Биыл облыс орталығында абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, қала келбеті көріктене түспек. Сондай-ақ, қаланың бас жоспары шеңберінде жасыл белдеудің шекаралары айқындалып, ағымдағы жылы шаһар аумағында 20 мың ағаш, жапырақты және қылқан жапырақты көшеттерді отырғызу жоспарлануда.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында 2025 жылы облыс әкімінің қолдауымен Павлодар қаласында абаттандыру және көгалдандыру бағытында қандай жұмыстар атқарылатынын мәлім етті. Айтуынша, биыл абаттандыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Оның ішінде Лермонтов көшесін реновациялау, орталық жағалауды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары бар.
— Ағымдағы жылы облыс орталығындағы 17 шағын саябақ абаттандырылады. Бұдан бөлек, «Центральный» бағы және «Айналайын» саябағындағы субұрқақтар жөндеуден өтіп, іске қосылады. Тұрғын үй аулаларында да ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Мәселен, биыл 50 балалар ойын алаңы, 10 шағын футбол алаңы және 15 жаттығу алаңы орнатылады. Сонымен қатар, 107 аула, 13 білім беру және 3 медициналық мекеменің аулалары жөнделеді, — деп жазды ол.
Сондай-ақ, шаһар басшысы 2025 жылы Павлодар қаласын көгалдандыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Атап өтсек, биыл облыс орталығында 20 мың ағаш отырғызылып, 35 мың түп гүл егіледі.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.