Естеріңізде болса, өткен жылы Астана төрінде өткен Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында қазақстандық 450 шебер «Аламан құрақ» көрпешесін құрау бойынша әлемдік рекорд орнатып, олардың жұмыстары Гиннес рекордтар кітабына енген болатын.
Жуырда сол шараға қатысқан жергілікті қолөнершілерге құрмет көрсетіліп, сертификаттармен марапатталды. «Ertis» мультимедиялық музей қабырғасында өткен марапаттау рәсіміне облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан қатысты. Ол ауқымды жобаға атсалысқан шеберлерге алғысын білдіріп, оларға рекорд орнатылғанын куәландыратын сертификат табыс етті.
— Бұрын қазақтың әр нәзік жандысы қолөнермен айналысатын. Алайда соңғы жарты ғасырда бұл дәстүріміз кенже қалып жатыр. Алайда сіздер секілді шебер, ісмер жандар бар да ұлттық өнеріміздің деңгейі биік болып құндылығы артары сөзсіз, — деді басқарма басшысы.
Павлодарлық қолөнершілердің жетекшісі Марина Мұхтарова осымен екі мәрте Гиннес рекордтар кітабына енгендерін, алдағы уақытта Алматы қаласында тағы бір рекорд орнатуды жоспарлап отырғандарын атап өтті.
— Өткен жылы өңірдің бір топ қолөнер шебері болып Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен «Аламан құрақ» жобасына қатыстық. Аталмыш жоба халқымыздың көне өнері мен ұлттық дәстүрін дәріптеген бірегей рухани-мәдени оқиға болды. Жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінен 450-ден астам шебер бас қосып, жалпы ауданы 11 200 шаршы метрді құрайтын, 450 құрақ көрпеден тұратын ерекше композицияны бірлесе жасап шықты. Сөйтіп, бұл жұмысымыз Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабында ресми тіркелді. Сондай-ақ, әлемдік Гиннес рекордтар кітабына автоматты түрде енеміз. Әзірге нақты шешімі шыққан жоқ. Келесі айда Алматы қаласының «Медеу» мұз айдынында құрақ көрпе тігу бойынша үш бірдей халықаралық рекорд орнатуды жоспарлап отырмыз, — дейді шебер.
Айдана БОРАНБАЕВА.