Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр еліміздің бірқатар өңіріндегі мектепке дейінгі мекемелерде ваучерлік қаржыландыру әдісі пилоттық жоба ретінде іске қосылған болатын. Жаңа жүйе жақында Павлодар қаласындағы балабақшаларға да енгізіле бастады. Алайда көпшілік саладағы осынау өзгерістерден бейхабар көрінеді.
Сонымен, ваучерлік жүйе дегеніміз не? Бұл әдіс қалай жұмыс істейді? Артықшылығы неде? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Бұл қандай жүйе?
Мамандардың айтуынша, ваучерлік жүйе дегеніміз — әр баланың білім және тәрбие алуы үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылай қолдауды ата-анасының өз қалауы бойынша таңдаған балабақша немесе мектепке пайдалануға беруі. Яғни, елімізде жыл сайын балабақшаның әрбір тәрбиеленушісі мен мектеп оқушысына мемлекет қазынасынан белгілі бір мөлшерде қаржы қарастырылады. Бұл қолдау олардың білім, тәлім-тәрбие алуына жұмсалады. Ал ата-аналар аталған соманы өздеріне ұнаған білім беру мекемесіне ұсынуы тиіс. Нәтижесінде, қай білім беру мекемесіне таңдау көбірек түседі, соған берілетін қаржы да қомақты болады.
Айта кетерлігі, ваучерлік қаржыландыру жүйесі халықаралық тәжірибеден алынған тәсіл болып табылады. Алғаш рет 1981 жылы Ұлыбритания мемлекетінде жүзеге асқан екен. Кезінде осы елде «Білім алуға жәрдемдесу схемасы» деп аталатын квази-ваучерлік схема жұмыс істейді. Аталмыш жоба тұрмысы төмен және қарапайым отбасынан шыққан дарынды балаларға сапалы әрі қолжетімді білім беруді көздейді. Оның тиімділігі дәлелденген соң өзге мемлекеттер де осы жүйені қолдана бастайды. Кейін ваучерлік бағдарлама жетілдіріліп, Чили, Колумбия елдерінде, АҚШ-тың бірқатар штатында қолданылады. Ал бүгінде әлемнің көптеген мемлекетінде, соның ішінде Қазақстанда да біртіндеп іске қосылуда.
Артықшылығы неде?
Сөз басында атап өткеніміздей, былтырдан бастап еліміздің бірнеше облысындағы мектепке дейінгі мекемелерде ваучерлік қаржыландыру әдісі бойынша пилоттық жоба енгізіліп, сәтті жүзеге асуда. Білім беру саласының өкілдері де бұл жаңашылдықтың тиімді тұстары көп екенін алға тартуда. Мамандардың айтуынша, ваучерге қол жеткізген ата-аналар тізімдегі кез келген балабақшадан оңай орын алатын болады. Яғни, олар өз қалауы бойынша мектепалды білім беру мекемесін таңдауға толық құқылы. Ал сол таңдау жасаған балабақша да балаларды ұстап тұру үшін қызмет көрсету сапасын жақсартып, ата-аналар мен балғындарды қызықтыру, өздеріне тарту үшін белсенді жұмыс істеуге жұмыла кірісуі қажет. Әйтпегенде, мекеме қызметіне көңілі толмағандар басқа балабақшаларға кетіп қалуы мүмкін. Мұның соңы көп қиындық туғызуы ықтимал. Тіпті, мектепке дейінгі білім беру ұйымының жабылып қалуы да ғажап емес. Бұл жөнінде «Қаржы орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Асқар Ибраимов:
— Ваучерлік қаржыландыру ата-ананың балабақшаны өз еркімен таңдауын қарастырады. Барлық балабақша балалар үшін жұмыс істемек. Сонымен қатар, ата-аналар сапаға назар аударады. Олар бас тартқан бақшалар жабылады немесе білім беру сапасын жақсартуға көшеді. Біз сондай-ақ «жалған тіркеуге» қатысты ұзақ жылғы мәселені де шешеміз, — дейді.
Осылайша, ата-аналар өзінің бөбегі барып жүрген ұйымның жұмысына баға бере алады. Олардың ой-пікірі мен бағасы үлкен рөл атқарады. Соның нәтижесінде, орын алған олқылықтар жойылып, қызмет көрсетудің жалпы деңгейі артатын болады. Сонымен қатар, ваучерлік қаржыландыру жобасы арқылы балабақшалар арасында бәсекелестік артып, нарықта нағыз сапаға жұмыс істеуге қабілетті құрылтайшыларға жол ашылмақ. Бір қызығы, бұдан былай, яғни толық ваучерлік жүйеге көшкеннен кейін жергілікті атқарушы органдардың әрбір мектепалды мекемеге мемлекеттік тапсырыс көлемін бекіту міндеттері де алынып тасталады. Себебі, жаңа жүйе бойынша тиісті қаражат балабақшаға емес, балаларға беріледі. Егер тәрбиеленуші белгілі бір себептерге байланысты басқа мекемені таңдап, ауысып кеткен жағдайда, ваучер де сол баламен бірге өзге балабақшаға кететін болады.
