып кеткен тұсын дәнекерлеп, дайын етуі тиіс.
Жантас Теміртасов бала кезінен техникаға қызығып өсті. Өзі туып- өскен ауылы Тереңкөл ауданынына қарасты Песчан елді мекені көпшілікке жөндеу-механикалық зауытымен әйгілі. Кішкентайынан алып кәсіпорынның айналасында жүріп, көріп өскен соң болашақ мамандығын да дәл осы саламен байланыстыруды жөн көрсе керек. Сөйтіп, жұмысшы мамандықтар ұстаханасы — аудан орталығындағы аграрлық-техникалық колледжге оқуға түседі. Мұнда электр-газбен дәнекерлеуші мамандығын меңгереді. 2016 жылы колледжді бітірген соң бірден әскери борышын өтеуге аттанады. Бір жылдық әскери қызметін атқарған соң қайтадан туған ауылына келіп, еңбекке араласады.
— 2017 жылы Песчан ауылындағы «Алекпаров» шаруа қожалығына дәнекерлеуші болып жұмысқа орналастым. Содан бері осында еңбек етемін. Мұндағы ауыл шаруашылығы техникалары мен агре- гаттарды, бүкіл жабдықтарын дала жұмыстарына дайындаймын. Яғни, оларға техникалық қызмет көрсетемін, жөндеймін. Механикалық жабдықтарды құрастырамын, ретке келтіремін. Мамандығымнан жалыққан емеспін. Адам атқаратын жұмысын жақсы көрсе, ешқашан жалықпайды, өкінбейді. Өз ісімнің нәтижесінен рахат аламын, — дейді дәнекерлеуші Жантас.
Қай сала болсын, даму үстінде. Әрдайым жетіліп, заманауи тәсілдермен толығып тұрады. Мұны жақсы білетін Жантас Теміртасов ісінің барынша нәтижелі болуы үшін интернет әлемінен мықты мамандардың кеңесіне құлақ асады. Қолы босаған сәтте түрлі бейнежазбалардан лайфхактар көріп, күнделікті жұмысында пайдаланады екен.
Жантас мамандығының еңбек нарығында сұранысқа ие екенін жақсы біледі. Себебі, дәнекерлеу-шісіз ешбір өндіріс немесе құрылыс алға баспайды. Кез келген екі бөлікті бір-бірімен тігісін жатқызып, балқытып тұрып, білінбестей байланыстырып жіберудің бүгінде шебері болып алған. Күнделікті жұмысында шарқайрақ пен газды кескішін қолданып, ең нәзік жабдықтардың өзін дәнекерлеп, іске жарайтындай етеді. Қыста шаруашылықта бүкіл техниканы көктем-жаз, күз кезіндегі егін егу, жинау кезеңдеріне сайлайды.
— Техника болған соң тозады, сынады. Сондықтан, жазда да егіс даласында еңбек етемін. Қызметтік көлігім бар. Ішінде дәнекерлеуге қажетті барлық құрал-жабдық жайғастырылған. Егіс даласында жүріп, сынып қалған техниканы немесе бір құралды сол жерде-ақ жөндеп, үзіліссіз жұмысын жалғастыруына жағдай жасаймыз. Сегіз жылға жуық уақытта қолым үйренді. Күрделі байланыстардың өзінің ебін тауып аламын, — дейді мықты маман.
Бүгінде ұжымда еңбекқор, жауапты қызметкер ретінде ортасына сыйлы. Әр ісіне ұқыппен қарайтын Жантас дәнекерлеуші жауапкершілігі мол әрі барынша орнықты болуы керек деп санайды. Жұмысының сапасына мән береді. Жас болса да, саласының білгірі болып алыпты. Ол қиын да күрделі тапсыр- малардан қашпайды. Керісінше, оны ойдағыдай орындап шығуды мақсат етеді. Сол арқылы шеберлігін шыңдайтынын біледі. Жаңа құрал-саймандарды да қолданысқа енгізуді құп көреді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.