Ай мен Күннің айтысы

Мам 22, 2025

Бір күні Ай мен Күн кездесіп, қайсысы маңыздырақ екенін талқылай бастады.

Күн: «Менің жарығымсыз ештеңе өспейді, тіршілік болмайды. Адамдар мен жануарлар менің жылуыммен қоректеніп, өмір сүреді. Мен таңертең шыққанда бәрі оянады, тіршілік басталады. Мен болмасам, әлем суық, қараңғы болып кетер еді. Сенің қандай пайдаң бар?» — дейді.

Сонда Ай: «Дұрыс айтасың, Күн. Сен жарық пен жылу бересің, тіршілікке қажетті нәрселерді сыйлайсың. Бірақ сенің нұрың тым күшті, кейде адамдар сенен жасырынады, ыстық күндері көлеңке іздейді. Ал мен түнгі аспанды әсемдеп, жұмсақ жарық сыйлаймын. Мен болмасам, түн мүлде қараңғы болар еді. Ал адамдар түнгі тыныштықтан қорқар еді. Сен демалып жатқан кезде, мен жол көрсетемін. Теңізшілер, саяхатшылар менің сәулем арқылы бағытын табады», — дейді.

Күн қарсылығын білдіріп: «Бірақ сен өз жарығыңды таратпайсың ғой! Сенің сәулең — менің нұрымның шағылысуы. Егер мен жарқырамасам, сен де  көрінбес едің. Сен менің арқамда ғана жарқырайсың!» — дейді.

Кейін Ай: «Рас, мен сенің жарығыңды ғана көрсетемін. Бірақ сен мені күндізгі аспаннан көре аласың ба? Ал мен түнде қараңғы аспанда жалғыз өзім нұрымды төгемін. Сен жер бетіне жылу мен жарық берсең, мен түнгі тыныштықты, салқындықты сыйлаймын. Менің арқамда табиғат тынығады, адамдар мен жануарлар ұйықтап, күш жинайды. Мен болмасам, түн тым қараңғы болып, барша тіршілік үрейленіп қалар еді», — дейді.

Күн келіскендей болып: «Айтқанында шындық бар екен. Сенсіз түн мүлде қараңғы болар еді. Адамдар күндіз менің жылуыммен қуат алса, түнде сенің жарығыңмен тынығады. Демек, біз екеуіміз бір-бірімізді толықтырады екенбіз», — дейді.

Ай оған қосылып: «Дәл солай, Күн! Табиғаттың заңында әр нәрсенің өз орны бар. Біз бір-бірімізді алмастыра алмаймыз. Бірақ бірге бүкіл әлемнің тепе-теңдігін сақтаймыз», — дейді.

Осылайша, Күн мен Ай айтысты тоқтатып, екеуі де өздерінің маңызды екенін түсінеді. Содан бері олар ешқашан таласпай, айтыспай, табиғат заңына бағынып, аспан әлемін кезек-кезек жарықтандырып тұрады екен.

Диляра ДӨЖКЕНОВА,

Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектептің 5-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.