Қысқасы, осынау жаңашылдық арқылы ашықтық әрі әділдік қағидасына қол жеткізу үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, білім беру саласындағы түрлі заңсыздықтарға тосқауыл қойылмақ.
Аймақтағы ахуал қалай?
Ваучерлік қаржыландыру жүйесі биылдан бастап біздің аймағымызға да енгізілуде. Алдымен облыс орталығы саналатын Павлодар қаласындағы мектепке дейінгі мекемелер жаңа жүйеге көшуде. Павлодар қалалық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанат Асайынованың айтуынша, ағымдағы жылдың 2 мамырынан бастап мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыруға бейімдеу мақсатында «INDIGO» жүйесін жаңарту жұмыстары қолға алынуда.
— Қазіргі таңда Павлодар қаласындағы 83 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жаңа жұмыс үлгісіне көшуде. Техникалық жұмыстарға байланысты 2 мамырдан бастап балабақшаларға жаңа жолдамалар беру уақытша тоқтатылды. Яғни, 2-7 мамыр аралығында кезектер жаңартылып, ваучерлік жұмыс режиміне ауыстырылды, сондай-ақ ата-аналардың жеке кабинеттерінде электрондық табельдер іске қосылды. Бұл бағыттағы іс-шаралардың барлығы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілуде. Ал бүгінде бірқатар функциялар қолжетімді. Яғни, балабақшаларға барып жүрген балаларға автоматты түрде ваучерлер берілуде. Сондай-ақ, балғындарды балабақшалар арасында кезекке қоймай ауыстыру мүмкіндігі туды, — дейді Жанат Қабатайқызы.
Білім бөлімі мамандарының айтуынша, ваучер алған ата-аналарға жүктелетін міндеттер де баршылық.
— Әр ата-ана ай сайын жеке кабинеттерінде баласының балабақшаға қатысуын растап, электрондық табельдерді бекітіп отыруға міндетті. Бұл — ваучерлік қаржыландырудың басты талабы. Яғни, жаңа жүйедегі есеп берудің негізгі көрсеткіші болып табылады, — дейді Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мектепке дейінгі білім беру секторының бас маманы Дыбыс Андерова. Оның сөзіне қарағанда, балабақшаға баратын барлық балғын ваучердің иегерлері болып саналады. Бірақ ваучерлік қаржыландыру тек білім беру қызметтері үшін ғана беріледі. Ал балалардың ас-ауқатына кететін шығындарды ата-аналар өз қалтасынан төлеуге міндетті. Бұл ретте, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларының бүлдіршіндері тегін тамақтанатынын айта кеткен жөн.
Бүгінде қалалық білім беру бөлімінің өкілдері ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Себебі, балабақша кезегін ваучерлік форматқа көшіру кезінде ата-аналар арасында бұрынғы кезек тәртібі мен жаңа ережелердің айырмашылықтарына байланысты түсінбеушілік пен наразылық туындауы мүмкін, дейді мамандар.
— Жаңа жүйенің талабы бойынша кезек толықтай қайта құрылады. Балабақшадағы кезектердің түрлері мен санаттары өзгереді. Соның нәтижесінде балалардың тізімдегі орындары ауыстырылады. Бұдан былай кезектің құрылымы жылына екі рет — 1 тамызда және 1 қаңтарда жаңартылып отырады.
Жалпы, ваучерлік қаржыландыру балаға мемлекеттік білім беру тапсырысы аясындағы қаражатты бағыттауға, ата-аналарға көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауға, сондай-ақ, балабақшаларға СЭС қорытындысы мен жобалық қуатына сәйкес конкурстық рәсімдерді өткізбей-ақ аванстық түрде қаржыландыру алуға мүмкіндік береді. Бастысы, ата-аналардың кезектегі нөмірі бұрынғыдай артқа шегерілмейді, — дейді Жанат Асайынова.
Айта кетерлігі, ата-аналар ваучерлік жүйе туралы толығырақ ақпарат алғылары келсе, қалалық білім білім беру бөлімінің 8 (7182) 32-07-61 телефон нөміріне хабарласуларына болады.
Дерек пен дәйек
Қазақстан бойынша 11 642 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 5 532 — мемлекеттік, 6 110 жеке меншік мекеме бар;
* * *
Облыс бойынша 387 мектепке дейінгі мекеме қызмет көрсетеді. Оның ішінде 160 балабақша, 227 шағын орталық бар. Ал жеке меншік ұйым саны – 18;
* * *
Павлодар қаласында 85 мектепалды білім беру мекемесі бар. Оның 73-і — мемлекеттік, 2-уі — мектеп жанындағы шағын орталық. Сондай-ақ, 10 жекеменшік ұйым жұмыс істейді.
* * *
Облыс орталығындағы балабақшаларда 17 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Шаһар бойынша 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 78,1%, 2-6 жасқа дейінгілер-90,1%, 3-6 жас шамасындағылар 100%-ды құрайды.
* * *
Осылайша, ваучерлік қаржыландыру жүйесі елдегі мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне біртіндеп енгізілуде. Мамандар бұл халықаралық тәжірибенің тиімді тұстары көп екенін алға тартады. Солай боларына біз де сенейік!
Нұржайна ШОДЫР.