Қабдыкәрім Ыдырысов пен Сағи Жиенбаевтың тағдырлары ұқсас еді
Біреуі — Ақтөбенің Байғанин ауданының тумасы, біреуі — Павлодар облысы Ақтоғай ауданының өрені. Екеуінің жолын тағдыр тоғыстырды. Екеуінің де бала кезінен тартқан теперіші бір еді. «Халық жауының» балалары. Екеуін де кекілдерін тарап, жесір шешелері бағып-қағып жеткізді. Тағдыр ұқсастығы белгілі ақындар Сағи Жиенбаевтың да, Қабдыкәрім Ыдырысовтың да өмір мен өлең жолында бір-біріне жақын, қанаттас, бауырлас болып жүруіне әкелді. Бүгін екі ақын да — әдебиеттің екі шыңы секілді халық жадында, өлеңдері ұлтқа қызмет етуде.
Қабдыкәрім Ыдырысов 1928 жылы дүниеге келді, Сағи Жиенбаев 1934 жылдың төлі еді. Бірер көйлекті бұрын тоздырса да, Қабекеңнің Сағидай бауырын жанына жақын тартуына себеп көп еді. Олар өмірде де, өлеңде де қанаттас, қарайлас болды.
Екі ақынның да негізінен жырлаған тақырыптары — азаматтық, адамгершілік қасиеттер, отансүйгіштік, үлкенге құрмет, соғыс жауынгерлерін қадірлеу, туған жерге сағыныш, анаға деген перзенттік тебіреніс.
Сағи ақынның мына бір өлеңін бүкіл ел біледі:
«Дүниеге келер бір рет,
Дария кеуде, тау мүсін.
Құрыштан құйған құдірет,
Қарттарым, аман-саумысың?
Өздерің болса жанында,
Ел іші жомарт еңселі.
Дән исі жүрген қанында,
Даламның бір-бір бөлшегі…».
Қабдыкәрім ақының да қарттарға, ауыл ақсақалдарына деген іңкәрлігі, құрметі ересен еді. Ол екеуі де ауыл қарттарының даналығын, қолына су құйып, бата алғандығын әсте жоғары көтеретін, мақтан ететін. Бұл қасиеттерді ұлттың дара ерекшеліктері ретінде таныды, ұлықтады, жырлаудан танбады.
Олар соғыстың қасіретін тартқан ұрпақтың қатарынан еді. Бұл ел басына күн туып, тұтас ұлт қасірет шегіп жатқан ылаң уақыт еді ғой. Елдің үлкені де, кішісі де бұл қиыншылықтың салмағын сезінді. Сондықтан бала Қабекең де, Сағи да өмірдің ащы дәмін ерте татты, ерте есейді. Бірақ кеудеде жалын, асқақ сезім бар еді. Солар өшпеді, керісінше, алға жетелеп, жігерлерін жаныды.
Екеуі де ақындық жолды таңдады. Бірақ талапты жастарды Алматы соншалық құшағын жайып қарсы ала қойған жоқ. Иә, «Халық жауларының» баласы деген аттан көпші-лігі үркетін еді. Бірақ олар сенді. Талантына, тас жарып шығатынына сенді. Ақыры солай болды.
Қабекең 1952 жылы «бақытымды әдебиеттен іздеймін» деп анасы мен аяғы ауыр келіншегін алып, Керекуден Алматыға қоныс аударды.
Дәл осындай арманмен 1960 жылдары Сағи Жиенбаев та жас отбасын алып Алматыға жетеді. Халық жазушысы Смағұл Елубайдың «Дүниеге келер бір рет» атты естелігінде жазғанындай, шақырылмаған Сағиды Алматы құшақ жайып қарсы алған жоқ. Жас талапкер қиыншылық көрсе де, жасымады. Бұл қалада Байғаниннен шыққан Шаңғытбаев дейтін ақын барын білетін. Жас Сағидың жырларын оқыған Қуандық аға балаша қуанды. Жас ақынды Ізтай Мәмбетовке тапсырды. Жас дарынның дара болашағын болжаған Ізтай ақын оны «Қазақ әдебиетіне» қызметке алды.
