Жаз шыға кез келген елді мекенде құрылыс, жөндеу, абаттандыру жұмыстары қыза түседі. Мұндай қарбалас қазір Павлодар қаласында да байқалады. Абаттандыру, жөндеу жұмыстарының барысымен аймақ басшысы Асайын Байханов арнайы танысып шықты.
Алдымен аймақ басшысы ауқымды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан Лермонтов көшесіне барды. Бұл көшенің ұзындығы 2,2 шақырымды құрайды. Қайта жаңарту шараларымен қамтылатын аумақ – 13,3 гектар. Урбанистердің қатысуымен жасалған жоба шеңберінде көше мәскеулік арбат үлгісімен жаяу жүргіншілер променадына айналмақ.
— Павлодарда алғаш рет асфальтты ғана ауыстыру емес, кешенді абаттандыру жүргізілуде: үйлердің қасбеттері, бағдаршамдар жаңартылуда, жаяу жүргіншілер жолдары, жарықтандыру, веложолдар, демалыс аймақтары, құрғақ субұрқақтар, арт-нысандар құрылуда және автоматты суару жүйесімен көгалдандырылуда, — деді Асайын Қуандықұлы.
Жобаның мақсаты – инфрақұрылымды жаңартып қана қоймау, сонымен бірге қаладағы кеңістікті пайдалануды қайта ойластыру. Бұл ретте, жаяу жүргіншілерге, қозғалысы шектеулі азаматтар үшін, автокөлік жүргізушілері үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға басымдық берілген. Алайда, облыс әкімі кез келген өзгерістің дау туғызатынын да жоққа шығармайды.
— Жолдың ені кішірейіп, тұрақтар қысқарады деген қауіп бар. Алайда, басты міндет — жайлы және қауіпсіз қалалық орта құру. Бұл ретте барлығының, яғни, жаяу жүргіншілердің, көлік жүргізушілерінің және бизнестің мүдделері ескеріледі. Жол төрт жолақты (7 м) болып қалады, 345 көлікке арналған 27 тұрақ сақталады, бірақ нормативтерге сәйкестендіріліп, перпендикуляр бағыттан параллельге ауыстырылады, — дейді аймақ басшысы.
Өңір басшысы шешілмейтін мәселе болмайтынын атап өтті. Айтуынша, көшеде барлығы 345 көлікке арналған 27 тұрақ болады. Әрбір бизнес нысаны үшін бөлек тұрақ жасау мүмкін еместігін де ескертті. Бірақ, кәсіпкерлердің мүдделері ескерілетінін айтты.
Көшеде 10 балалар, 6-7 спорт алаңы орнатылады. 5 мыңнан астам көпжылдық көшет, 300-ден астам ағаш отырғызылмақ. Ағаш-гүлдерді суаруға арналған жүйе де ойластырылған. Аймақ басшысы жаяу жүргіншілер жолын ең бірінші бітіруге мән беруді тапсырды. Яғни, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайсыздық туғызбау керек.
Бұдан кейін аймақ басшысы Назарбаев даңғылы мен Сұрағанов көшесіндегі жолдарды орташа жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Мұндай жұмыстар биыл қалада 37,3 шақырым болатын 15 магистралдық көшеде жүргізілуде. Алғаш рет қиыршық тас-мастикалық асфальт-бетон қолданылуда. Ол — температураның өзгеруіне төзімді және аймақтың ауа райына бейімделген берік материал.
Сонымен қатар, бұрын тек топырақ жамылғысы болған 17,2 км жеке сектор көшелеріне асфальт төселмек. Жұмыстар Элеватор және МДС шағын аудандарындағы 22 көшені қамтиды. Сондай-ақ, қаланың 14 көшесінде бұрын-соңды болмаған 15,2 км жаяу жүргіншілер жолы салынады. Мұнда Ворушин, Щедрин, Толстой, Роза Люксембург, Жібек жолы көшелері, Суворов зираты ауданы, Теміржолшылар мен Элеватор шағын аудандары қамтылмақ. Аймақ басшысы барлық жөндеу жұмыстарын шілде айының ортасына дейін аяқтау жоспарланғанын атап өтті.
Облыс әкімі Асайын Байханов биыл жылу желілерінде анықталған ақаулар да мерзімінен бұрын жойылғанын, нәтижесінде бүгінде көппәтерлі үйлердің 99%-дан астамын ыстық сумен қамтамасыз ету мүмкін болған. Қазіргі таңда тек 21 ғана көпқабатты тұрғын үй ыстық сусыз қалып отыр. Олардағы жұмыстар ағымдағы аптаның соңына дейін аяқталады.
Жалпы, аймақ басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жұмыстардың қарқыны мен сапасы көңілінен шыққанын жазды. Осы қарқынды бәсеңдетпей, жалғастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, облыс басшысы ұзақ уақыт бойы жаңартуды қажет еткен, қаладағы жалғыз автодромның күрделі жөндеу жұмыстарын да тексеріп шықты. Қайта жаңғырту жұмыстарына облыс бюджетінен 682 млн теңге бөлінген. Жұмыстар аяқталғаннан кейін мұнда болашақ көлік жүргізушілері тәжірибелерін шыңдай алады. Аймақ басшысы бұл жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өте маңызды екенін атап өтті.
Мұнда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы алаңға барынша ұқсас оқу аумағын құру көзделген.
Айта кетейік, 9,3 гектар автодром аумағына 23 мың шаршы метр асфальт-бетон төселеді. 160 жарық бағаны және 160 жарық диодты шам орнатылмақ. Жарықтандыруды қарастырып, жүргізушілердің түнде де жүріп үйренуін қамтамасыз ету ескерілген. Автодром аумағын қоршап, бақылау-өткізу жолын орнату жоспарланған. 132 жол белгісі, 4 бағдаршам, 4 бейнебақылау камерасы орнатылады. Мұның бәрі жүргушілердің көлік жүргізу тәжірибесін мықтап меңгеріп, жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында қолға алынып отыр. Автодром маусым айының ортасында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Г.МАҒЖАН.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.