Құстармен бірге ораларсың…

Нау 27, 2025

Есенкелді Жәнібек ақындық жолды 2021 жылы «Құс қанат ғұмыр» әдеби поэтикалық ұйымынан бастаған. «Ертіс толқыны», «Найзатас», «Saryarqa samaly» сынды өңірлік газет-журналдарда өлең-дері жарияланып келеді. Республикалық, облыстық мүшәйралардың жеңімпазы, көркемсөз ұйымының жетекшісі.

 

Сағынышта жатады екен қандай мән,

Тамылжытып, салмас енді таңдай да ән.

Сүйе алмадым ең соңғы рет, кеш, күнім,

Менің атым жазылмаған маңдайдан.

 

Жанарыңда болсын мейлі жан құрбан,

Қабағымда қараша мұң сан жылдан.

Мен күн кешкен кеудеңдегі жүректің

Тасасында тығыламын тағдырдан.

 

Жаныңдағы, жарасатын жат қалай,

Жүрген болар сезіміңді таптамай .

Дәрігерім сен болсаң да, күнім-ау,

Дәрілерің көмек бермей жатқаны-ай.

 

Бірақ,

Бірақ сендік, мұңдарымның жыры бақ,

Сен дегенде көбелек жыр құбылад.

Құспен бірге ораларсың көктемде,

Жанарыңа сағыныштар іліп ап.

 

Тұсауыңа байланады енді кім?

Күш ағымға бой бермессің сен бүгін.

Құса мұңға тығылатын жаныңды,

Құшағымда жылытайын, кел, күнім.

 

Сәдуақас Шормановқа арнау

 

Мен өзіңнен, зар заман, шөлдеп едім,

Басымды алып тынарсың көрге менің.

Заман өтіп барады, заман өтіп,

Айналдырып ұршықтай дөңгелегін.

 

Хан да өткен жалғаннан, қара да шын,

Алып қашып жүретін қара басын.

Қарсы шапты қасқайып бөрі ғұмыр,

Қазағымды қорқаулар талағасын.

 

Қорықпаған қоғамның шатағынан,

Шибөрінің көрінбей қатарынан.

Бөлтірігін бермеді қандауызым,

Алып кетіп дұшпанның апанынан.

 

Жалғанның жалындаған өрті бүгін,

Өжетсінер өзекте өлтіріп үн.

Батырлықтың байрағын көтерем деп,

Бөрі бүлік жасап жүр бөлтірігің.

 

Қилы заман аңсаумен жүр тағысын,

Санасыздың сыңсыған сылтауы үшін.

Сормаңдайлы қазағың жанын берер,

Шормандайын асылдың ұрпағы үшін.

 

Тыңдағанда алаштың ғұмыр әнін,

Қылқобыздай кеудемде құбылады үн.

Арланымды аңсаймын естігенде,

Ай астында көк бөрі ұлығанын…

«Жас Times» қосымшасын әзірлеген — Айдана ҚУАНЫШЕВА.