Жерлестердің ұмытылмас ерлігі

Сәу 24, 2025

Павлодарда «Павлодарлықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі: Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың жауынгерлік жолы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Онда Ұлы Отан соғысындағы жеңіске Павлодар өңірінен аттанған майдангерлердің қосқан үлесі туралы айтылды. Сондай-ақ, ер азаматтармен қатар қолдарына қару алып, Отан үшін от кешкен нәзік жандылар ерлігі де әспеттелді.

Конференцияның шымылдығын облыс әкімі Асайын Байханов ашып, жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры М.Қайырба-евтың соғыс кезіндегі ерлігін және одан кейінгі ел өмірін жақсартудағы еңбегін атап өтті. Аймақ басшысы батырдың жары Сәбира Әмірқызына арналған
сый-сыяпатын ұлына табыстады.

— Ұлы Жеңіс — бүкіл адамзаттың жадында мәңгі сақталатын ерекше тарихи оқиға. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыр бабаларымыздың ерлігін ұлықтау — біздің асыл парызымыз» деген болатын. Сол себепті бүгінгі кездесудің мәні мен мағынасы зор. Майдандағы ерлігі үшін 36 жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылды. Солардың бірі — Махмет Қайырбаев атамыз. Ол — халқына адал қызмет еткен алып тұлға. Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі мен ел игілігі үшін атқарған еңбегі — біз үшін баға жетпес қазына. Осы ерлігі мен еңбегі үшін Павлодар қаласында, Ақтоғай, Аққулы Шарбақты, Май аудандарында көшеге есімі берілген. Сондай-ақ, Ақтоғай ауданында бір мектеп батыр атымен аталады. Біз батыр бабаларымыздың алдында мәңгі қарыздармыз, — деді Асайын Қуандықұлы.

Сонымен қатар, Махмет Қайырбаевтың ұлы Қайрат Қайырбаев, Әл-Фараби атындағы қазақ Мемлекеттік универ-ситетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Қалыш, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Юрий Поминов, «Astana IT University» колледжінің тарих мұғалімі Бағнұр Тәсібек, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Серік Аманкелдіұлы және басқа да тарихшылар, зерттеушілер соғыс жылдарындағы павлодарлықтардың ерлігі жайында баяндама жасады.

Тарихшылардың пайымынша, Қазақ-станнан соғысқа аттанғандардың 40 пайызы әйелдер болған. Олар түрлі салада еңбек етіп, Кеңес Одағының жеңіске жетуіне үлес қосты.

— Ұлы Жеңіс жолында ер адамдардан бөлек әйел адамдар да үлкен ерлік көрсетіп, қыруар жұмыс атқарды. Мен осы тақырыпты көп зерттедім. Тарихшылардың зерттеуінше, тарихта ешбір елде және ешбір уақытта КСРО әйелдері сияқты жанқиярлықпен еңбек етіп, ерлік жасаған әйелдер жоқ. Соғыс кезінде ерлік көрсеткендердің қатарында қазақ әйелдері де көп болғанын білеміз. Олар майдан даласында ғана емес, тылда еңбек етіп те жеңіс жолын жақындатты. Олардың көбі 18-23 жас аралығында болған. Олардың қатарында Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды батыр қыздарымыз бар, — деді өз баяндамасында «Astana IT University» колледжінің тарих мұғалімі Бағнұр Тәсібек.

Шара барысында батырдың 100 жылдығына арналған «Еңселі ерлер ерлігі» атты облыстық эссе конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Жүлдегерлердің қата-рында Ақтоғай ауданы Махмет Қайырбаев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Дария Бәкібаева бар.

— Кішкентайымнан Махмет Қайыр-баевтың ерлігі жайында естіп өстім. Батырдың есімін арқалаған мектепте оқу –  үлкен мәртебе. Біз бұл есімге  оқуда да, спортта да тырысамыз. Мен баскетбол секциясына қатысамын және біздің команда жыл сайын Махмет Қайырбаевты еске алуға арналған облыстық турнирде бақ сынайды. Бірнеше рет жеңімпаз атандық және әрбір ойында алаңға дайындықпен шығамыз. Бүгін осындай конференцияға қатысу да — үлкен абырой. Махмет Қайырбаев – ерліктің, рухтың және Отанға деген сүйіспеншіліктің символы, — дейді ол.

Жыл басынан бері аймақта М.Қайырбаевтың 100 жылдығына арналған бірқатар іс-шара өткізілуде. Ардагердің ұлы Мұрат Қайырбаев мерейтойға орай әкесінің жауынгерлік және өмір жолдарын баяндайтын кітап шығарып, «Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевқа — 100 жыл» естелік медалі әзірленді.

Т.САХАБА.