Қандай мамандар сұранысқа ие?

Сәу 24, 2025

Өндірісті өңірімізде жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс артуда. Айталық, аймағымызға алдағы 5 жылдың ішінде 64 мыңнан астам кадр қажет деп болжануда. Бұл мәселе қалай шешімін таппақ? Жалпы, жұмысшы мамандықтар жылы аясында қандай іс-шаралар жоспарлануда? Осы және өзге де сұрақтарымызға жауап алу үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самал Қанатқызы Қадыровамен блиц-сұхбат жасаған едік.

— Самал Қанатқызы, Жұмысшы мамандықтар жылына орай басқарма тарапынан қандай іс-шаралар қолға алынуда?

— Осы жылдың басында аймақ басшысы Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Сол бойынша біздің басқарма да өз міндетін атқаруда. Атап айтар болсам, облыстық еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушілермен бірлесіп, өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарының базасында жұмысшы мамандықтарына қатысты тақырыптарда диалог алаңдарын ұйымдастыруда. Сондай-ақ, жыл басынан бері 600-ден астам соңғы курс студенттерін қамтыған 8 кездесу өтті. Аталмыш шаралар барысында қатысушыларға оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу бойынша ұсыныстар беріліп, еңбек нарығындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, өңір жастарын еңбекке тарту үшін қалалар мен аудандардағы Мансап орталықтары бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастырумен айналысуда. Ағымдағы жылы жұмыссыз жандарға, соның ішінде жастарға арналған 38 осындай жәрмеңке өтіп, 1500-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Оған 1717 адам қатысып, олардың 105-і тұрақты жұмысқа, 96-сы субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мансап компасы» платформасын іске қосқанын да айта кеткен жөн. Жаңа платформа мектеп оқушыларына болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда онда 400-ден астам сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат қолжетімді. Негізі, «Мансап компасы» мемлекеттік дерекқорлар арқылы түлектердің нақты жұмысқа орналасу үлесі мен жалақы көлемі, бөлінетін гранттар саны және үміткерлер туралы мәліметтерді ұсынады. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін Электрондық еңбек биржасында өндірістік тәжірибеден өту орнын таңдауға мүмкіндік беретін жүйе жұмыс істеуде. Соның көмегімен студенттер тәжірибе өтумен қатар, сол кәсіпорында жұмыс та таба алады. Бүгінгі таңда облыс бойынша 42 жұмыс беруші тәжірибеден өту үшін 79 бос орын жариялады.

Биылдан бастап «Жастар практикасы» жобасы аясында жас мамандарды даярлау үшін тәжірибе өтетін орындардан тәлімгерлер тарту тетігі де енгізілуде. Қазіргі уақытта 190 қатысушыға тәлімгерлер бекітілді.

— Біздің өңірде қандай жұмысшы мамандықтар сұра-нысқа ие және кадр мәселесі қалай шешілуде?

— Аймағымызда 2025-2030 жылдар аралығында кадрларға деген сұраныс 64,5 мың адамға дейін жетеді деп болжанып отыр. Оның 76 пайыздан астамы, яғни шамамен 49,2 мың адам кәсіби-техникалық білім алған мамандар болып табылады. Сұранысқа ие мамандар қатарында арнайы техниканың жүргізушілері, дәнекерлеушілер, құрылыс саласы және техникалық бағытта еңбек ететін жұмысшылар бар. Осы мәселені шешу үшін талдау жасалып, соның нәтижесінде білім гранттарын бөлуге тапсырыс беріледі. Еңбек нарығына қажетті мамандар дайындалады. Сонымен қатар, бұл мәселе ауылдық жерлерде көші-қон бағдарламасы (оңтүстік тен солтүстікке) арқылы да оң шешімін табады деген үміттеміз.

— Жұмысшы мамандарын қайта даярлауға немесе біліктіліктерін арттыруға бағытталған курстар бар ма?

— Жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді оқыту маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осы жылы кәсіби қысқа мерзімді оқыту курстарымен 425 адамды қамту жоспарлануда. Сондай-ақ, биыл Skills Enbek платформасы арқылы онлайн оқытумен 2000 жұмыссыз азаматты қамту көзделген. Оқу біткен соң оларға курсты сәтті аяқтағаны туралы сертификат беріледі. Қазіргі таңда Skills Enbek платформасында жаңа дағдыларды игергісі келетін немесе біліктілігін арттыруды мақсат еткен кез келген азамат үшін 858 курс қолжетімді, оның ішінде 311 курс тегін ұсынылады.

Ең танымал курстар қатарында мобилограф, сату менеджері, визажист және копирайтинг саласы бар.

— Аймақта жұмысшы маман-дарға сұраныс жоғары екенін атап өттіңіз. Ал оның үлесі
қанша екені жайлы талдау жасала ма?

Әрине, бұл мәселеге қатысты жыл сайын статистикалық деректерді модельдеу және талдау жасалып тұрады. Сол бойынша алдағы уақытта жұмыс күшіне сұраныс жыл сайын 10-11 пайызға өседі деп күтілуде. Атап айтқанда, 2025 жылы — 11 029, 2026 жылы — 11 248, 2027 жылы — 11 043, 2028 жылы — 10 087, 2029 жылы — 10 252, 2030 жылы 10794 адамға қажеттілік бар деп жоспарлануда. Ал ең көп сұраныс болатын салаларға тоқталсақ, өнеркәсіп — 17,8 пайыз, көлік және қоймалау — 14,6 пайыз, қызмет көрсету — 11,3 пайыз, білім беру – 9 пайыз, денсаулық сақтау –7 пайыз және басқа салалардың үлесі 40 пайызды құрап отыр.

— Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.