Әдеттегідей биыл да 1 сәуір күні 1-сыныпқа өтініш қабылдау басталады. Бұл науқан 31 тамызға дейін жалғасатын болады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Білім туралы» заңға сәйкес, ата-ананың өтініші бойынша 1-сыныпқа баратын бала 6 жастан бастап мектепке қабылдана береді. Құжаттарды мемлекеттік egov.kz электрондық үкіметі, жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы, сондай-ақ қағаз нұсқа түрінде де тапсыруға болады. Қажетті құжаттар тізіміне тоқталар болсақ, олар:
1) ата-ананың немесе заңды өкілінің өтініші;
2) №065-у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама және №052-2/у нысанындағы баланың денсаулық паспорты;
3) өлшемі 3х4 үлгісіндегі 2 дана сурет.
Ал шетел азаматтарын қазақстандық мектептерге қабылдау үшін олардың ата-аналары немесе басқа заңды өкілдері осы мемлекетте уақытша немесе тұрақты тұруы қажет. Себебі, олар мектепке Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығы туралы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы құжаттарды ұсына алады. Өтініштер демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейінгі аралықта қабылданады.
Айта кетерлігі, ағымдағы оқу жылында республика бойынша 351 176 бала 1-сыныптың табалдырығын аттаған. Олардың 70 пайызға жуығы жуығы мемлекеттік тілде оқуға ниет білдірген. Алдағы жаңа оқу жылында мектепке баратын балғындар қатары бұдан да артады деп болжануда. Павлодар облысы бойынша 12 мыңға жуық бала оқушы қатарына қосылады деп жоспарлануда.
Н.АҚЫТЕГІ.