Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткізілетін «Skills Map» атты жобаның маңызы зор. Кезекті кездесуге әлеуметтік желідегі аудиторияның қызығушылығын таба білген, қоғамда маңызы зор мәселелерді көтеріп, бүгінгі буынға үлгі болар блогерлер шақырылды.
Олар өңір жастарымен жетістікке жету жолдары, ондағы қызықты да қиын сәттерімен бөлісіп, әңгіме-дүкен құрады.
Аталмыш шарада суретші, музыкант, ақын, фотограф және дизайнер сынды әртүрлі бағыттағы өнерлі адамдар бас қосты. Олар шығармашылық ойлау қабілеттерін өмірлік іске айналдырып, қаражат табу, қиындықтарға төтеп беріп, күмәнға берілмей, қайта шабыт алатындығы жайлы ой бөлісті.
– Әлеуметтік желідегі парақшамды белсенді жүргізе бастағанда ауылдағы спортты көрсеткім келді. Бала кезімнен күреспен айналысып, осы күнге дейін бірнеше сайысқа қатысып үлгердім. Кейін жаттықтырушымен күрескен видеоны салып, алғаш рет көрерменнің ықыласына бөлендім. 4-5 ай аралығында жазылушылар саны артып, менің өміріме қызығушылық танытқан жастар қатары көбейді. Бүгінде трендтен қалмай, әртүрлі тақырыптағы рилстарды түсіруге тырысамын. Бірақ негізі ойым – спорт саласының қыр-сырын таныту, ауылдағы спорттың қарқынды дамып жатқанымен бөлісу. Басында сын көз болғанымен, мойымай алдағы уақытта әлі де белестерді бағындыра алатыныма сенемін, –
дейді блогер, спорт елшісі мен қоғам белсендісі Қайыржан Сұлтан.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шақы-рылған блогерлер өз тәжірибесімен бөлісіп, өз блогтарын дамытуға бет бұрған көрермендердің қызықтырған сұрақтарына жауап береді. Сонымен қатар, осындай диалогтық алаңнан кейін жастар жұмысқа орналасып, өз жолдарын табуына септігін тигізетінін айтты.
Салтанат ҒАББАС.