Балалар қауіпсіздігі – бәрінен маңызды

Мау 5, 2025

Оқу жылы аяқталып, енді жазғы лагерьлердің жұмысы басталатыны анық. Биыл облыстық білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, аймақтағы 109 мыңнан аса баланың жазғы демалысы ұйымдастырылады. Одан бөлек, жоғары сынып оқушылары жергілікті колледждер жанынан ашылған бейіндік лагерь арқылы өзін қызықтыратын саланың қыр-сырын меңгере алады.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуға, қызығушылықтарын арттыру мақсатында «Павлодар облысының білім беру ұйымдарында жазғы демалыс кезеңінде балалардың бос уақытын ұйымдастыруға арналған кешенді бағдарлама» әзірленгенін атап өтті. Осы орайда 334 мектеп жанындағы лагерьде 38 155 оқушы, ал 382 бейіндік лагерьде 52 240 оқушы қамтылады. Еңбек отрядына бюджет қаражаты есебінен 2 221 жоғары сынып оқушысы, бюджеттен тыс есептен 9 572 жоғары сынып оқушылары жұмыспен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, Жұмысшы мамандықтар жылына орай техникалық білім беру ұйымдарында бейіндік лагерьлердің саны артқан. 25 колледждің жанында 625 оқушының қамтылуымен  бейіндік лагерьлер жұмыс істейтін болады.

— Колледж жанынан ашылған бейіндік лагерьлерге кез келген жоғары сынып оқушысы жазыла алады. Ол үшін олар өзі білім алатын мектебіне өтініш қалдыруы тиіс. Ары қарай мектеп ұжымы колледждермен жұмыс істейтін болады. Бүгінде балалардың құрамы жасақталды. Егер келемін деушілер болса, өтініш қалдыруларына болады. Мұндай бейіндік лагерьлер тек облыс қалаларында емес, аудандарда да бар. Ал мектеп жанындағы бейіндік лагерьлер бұрыннан қалыптасқан. Жыл сайын өзінің жоспарымен қызметін атқарып келеді, — деді С.Айтқазина.

Басқарма басшысы «Қазақстан халқына» қорының «Жаздық жолдама — 2025 жобасы аясында
595 ауылдық балаға жолдама сертификаттары табысталатынын, ал «Жаздық жолдама сыйла» акциясы шеңберінде 591 бала сауықтыру лагерьлерімен қамтылатынын алға тартты. Ерекше қабілеті бар балалар үшін 13 қала мен аудан орталықтарындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде жалпы 420 баладан, 200-ден астамының бос уақыты қамтылады. 4 арнайы мектепте 137 балаға бейінді лагерь жұмыс істемек және 334 бала жазғы уақытта қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Одан бөлек, қала сыртындағы 11 лагерь де есігін ашпақ. Оның 9-ы — мемлекеттік, 2-уі — жекеменшік. Жыл бойы жұмыс істейтін «Жас дәурен» облыстық білім беру және «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталықтары жалпы 1600 баланы қамтыса, қалған 9 маусымдық лагерь 3 168 баланы қабылдайды. Осы орайда лагерьлердің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі тексеріліп, өрт қауіпсіздігі мен судағы қауіпсіздік бойынша ақпараттандыру жұмыстары жүргізілген.

— Біз лагерьлерге балаларды қабылдамас бұрын Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесе отырып, олардың барлық талапқа сәйкестігінің, алдын ала қабылдай алуға мүмкіндігі бар- жоғын анықтап, мониторинг жұмыстарын жүргіздік.

Жыл сайын жазғы маусым қарсаңында «Қауіпсіз балалық шақ» акциясы, «Қауіпсіз су айдыны», «Қауіпсіз терезе», «Қауіпсіз аттракцион» шаралары жоспарланған. Одан бөлек, біздің мамандар облыстан тыс немесе өзге өңірлерде орналасқан лагерьлердің де жұмысымен танысып қайтты, — деді ол.

Айдана БОРАНБАЕВА.