«Жаs times» жастар қосымшасының тұрақты авторларының бірі Камила Бейсембай оқырмандарға шетелден сәлем жолдайды. Торайғыров университетінің 3-курс студенті «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы аясында Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласында білімін жетілдіріп жүр. Талантты студент ТМД елдерінің бірінде білім алуды өзі таңдаған. Оқуға келгелі 3 айдың ішінде Бакудегі студенттермен тіл табысып үлгергенін айтады.
— Болашақ мамандығым – журналист. Қазір студенттерге мемлекет білім алу үшін жағдай жасап отырғаны қуантады. Торайғыров университетінің сайтында серіктес мемлекеттің жоғары оқу орындары жазылған. Шетелге алғашқы сапарым болғандықтан Әзербайжан республикасын таңдадым. Ағылшын тілін жетік меңгергенмін. Бірақ мұндағы сабақ орыс тілінде өтуде. Оқуға биыл ақпан айында келген едім. Шілде айында Отаныма қайтамын. «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы арқылы жарты жыл көлемде өзге мемлекетте, шетелдің түкпір-түкпірінен жиналған студенттермен бірге білім алу бәріне бірдей бұйыра бермейді. Бағым жанды деп айта аламын, — дейді талантты студент.
Камила Бейсембай маусым айында емтихан тапсыратынын айтты. Оның сөзіне сүйенсек, Баку қаласының оқытушылары студенттермен кері байланысты мықты орнатқан. Ұстаздар қауымы студенттердің оқу үлгеріміне, тақырыпты меңгеру қабілетіне ерекше ден қояды.
— Бұл елдің студенттері өз ойын ашық жеткізеді. Профессорлар да әрқайсысымен кері байланысқа
асық тұрады. Тұрғындары өте мейірімді екенін аңғардым. Жомарт жандар да жетерлік. Көмек сұрағанда ешқайсысы қарсылық білдірмейді. Бір топта оқитын студенттердің бәрімен доспыз, — дейді Камила Бейсембай.
Камила Бакуде болашақ журналистерге осы саланың мамандары ғана сабақ беретінін айтты. Теорияны ардагер журналистер оқытса, тәжірибені БАҚ-та еңбек етіп жүрген кәсіби журналистер жүргізеді екен.
— Журналистика саласының қазанында қайнаған жандардың дәрісін тыңдай бергің келеді. Журналист болып еңбек етіп жүргендіктен бәрі жан-жақты. Телеарна мен газет, радиода еңбек етудің ерекшелік-терін ашып айтады. Мұндай тәжірибе еліміздің оқу орындарына да енгізілсе деген тілегім бар. Өйткені журналист мамандығының студенттеріне көп жағдайда тәжірибе жетісе бермейді, — дейді болашақ журналист.
Камила Баку қаласында жатақханада тұрып жатқанын айтады. Университет сырттан келетін студенттерді тегін орналастырады екен. Оқуға да ақы төленбейді. Камила өзге елде жүрсе де ай сайын шәкіртақы алып жүргенін атап өтті. Сондықтан осындай мүмкіндікті барлық студенттер пайдаланса деген тілегін жеткізді.
Болашақ әріптесімізге біз де толағай табыс тілейміз. Талабың шыңдала берсін!
А.АСҚАРҚЫЗЫ.