Павлодар қаласында 120 мыңнан аса ағаш болса, оның 80 пайызға жуығы «қартайған». Ал мұндай ағаштар негізгі міндетін орындай алмайды. Осы мәселені шешу мақсатында облыс орталығында өткен жылы алғаш рет жөке ағашының 59 көшеті отырғызылды. Жасыл желекті «жаңарту» бағытындағы жұмыстар биыл да жалғасып, тағы бірнеше көшеге тал егілді.
Өткен сенбі күні облыс жұртшылығы сенбілікке шығып, тазалық жұмыстарына қатысты. Жалпыұлттық экологиялық акция облыс орталығында да өтті. Алдымен аймақ басшысы Асайын Байханов былтыр Астана көшесінің бойында алғаш рет отырғызылған жөке ағашының 59 көшетінің бүгінгі жайымен танысты. Атап өтерлігі, биыл жоспарға сәйкес шаһардың бірнеше көшесінің бойында қосымша 640 ұсақ жапырақты линденнің көшеті отырғызылмақ.
«Берегиня био» қоғамдық ұйымының жетекшісі, биолог Татьяна Пономареваның айтуынша, сала мамандары өткен жылы отырғызылған жөке ағашының көшеттерін тексерген. Оның басым бөлігінің бүгінгі жағдайы жақсы, бірақ кейбірі аздап зақымданған. Алдын ала жүргізілген сараптама олардың 100 пайыз өмір сүру деңгейін көрсеткен, бірақ нақты көрсеткіш 2-3 аптада ғана анықталмақ. Мамандар кішкентай жапырақты жөке ағашына ерекше назар аударады. Себебі басқа жерге отырғызғанда немесе кескенде төзімді болса да, жерсіну кезеңінде белгілі бір күтім мен тыңайтқыштарды қажет етеді.
— Павлодардағы қалалық саябақтар мен скверлерді қайта құру барысында тамыр жүйесі дамып жетілген көшеттерге басымдық беріледі. Бүгінге дейін мамандар осындай 360 ағаш отырғызды және жақын арада тағы 640 көшетті отырғызуды жоспарлап отырмыз. Тамырдың дамуын ынталандыру үшін өсімдіктер инновациялық препараттармен қоректенеді. Олардың бірі — микробалдырларға негізделген хлорелла мен хламидомоналар органикалық тыңайтқыш концентраты. Бұл сұйықтық ағаштың тез бейімделуіне көмектеседі. Препараттар сумен сұйытылып, кейін олармен көшеттер суарылады. Бұл технология Металлургтер алаңында қолданылады, — дейді Т.Пономарева.
Облыс әкімі Павлодар қала-сындағы ағаштардың көбі «қартайғандықтан» олардың белсенділігі төмендегенін және оларды жас көшеттермен алмастыру маңызды екенін атап өтті.
— Павлодар қаласында 120 мыңнан аса ағаш бар. Алайда олардың 75 пайызы шаһар құрылған кезде отырғызылған. Сонда бұл ағаштардың жасы 70-80-ге таяп қалды. Ал ағаштың негізгі белсенді мерзімі бар-жоғы 40-45 жылды құрайды. Осыдан кейін ағаш қанша уақыт жайқалып тұрса да өзінің басты міндетін орындай алмайды. Яғни, лас газды жұтып, одан таза ауаны өндіре алмайды. Сондықтан ескі ағаштарды кесіп, орнына жаңа көшеттерді отырғызуға мәжбүрміз. Бұл шараны қолға алмас бұрын жергілікті ғалымдардың кеңесіне сүйендік, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Кейін Асайын Байханов Павлодар қаласындағы көппәтерлі үйлердің аулаларында заманауи және қауіпсіз ойын алаңдарын құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Соңғы төрт жыл ішінде шаһарда 470-тен астам аула абаттандырылған. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Амановтың айтуынша, осы жылдың 1 маусымына дейін 18 балалар алаңы орнатылады. Бүгінде олардың 12-сі дайын. Жыл соңына дейін тағы 50 ауланы абаттандыру жоспарланған. Аталмыш жұмыстарға бюджеттен 669,8 млн теңге бөлінген. Ал келесі жылы шаһардың барлық ауласы ойын алаңдарымен толық жабдықталады. Сөйтіп, аталмыш бағдарлама бойынша жұмыстар жүз пайыз орындалмақ. Жаңа ойын алаңдары 14 ойын элементінен тұрады. Сонымен қатар, павлодарлықтардың өтініші бойынша элементтер жиынтығына қосымша әткеншектер мен дамытушы конструкциялар қосылған.
Облыс әкімі атқарылатын жұмыстардың барысымен танысып, өз мерзімінде аяқталуын талап етті.
Жалпыоблыстық сенбілік Астана көшесінің бойында көшеттерді отырғызу шарасымен жалғасты. Игі шараға аймақ басшысымен қатар зиялы қауым өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Одан бөлек, тазалық жұмыстары облыстың өзге де қала мен аудандарында ұйымдастырылды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.