Бұған дейін жазғанымыздай, Қабекеңді де жерлес ағасы Қалижан Бекқожин қолдап, баспанасын беріп, өлең жолында орнығып қалуына зор көмек көрсеткен еді. Бұл туралы Қабекеңнің «Алматыға алты өлеңмен сүйреген» атты Қалижан ағасына арнаған арнау-алғыс өлеңі де бар. Қош, сонымен екі ақын да ағаларының қолдауын таныды. Бұла ақындық біраздан соң толықсып, оларды әдебиетте танытты.
Сағи Жиенбаевтың шығармашылық күш-қуатын ұлы жазушы Әуезов те байқап, жас ақынға жылы лебізін білдірді. «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңін оқыдым. Оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар. Біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар. Поэзияға керек осы шыншылдық» деп, төгілді ұлы жазушы. Алыптың батасы жас ақын жолын айқара ашты. Ең қызығы, жас ақынның жыр арқауы алып та әдемі Алматы емес, сонау алыста қалған көзге қораш алақандай ауылы болды, дейді С.Елубай.
Қабдыкәрім ақын көптеген жас әдебиетшілермен байланыста болды. Бүгінде көптеген классик атанған тұлғалар жас кезінде Қабекеңнің қолдауын көргенін жиі айтады. Жанында жүрген Сағи Жиенбаев та ағасының жанашырлығын зор бағалады. Позиядағы аяқ алысына масаттанып, бағасын да беріп жүрді.
Біз оны Қ.Ыдырысовтың шығармашылығы туралы жазған кітаптардың алғысөзінен де кездестіреміз.
Мәселен, бір сөзінде Сағи Жиенбаев: «Қабдыкәрім Ыдырысов балауса кезінен-ақ өлеңді тек қана өнер деп емес, өмір деп түсінген-ді. Оны өлеңге әкелген қызыққұмар қызбалық емес, сол кезде ел басына түскен қатал да қиын, қилы-қилы тағдыр болды. Сондықтан оның алғашқы балғын жырларының өзі отқа суарылып, шынығып, шымырланып шықты.
Мен Қабдыкәрім өлеңдеріне қарап отырып, бүкіл бір ұрпақтың өткен өмір жолына, сонау бір балалық шаққа сапар шеккендей боламын. Көзбен көрген көп жайларды, жан-жүйені босатар қиын жағдайларды қайта еске түсіремін. Бірақ езіліп-торығып емес, ылғи да есейіп-толысып қайтамын.
…Есімде июнь айы қырық бірдің,
Ел үшін ер басына туыпты күн, –
Мен мұны бірден үш-төрт ұстазымды
Майданға шығарып сап тұрып білдім.
Талай жас, талай аға кете барды,
Аңырап талай ана жеке қалды.
Үйіне түскен мұндай ауырлықты,
Қандай ел бізден басқа көтере алды?!
Суырылған қылыштай боп қынабынан,
Ел үшін, ерлік үшін сұранды жан.
Оқуды тастай салып, жармастық біз.
Трактор – сом тұлпардың құлағынан.
Қиынға қайысса да бұғанамыз,
Қалайша қия тартып, бұға аламыз?
Әлде жан артық па еді, асыл ма еді,
Ажалмен арпалысып жүр ағамыз.
Бұл соңғы кездегі балапан ұрпақтың бәрінің де жүрек сөзі болатын. Қабдыкәрім бұл сөзді алғаш рет жырға түсірушілердің бірі болды. Әрі айнытпай, әдемі түсірді», деп жазған екен.
Тағы бір естелігінде: «Қабдыкәрім әуел бастан көңілдің ақыны болып келді. Ол не де болса ағынан жарылып, ақтарылып айтты. Қуанышын да, ренішін де бүгіп қал-мады. Өмірде де, өлеңде де барынша адалдықты қалады. Біз Қабдыкәрімді елінің жыры,
жігіттің гүлі есебінде әлі талай еске аламыз. Қазақ даласының бар жерінде – Алатау басында да, Ертіс жағасында да, Баянауыл баурайында да аяулы ақынмен әлі талай кездесетін боламыз», деп пікір білдірген.
