Қалмұқан ағаның газетпен байланысы

Мау 5, 2025
OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Биыл майдангер жазушы, жерлесіміз Қалмұқан Исабаевтың туғанына – 100 жыл. Осы орайда қаламгердің бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі «Saryarqa samaly» газетінің редакциясымен байланысы туралы әңгіме өрбітіп көрмекпіз. Оған Қалмұқан Исабаевтың әр кезеңде редакцияда болған кездесулерінен сақталған бірнеше суреттер дәлел бола алады.

Ұлы Отан соғысына қатысқан, кейін Германияның Ильменау қаласында 5 жыл комендант болған, сол жақта жүріп ұлы Абайдың шығармашылығын ұлы неміс ақыны Гетемен сабақтастырып насихаттаған Қалмұқан Исабаевтың еңбегін кеудесінде намысы бар әр қазақ білуі тиіс.

Жазушының «Қызыл тумен» байланысы ертеден қалыптасқаны белгілі. Жалпы, жергілікті облыстық газет-
пен Қалижан Бекқожин, Мұзафар Әлімбаев, Қабдыкәрім Ыдырысов секілді ақын жерлестеріміз қолына қалам ұстағаннан-ақ қатынасып тұрғанын білеміз. Қалекең де сол әдептен озбады. Тек шығармашылығының бастапқы кезеңінде ғана емес, егде тартқан шағына дейін редакциямен байланысын үзбеді.

Осы сөзіміздің айғағындай болып мұрағатта сақталған жарқын суреттердің бірінде Қалмұқан Исабаев «Қызыл ту» газетінің редакциясында бір топ журналистердің ортасында отыр. 1970 жылы түсірілген суретте есімдері әйгілі қаламгерлер Бақи Әбдіқадыров, Қажымиден Айтжанов, Әбдеш Баймұрзин, Қалмұқан Исабаев, Әділбек Жұмаділденов және сол кездегі жас журналист Социал Әйтенов қауқылдасып, қызу әңгімеге кіріс-кені көрінеді.

Қалмұқан аға облыстық «Қызыл ту» газетімен байланысының бір кезеңін өзінің «Канал қалай жазылды?» атты естелігінде келтіреді. Бұл — қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы, сол кездері Ертіс – Қарағанды су каналының тартылып жатқан уақыты. Бұл – Кеңес өкіметі тұсында бүкілодақтық мәртебеге ие құрылыс болатын. Қылшылдап тұрған жігіт ағасы Қалмұқан Исабаев әйгілі академик Қаныш Сәтбаевтың ақыл-кеңес беруімен ешкім аяқ басып, игеруге батылы жетпеген су каналы туралы жазуға кірісіп кетеді.

Болашақ «Ертіс-Қарағанды» каналының қағаз бетіндегі түр-тұрпатымен танысып алғаннан кейін маған ол салынатын жерлерді табаныммен басып тұрып көріп шығу керек болды. Бұл — бес жүз километр жолды жаяу жүріп өту деген сөз. Бір жыл дайындалдым.

Міне, 1961 жылдың июлінің жиырма екісі. Мен Павлодар қаласындамын. Болашақ канал салынатын жерлермен жаяу жүріп өту жөніндегі ойымды «Қызыл ту» газетінің сол кездегі редакторы Омарғали Құдышевке ғана айттым. «Күнделік жүргіз де, өзімізге жібер» деді Омекең. Сөйтіп ол кісі менің ойымды көзімнен оқып білгендей болды. Екеуіміз «жә» дестік.

«Ертіс-Қарағанды» каналы бірінші насос станциясы салынатын жерден мен август айының екісі күні шықтым да, сентябрьдің бірі күні Қарағандыға жеттім. Осы жерде күнделігімді ретке келтіріп, машинкаға бастырып, Омекеңе жібердім.

