Павлодар ауданының шаруалары картоп, күнбағыс пен құлпынай өсірудің тың технологияларын игеруге кірісті. Сол арқылы өнімділікті арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ, шетелдік тұқымдардың біздің климатқа бейімділігін байқамақ. Кейін мұның барлығы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға оң әсер етпек.
Егіс алқабы ұлғайды
Жақында облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар ауданына жұмыс сапарымен барып, көктемгі егіс жұмыстарының жағдайымен, инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Атап өтерлігі, биыл аудан шаруаларының басым бөлігі жаңа бағыттарды игеруге кірісті. Мәселен, «Набережное» ЖШС күнбағыс тұқымына қатысты тәжірибелер жүргізілуде. Оларды Түркия, Германия, Сербия және Қытайдан жеткізіп, күнбағыстың 14 түрін салды. Тәжірибенің мақсаты — жергілікті жағдайларға барынша бейімделген жоғары сұрыпты тұқымдарды анықтау. Шаруашылық басшысы Алғыр Сәлменбаевтың айтуынша, күнбағыс трибенурон-метил белсенді затына негізделген жүйе бойынша өсіріледі. Бұл өз кезегінде арамшөптерді азайтуға мүмкіндік береді.
Черноярск ауылдық округіндегі «Скугаревы» шаруа қожалығы да өнімділікті арттыру үшін заманауи әдістерді тиімді қолданылуда: кешенді тыңайтқыштар, ылғал үнемдейтін технологиялар, мамандандырылған техникалар, яғни, картопты қазып алатын, отырғызатын, «Dewulf» комбайны, сәбіз жинайтын комбайн, сәбіз және қызылша отырғызатын техникалар бар.
— Биыл 40 гектарға көкөніс түрлерін ектік. Бұл ретте суды үнемдеп пайдалануға тырысамыз. Алдағы уақытта ылғал үнемдейтін жүйеге көшуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, биыл картоптың элиталық тұқымын салдық. Сондықтан мол өнімді күтеміз, — деді шаруашылық басшысы Ольга Скугарева.
Облыс әкімі өңірдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі ретінде осындай бастамаларды одан әрі қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Құлпынай өсірумен айналысатын «Жанашар 91» ӘКК де биыл алғаш рет жаңа технологияны енгізді. Кооператив басшысы Серік Әскердің айтуынша, шаруашылықта сегіз жыл қатарынан бақша құлпынайы өсірілген. 2025 жылы фермер жаңа шешім қабылдап, қорғалған топырақта құлпынай өсіруге көшкен. Әзірге бір гектар жерге ғана салынды. Мұндай жаңашылдық наурыздан қарашаға дейін өнім алуға мүмкіндік береді. Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған шаруа биыл сегіз тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
Аудан әкімі Дидар Ибраевтың айтуынша, биыл жалпы егіс алқабының көлемі 118,3 мың гектарды құрады. Жем-шөп дақылдарын егу көлемі 43,4 мың гектарға, картоп 5,3 мың гектарға дейін ұлғайған. Аудан шаруашылықтары 11,1 мың тонна тыңайтқыш сатып алды. Диқаншылар техникамен және арзандатылған жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етіліп, мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2,2 млрд теңге сомаға қаржыландырылды.
Сапар аясында Асайын Байханов 2020 жылдан бастап гидромелиоративтік инфрақұрылымды жаңғырту аясында іске асырылып жатқан Ертіс-Успен каналына барды. Құрылыстың барлық кезеңін белгіленген мерзімде аяқтауға байланысты мәселелерді пысықтау және нысанды пайдалануға толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мәдениет үйіне — 1 млрд теңге
Ауданның әлеуметтік нысандарын жөндеу мен салуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Дидар Ибраевтың сөзінше, биыл жалпы сомасы 4,4 млрд теңгеге 33 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл қаражаттың едәуір бөлігі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, Ефремовка, Новоямышев, Мичурин, Ольгинка және Кемеңгер ауылдарында 14,1 шақырым ауылішілік жолдарды жөндеу, Мичурин ауылында мәдениет үйін салу және Ефремовка, Пресное, Богдановка ауылдарындағы мәдениет үйлерін жөндеу жұмыстары бар. Сондай-ақ, Заңғар ауылындағы саябақты абаттандыру, Набережное және Жаңа-Қала ауылдарында балалар алаңдарын орнату, Ольгинка, Госплемстанция, Шақат, Набережное және Розовка ауылдарындағы шағын футбол алаңдарын ағымдағы жөндеу, Набережное ауылында ұялы байланысты жақсарту үшін антенна құрылысын орнату және т.б. қарастырылған.
Аталған бірқатар жобаның барысын аймақ басшысы арнайы бақылап қайтты. Айталық, Мичурин ауылындағы 350 балаға арналған мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 356,3 млн теңге бөлінді. Мұнда терезелері мен есіктері ауыстырылып, жылу, электрмен жабдықтау және желдету жүйелері жөнделіп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде орындардың жетіспеушілігі мәселесі көтерілді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Жеміс Дүйсекенова айтуынша, ауылда толыққанды балабақша жоқ.
– Мектепке дейінгі мекеме мектептің бірінші қабатында орналасқан және 75 орынға есептелген. Бірақ іс жүзінде 78 бала бар. Тағы 14 бала қаладағы балабақшаларға баруға мәжбүр, – дейді ол.
Осы орайда аудан әкімі Дидар Ибраев мәдениет үйінің жанында балабақша салу үшін учаске бөлінгенін айтты.
Сонымен қатар, облыс әкімі Мичурин ауылындағы 250 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылыс алаңына барды. Жобаны 2025-2026 жылдары іске асыру жоспарланған. Мердігер – «Жәрдем» ЖШС директоры Серік Ахметовтің сөзінше, жаңа мекеме соңғы үлгідегі талаптарға сай болады. Мәдениет үйінде хореографиялық залдар, балалар мен ересектерге арналған ойын мен спорт алаңдары болады. Жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард 207 миллион теңге бөлінді.
Құрылыс барысымен танысқан аймақ басшысы мердігерлерге Баянауылдағы балабақшаны жобаға негізге алуды ұсынды.
Облыс әкімі сапар соңында аудан әкімдігі мен бейінді ведомстволарға аграрлық науқанның тұрақты қарқынын қамтамасыз етуді, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жұмыстарды жандандыруды және барлық жоспарланған жобаларды сапалы іске асыруды тапсырды. Сондай-ақ, заманауи технологияларды тиімді қолданатын, тұқым таңдауға, агротехника мен суару жүйесіне тың көзқараспен қарайтын шаруашылықтардың тәжірибесінің ауқымын кеңейту тапсырылды.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ, Павлодар ауданы.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.