Павлодардан – Мадридке!

Мам 29, 2025

Жерлесіміз — «Реал Мадрид» клубындағы алғашқы қазақ

Павлодар облысының тумасы Альбина Бунеску –
Испаниядағы беделді Real Madrid Graduate School –
Universidad Europea университетіне оқуға түскен тұңғыш қазақстандық. Ол магистратурада спорттық маркетинг саласы бойынша білім алады. Сонымен қатар, өз тобында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықтылардың қатарынан үздік шәкірт атанып, атақты «Реал Мадрид» клубында қызметін бастады.

Білімге деген құштарлық

Альбина – маркетинг саласында 13 жылдық тәжірибесі бар білікті маман. 2008 жылы Павлодар қаласындағы мектепті тәмамдаған соң Алматыға білім қуып барып, КИМЭП университетінде маркетинг саласы бойынша жоғары білім алды. Бастапқы 8 жылда түрлі компанияда қызмет етсе, кейін жеке маман ретінде ірі кәсіпорындарға өз қызметін ұсынды.

Ол өзінің білімін толықтырып, біліктілігін шыңдап, өз-өзін дамытуға, жаңа тәжірибені меңгеруге ерекше көңіл бөледі. 2016 жылы түрлі бағыттан тұратын маркетинг саласының спорттық тұсын жетілдіруді қалап, осы бағытта еңбек ете бастады. Бірақ марафон ұйымдастырушыларға идеяларын айтып, ұсыныс жасай барғанда ешқайсысы оның бастамаларын құптай қойған жоқ. Қызығушылық та танытпады. Сол тұста Альбина спорттық шараны өзі ұйымдастыруға бел буады.

— Сөйтіп, 2016 жылы елордада «Sport Fest Astana» шарасын өткізуді қолға алдым. Оған спортық құрал-жабдық, тамақ, аксессуарлар, киім мен медициналық қызметтер ұсынатын 50 компания қатысты. Араға екі жыл салып бұл кең ауқымды шараны «BI Marathon» бастамасымен бірлесіп, тағы ұйымдастырдық. Бұл жолы 7 мың қатысушы болды. Ал мен маркетолог ретінде жарнамалық кампанияны әзірлеп, спорттық жәрмеңкеге жауапты болдым, — дейді ол.

Осылайша, ол уақыт өте келе тәжірибесін шыңдап, жоғары деңгейдегі спорттық шараларды өткізуге мұрындық болып, қаржылық жағдайын да реттеп алды. Еңбегімен тапқан табысын пайдалы іске жұмсар уақытта алдында таңдау тұрды: бұл қаражатқа Астананың төрінен пәтер алу немесе шетелде саласы бойынша білім алу. Альбинаның сөзінше, бұл ретте қоғамдық пікір, жақындарының кеңесі басым түсіп, қаржыны пәтер алуға
салған. Бірақ оған өзі аса қуана қоймапты.

— Мен үшін тұлғалық даму әрдайым бірінші орында тұрады. Яғни, адам өз-өзіне инвестиция салғаны дұрыс деп есептеймін. Сол арқылы білім көкжиегін кеңейтіп, біліктілігін ұштап, тұтас қоғамға пайдасын тигізе алады. Бірақ 2018 жылы өзімнің емес, көпшіліктің таңдауына құлақ асып, қаржымды бастапқыда ойластырғандай еуропалық оқу орнында білім алудың орнына пәтер сатып алуға жұмсадым. Әлбетте, жеке баспанаң болғаны жақсы. Бірақ ол менің тұлғалық өсуіме еш әсерін тигізе қойған жоқ, — дейді Альбина.

Бұл аралықта ол отандық және халықаралық компаниялармен бірлесе еңбек етіп, олар үшін 180-нен астам кейс дайындап, қызмет аясын кеңейткенімен, спорттық маркетинг бойынша білім алу туралы ой маза бермеді. Жеке маркетинг агенттігін дамытып, түрлі спорттық брендпен жұмыс істеп, кең ауқымды спорттық шараларға тұрақты барғанымен, «Еуропалық университет білім алуым керек» деген мақсатының орындалмай тұрғаны тыныштық таптырмады. Өткен жылдың мамыр айында Франция астанасы Париж қаласында өткен Үлкен шлем турнирінің бірі – «Ролан Гаррос» турнирін тек көрермен емес, маркетолог ретінде тамашалаған соң көптен бері көкейде жүрген ойын нақты іске айналдыруға бел буды. Сөйтіп, елге орала сала оқуды жалғастыру туралы ойланды.

— Парижде өткен сол бір турнирден ерекше әсер алдым. Бүкіл қала теннис әлеміне еніп кетеді. Барлық сәт ұсақ-түйегіне дейін ойластырылған. Төрткіл дүниені қаратқан кең ауқымдағы спорттық шарадан шабыттанғаным соншалық, Астанаға табан тіреген соң бірден бұрыннан келе жатқан, алайда орындалмай қалған арманыма жету үшін барымды саламын деген ой түйдім, — дейді маркетолог.