«Арман арнасы» деп аталатын, көлемі бес баспа табақ күнделікті «Қызыл ту» газеті сол жылдың
27 сентябрінен бастап екі жарым ай басып шықты. Сөйтіп республикамыздағы алып құрылыстардың бірі жөніндегі алғашқы сөзді өзіміздің сүйікті газетіміз «Қызыл ту» айтты және оның «Ертіс-Қарағанды» каналының құрылысы жөнінде он бес жылдан астам уақыт оқырман-дарына үздіксіз хабар беруі сол күнделікті жариялаудан басталып еді. (Қ.Исабаев, «Канал қалай қазылды?», «Қызыл ту» газеті,
1979 жыл, 17 апрель).

Жалпы, табиғатынан зерек «Қызыл ту» газетінің редакторы Омарғали Құдышев оқырмандардың да ірі тарихи жобадан алғашқылардың бірі болып құлағдар болып отырғанын көздесе керек. Бұл мүмкіндікті Қалмұқан Исабаев жазушы да мүлт жібермей, келешекте қазақ әдебиетінде су туралы алғашқы роман болып шығатын шығарманың негізін осы газет бетінен бастаса керек. Омарғали Құдышевтің Павлодар газетінде еңбек еткен кезеңінде Қалмұқан Исабаев, халық ақыны Нұрлыбек Баймұратов секілді халық ортасынан шыққан тұлғаларды газетке жақын ұстауы да (Н.Баймұратов 1960 жылдары «Қызыл тудың» Бесқарағай, Май аудандарында штаттан тыс тілшісі болғаны туралы құжат сақталған) көрегенділігін білдіртсе керек. Бұл байланыс оқырманға да, қаламгерлерге де тиімді еді.

Қалекеңнің естелігінде жазылғандай, канал туралы еңбек жазуды оған ұлы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ақыл етіп айтқан екен. Қош, сонымен, әр шығармасында тақырыпты ізерлеп зерттеуімен танылған майдангер Қалмұқан Исабаевтың «Сарыарқа самалы» газетімен байланысы Тәуелсіздік алғаннан кейін де жаңаша екпінмен жалғасты. Басылым редакторы Мұхит Омаровтың келісімімен 2002 жылдары Қалмұқан Исабаевтың «Жеріміз қорғаған, елімізді есейткен батыр-билеріміз» сериясымен бірнеше тарихи мақалалары жарық көріп тұрды. Олардың арасында Ресей патшалығы уақытында ел мүддесінен танылған Шоң, Шорман билер мен Малайсары тархан секілді жауға қарсы атойлап шапқан аруақты батырларымыздың еңбегі туралы кеңінен алып, тереңінен толғады. Бұл туралы бұрыннан бері біздің газетті оқып келе жатқан оқырмандары-
мыз хабардар болуы керек.

2000 жылдары «Сарыарқа самалы» редакциясында қызмет ете бастап, осы жерден облысқа келген ұлт ақындары мен қайраткерлерінің біразымен жүздесіп, қолын алдық. Жазушыларды көбіне журналист, жазушы ағамыз Ғалымбек Жұматов редакцияға ертіп келетін. Олардың қатарында майдангер жазушы, Сәтбаев су каналын бастан-аяқ жаяу жүріп өткен Қалмұқан Исабаев та болды. Шағын бойлы, көзқарасы салқындау, қара торы жүзді, онша көп шешіліп сөйлемейтін адам секілді көрінген. Жаңа қызметке келген Бейбіт Бөжен екеуміз хал-қадірімізше аңызға айналған жазушыға сұрақ қойып, әңгімесін тыңдап едік.
Бұл да — бүгін еске алатындай тағы-лымды кездесу, татымды естелік. Мына бір сурет сол кездесуді еске салатын, тарихтың таспасына түсірілген қымбат сәт еді.

Биыл Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына орай көптеген есте-ліктер, шығармашылығы туралы құнды талдаулар айтылады деп сенеміз. Майдангер жазушы туралы зерттеу еңбектер әлі де аздық етіп жатқаны сезіледі. Біздің бүгінгі жазбамыз осы олқылықты толтыру жолында аз да болса үлес болсын деген ниеттен туған еді.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.