Жеке үлгімен тәрбиелеген дұрыс

Мам 15, 2025

Жыл сайын 15 мамыр күні Халықаралық Отбасы күні атап өтіледі. Соңғы жылдары елімізде ұмыт болған дәстүрлер қайта жанданып, отбасы құндылықтарына зор мән берілуде. Бүгінде әр отбасы өзіндік дәстүрлерін құрастырып, қоғам санасына тиімді ықпал етіп келеді. Осы орайда қоғам белсендісі, көпбалалы отбасы тірегі, облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбаймен әңгімелестік.

Қазіргі таңда отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды, отбасы мен некенің маңыздылығын қолдауға байланысты түрлі шаралар өткізіледі. «Отан отбасынан басталады» демекші, шаңырақ көтерумен қатар, бір-біріне сенім, шыдамдылық, түсіністік пен қолдауға негізделген әлемді қалыптастырған жөн.

Қоғам белсендісі, мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай — бес баланы тәрбиелеп отырған қамқор әке, адал жар, отбасындағы бірлік-берекенің сақтау жолын білетін ер-азаматтардың бірі.

– Отбасының негізгі құндылықтары – бірлік, сыйластық, жауапкершілік, ең бастысы — махаббат пен сүйіспеншілік. Отбасын сақтау үшін алдымен балаларға үлгі болатын ата-аналар бір-бірімен ашық сөйлесіп, тыңдай білу, қалыптасқан дәстүрді жалғастыру керек. Ер мен әйелдің арасында жауапкершілігі тең болғаны дұрыс. Бала тәрбиесінде ұстанатын қағидаларымның бірі – дауыс көтеріп, қатаңдық таныту арқылы тәрбиелегенді жат көремін. Керісінше өзімді тәрбиелеп, балаларыма үлгі болғым келеді. Осы уақытқа дейін шылым шегіп, ішімдік татып көрмегенмін. Оның да есейіп келе жатқан балаларыма әсері тиеді деп ойлаймын. Жұбайым екеуіміздің балаларға үлгі боларлық дәстүрлеріміздің бірі – кешкі уақытта қал-жағдайын сұрап, қызық та қиын жағдайларымен бөлісуін күтеміз. Одан бөлек, кез келген қиындыққа тап болған сәтте әрдайым сырымен бөлісіп, жасырмай, дос ретінде ақылшы бола алатынымызды көрсетуге тырысамыз, – дейді Асылбек Туғанбай.

Сондай-ақ, қоғам белсендісі бүгінгі балалардың танымы, көзқарасы өзгеше, осыған сәйкес тәлім-тәрбиенің де ерекшеліктері бар, заман озып, технологиялардың озық дамуы кезеңінде олардың оң не теріс ақпараттарын қадағалап, рухани, әлеуметтік маңызы зор бағытты таңдауына ықпал етуіміз қажет екенін атап өтті.

Отбасы – қоғамның іргетасы. Аталмыш институттың берік құрылуы еліміздің болашағына әсер ететіні рас. Сол себепті ұлт тірегі отбасы құндылығы қашанда алдыңғы қатарда. Кез келген жанұяда әкенің де, ананың да орны бөлек. Отбасының ажары әйел адам аналық жылуын сыйласа, әкесі қамқорлығын білдіреді.

Салтанат ҒАББАС.