Бұл жолы да оның алдынан таңдау кесе-көлденең шықты. Яғни, 2018 жылғы жағдай тағы қайталанды. Бірінші пәтерін сатудан түскен қаржыны баспананы кеңейтіп, жаңасын алуға не болмаса білімге салуға қатысты таңдау тұрды.

— Мен бұған дейінгі жағдайдан сабақ алып, көпшіліктің кеңесіне құлақ асудан гөрі ішкі дүниемді тыңдауға жөн санадым. Өзімді таңдадым. Қаржыны өзім қалаған саланың магистратурасында білім алуға жұмсаймын деп шештім. Меніңше, бұл – орынды қадам. Себебі, білім халықаралық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруға, ол өз кезегінде табысты еселеуге мүмкіндік береді, — деп пайымдайды А.Бунеску.

Арманы  орындалды

Байқағанымыздай, көпшілік даңқты «Реал Мадрид» футбол клубының иелігінде университеттің барын біле бермейді. Ал The UE — Real Madrid Graduate School 2006 жылы ашылған. Мұнда спорт индустрияға қатысты 10 бағдарлама бойынша студенттер оқытылады. Атап өтерлігі, оқу орнында тек магистратура бар. Сабақтар ағылшын және испан тілдерінде өтеді. Мадридтегі университетте оффлайн қатысуға да, сабақтарға онлайн қосылуға да болады. Жалпы, сабақ бір жылға жалғасады. Кейін мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі. Бір топтағы үздік 4 студентке «Real Madrid» футбол клубында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріледі. Тағы бір тиімді тұсы – спорттық шаралар мен нысандарға бару билетінің барлығының ақысы университет тарапынан өтеледі.

Осындай мүмкіндіктерді иелену оңай емес. Ол үшін үміткерлер кешенді іріктеуден өтеді. Альбина Бунеску да сол сынақтардан сүрінбей, жақсы нәтиже көрсетіп, оқуға қабылданды.

— Емтихандардың өзі үш айға жалғасты. Бірінші кезең – сайт арқылы өтініш қалдырып, танысу сұхбатынан өту. Екінші кезеңде түйіндеме жолдап, спорт және маркетинг саласындағы жобаларды қорғау. Соңғы, үшінші сында факультет директорымен онлайн сұхбат болды. Ол академия ашылған 11 жылда мен спорт маркетингте оқуға ниет танытқан алғашқы қазақстандық екенімді айтты. Алдымен мен бұған сәл таңырқап қалғаным рас. Кейін оқу ақысын көргенде отандастырымыз қатарынан оқуға түсуді қалайтындардың не себепті болмағанын түсіндім (күліп). Себебі мұнда білім алу қомақты қаржыны талап етеді, — дейді ол.

Атап өтерлігі, әлемнің түкпір-түкпірінен қатаң іріктеу арқылы таңдап алынған
35 студентке саланың нағыз мықты мамандары сабақ береді. Олардың қатарында «Реал Мадрид» клубының, «Сантьяго Бернабеу» стадионының басшылығы, маркетингке жауапты мамандар, гольф, триатлон, марафон, велоспорт сынды саланың өкілдері, «BMW», «Puma», «Davis Cup» сияқты ірі брендтердің менеджерлері бар.

Ал таяуда Альбина «Реал Мадрид» клубының толыққанды қызметкері атанды. Ол әлемге танымал клубтың маркетинг бөлімінде жұмысын жалғастырады. Негізгі міндеті клубты одан әрі таныту жолында еңбек ету болмақ. Ол үшін тың идеялар, жаңа бастамалар ұсынуы керек. Екіншіден, тиімді бизнес-модель құрып, монетизация құралдарын әзірлеуде көмек көрсетуі тиіс. Сонымен қатар, матч кезіндегі шараларды ұйымдастыру, брендті нығайту, жанкүйерлер және басқа да қызығушылық танытқан тараптармен байланыс орнату бағытында жұмыс істейді.

Шетелдік клубта тәжірибе жинаған соң қазақстандық маман елге оралып, туған жерде маркетинг саласының дамуына үлес қосуды қалайды.

— Қазақстанда спорттық инфрақұрылым дамып жатқанымен, нысандардың көбі бос тұр немесе толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ. Негізі, біздің елдің әлеуеті жоғары. Спортқа қызығушылық танытатын жандар да көп. Бірақ спорттық маркетинг саласында мамандардың аз екені байқалады. Сондықтан білімімді толықтырып, тәжірибемді шыңдап алған соң туған еліме оралып, спорттық индустрияның дамуына үлес қосуды қалаймын, — деп түйіндеді А.Бунуску.

Айтуынша, қазірдің өзінде шетелдіктер біздің спортшылар туралы аз-кем біледі. Әсіресе, «Астана» футбол клубы, «Астана» велокомандасы, боксшылар жетістіктерінен хабардар. Оларға Қазақстанды спорттық тұрғыдан әлі де таныта түсу үшін Альбина сынды мықты маркетологтар керек-ақ. Ол білім алу үшін қиын таңдау жасауға тура келетінін, арманға жету жолында мойымау керек екенін көрсете білді. Оның өмірлік ұстанымы өзге де қатарластарына үлгі боларлық.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.