Өлкені таныту — үлкен үлес

Сәу 17, 2025

Жас ұрпақ тәрбиесі, жастардың дамуы күн тәртібінен ешқашан түспейтін, әрдайым қоғам назарында болатын мәселе екені анық. Өйткені, бұл — тұтас елдің келешегіне керек бағыт. Отанымыз үшін маңызды іспен, әлбетте, айналысатын  құзырлы орган бар. Ақыл-кеңес беретін аға буын бар. Десе де, үкіметтік емес ұйымдардың да бұл салаға үлес қосуға ұмтылуынан ұтылмасымыз сөзсіз.

Осыдан 17 жыл бұрын «Болашақ ұрпақ» қоғамдық жастар қорын құрып, белсенділік танытып жүрген екібастұздық Мәдина Махметова да елін сүйетін жастар тәрбиелеуді көздеген.

— Әу баста қорды жастар мен жастар ұйымдарының әлеуметтік құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында құрдық. Жалпы, жастардың әлеуметтік тұрғыдан толыққанды дамып, өздерінің мүдделері мен қажеттіліктерін іске асыруға қолайлы жағдай туғызуға ықпал етуді көздедік. Негізгі қызметімізді облыс аумағында, негізінен, Екібастұз қаласында асырып келеміз. Алып кәсіпорындар орналасқан шаһарымызда жастарды кәсіби бағдарлаудың, олардың жұмысқа орналасуының да маңызды екенін жақсы білеміз. Бұл бағытқа да маңыз беріп келеміз, — дейді қордың директоры Мәдина Серікқызы.

Үкіметтік емес ұйым жастармен ғана шектеліп қалмаған. Көпбалалы отбасылардың балаларын мектепке даярлауға да атсалысуда. Экологиялық мәселелерге де үн қосуды жөн санайды. Қоғамда жастар саясатын барынша насихаттаудың болашағымыз үшін орны бөлек, дейді қор басшысы. Жағымсыз әдеттен ада, дені сау ұрпақ қалыптасуы жолында да аянып қалмақ емес.

— Халқымыздың рухани мұрасын насихаттау бүгінде маңызды бағыттардың біріне айналды. «Отан неден басталады?» деген риторикалық сұрақты әркім өзіне қояды. Әлбетте, туған өлкеңнен басталады. Міне, осы өлкеге деген ерекше сезім, қамқорлық, мәдени түптамырыңа, халқымыздың салт-дәстүріне құрмет, бәрі – әркімнің бастапқы мәдени-генетикалық коды. Сондықтан, мемлекет пен қоғамның негізгі міндеттерінің бірі — жастардың бойында патриоттық рух, азаматшылдық, Отанының тағдырына деген жауапкершілік сезімдерін сіңіру. Осы орайда әркім өзі өсіп-өнген мекеніне қамқорлық таныта алса, бұл — шынайы патриотизмнің бастау алғаны деп білемін. Бар мұрамызды аға буыннан жас ұрпаққа беруге, жан-жақты дәріптеуге біздің тікелей қатысымыз барын сезінуіміз керек. Ұлттық құндылықтарымызға бейжай қарамайтын азаматтарды тарту арқылы қоғамдық сананы түбімен өзгертуге тырысуымыз қажет, — дейді Мәдина Махметова.

Бұл ретте, қоғамдық қордың жетекшісі әрбір жас азамат өзінен бастау керек деп есептейді. Тіпті, жұмысына, айналасындағы адамдарға, туған өлкесіне, аға буынға деген қатынасы арқылы да қоғам дамуына үлкен үлес қоса алатынын білсе дейді. Мәдина Серікқызы жастар тәрбиесінде ата-бабамыздың тарихи-мәдени мұрасын сақтау, туған жеріміздің салт-дәстүрі, тарихы мен мәдениетін жаңғырту басты бағыт болуы тиіс деген пікірде.

— Қазақстан жастардың рухани-адамгершілік дамуына көп көңіл бөлуде. Ол бекер емес. Еліміз тамылжыған табиғатқа, тарихи-мәдени ескерткіштерге, сакралды, рухани, киелі жерлерге бай. Ал оларды, өкінішке қарай, жастардың бәрі біле бермейді. Жастар ата-бабасының түп-тамырымен, әдет-ғұрыптарымен, туған өлкесінің тарихымен етене таныс емес. Қорымыздың қызметінің бір бағыты соңғы уақытта осы мәселелерді шешуге бағыт-талған. Бұл жұмыстарымызды күшейте түспек ниеттеміз, — дейді қор директоры.

Яғни, Мәдина Серікқызы туған өлкесінің бар рухани, мәдени, табиғат байлығын өскелең ұрпаққа таныту да қоғамға қосқан үлкен үлес деп санайды. Барымен мақтана алу, біле жүру, жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімін оятады.

Осы орайда, 2023-2024 жылдары қор қолға алған бірқатар өзге де жобаларына тоқталсақ, «Армандар орындалады» жобасы шеңберінде онкологиялық сырқатқа шалдыққан балаларға жәрдемдескен. Сонымен қатар, қор көпбалалы отба-сыларға көмек және мектепте дайындық сынды жобаларға да белсене атсалысқан. Бірқатар жобалар шеңберінде еріктілердің көшпелі отырыстарын, сакралды, рухани, тарихи мекендерге туристік сапарлар ұйымдастырған. Тарихи-мәдени мұра-ларды қорғау тақырыбы бойынша мемлекеттік органдарға бейнематериалдар, оқулықтар, ұсыныстар әзірлеген екен. Жалпы, соңғы екі жылдың өзінде 1 мыңнан астам отбасыға шұғыл көмек берген.

Қордың атқарып жүрген жұмыстары құзырлы министрлік тарапынан да елеусіз қалмаған. Өткен жылдың желтоқсанында Мәдениет және ақпарат министрлігі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын бағалап, арнайы байқау өткізген. Осы байқауда екібастұздық «Болашақ ұрпақ» қоғамдық қоры тарихи-мәдени мұраларды қорғау бағытында үздіктер қатарынан көрінген.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.