1978 жылы Қабдыкәрім Ыдырысов өзінің 50 жылдық мерейтойын туған жері – Павлодар өңірінде атап өтті. Бұл салтанатты шараға қазақтың атақты ақыны, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Жұбан Молдағалиев бастаған, құрамында ақын Сағи Жиенбаев, композитор, Бүкілодақтық комсомол жастар сыйлығының лауреаты Әсет Бейсеуов келеді. Олар Қабекеңнің туған ауылы – Ақтоғай ауданы Жаңа ұйым (Өтес) ауылынан бастап, Ақтоғайдың Чкалов кеңшарын Екібастұз ауданын, Баянауыл ауданын аралап, халықпен кездесулерге қатысады. Сағи Жиенбаев бұл кездесулерде айрықша жарқырап, ағасының шашбауын көтерісіп келгеніне риза кейіппен жүргенін естелік суреттерден анық байқаймыз.
Кіндігі кесілген өңірге келе жатқан сапарында Қабекең толғанып Сағи Жиенбаевтың туған жеріне арнаған өлеңін еске алатыны бар.
«Есіме ақын жолдастарымның туған жер, өскен ауылы жайындағы тебірене жырлаған өлең шумақтары түседі. Сағидың да былай деп жазғаны бар:
Жас кеттім, мен өзіңнен, жалғыз кеттім,
Жаныма жарық болар таңды іздеппін.
Құлшынып қия белде қиял қуып,
Кеудемнен қоңыр сазды әнді үзбеппін.
Ботакөзді көлдерім,
Бозжусанды белдерім,
Алыс жақта жүрсем де,
Туған жер,
Аңсағаным сен менің.
Бұдан әдемі айту мүмкін бе?
Бірақ әр ақынның тақырыбы бір болғанымен, толғауы ерекше. Ендеше менің де, тап бүгін ерекше бірдеңе айтқым келеді. Ішім — алай-дүлей ақ боран… Арпалыса түсем» (Қ.Ыдырысов, «Ауылымның аялы алақаны», 1978 жыл).
Яғни, Қабекең өзінің шығармашылығында жасы үлкен ағаларымен қатар, кіші інілерінің де поэзиясын бақылап, үлгі-өнеге алғанын, салыстырып жүргенін көреміз.
Жалпы, Қабекеңнің әуелде әдеби ортада әншілігімен, соның ішінде Естайдың әнін айтумен танылғанын Жұбан Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, тіпті партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің естеліктерінде кездеседі. Мысалы, М.Әлімбаев Қ.Ыдырысовтың «Ән сүймеген өмірді де сүймейді, өзім жоқта әнім жүрсін құлақта» деген ұстанымына адал болып, бұрын ұмытылған талай әндерге сөз жазып, қазақтың ән қоржынына қайта қосқанын да сөз етеді. Солардың бірі — «Айнам-ау» әні. Оңтүстік өңірден тауып алып жаңғыртқан әннің сөздерін Қабдыкәрім Сағи ақынмен бірге жазған.
Әннің қайырмасы былай болып келетін еді:
«Ойда жоқта жолыққан қарындасым, айнам-ау,
Қайда жүрсем, сен менің жадымдасың, айнам-ау.
Қапияда көз жазып қалып едім, айнам-ау,
Сәлемімді ұшырдым сағынған соң, айнам-ау.
Әлдеқандай мінезің бар,
Біле алмадым, қайдам-ау».
Айтқандай, Қабдыкәрім ағасы Сағи інісінің арасында осындай нәзік туыстық, сырластық өзегі бар еді. Әрі бұл қасиет екеуі де ғұмырының соңына дейін жалғасты. Қабекең 50 жас тойынан кейін бірер ай өтер-өтпесте дүние салды. Соңында қалған Сағи Жиенбаев ақынның кітаптарына бірнеше мәрте алғысөз жазып, әр уақыттағы мерейтойлық естелік шараларда Қабдыкәрім ағасы туралы жүрек түбінен толғаған естеліктерін айтып, газеттерге жариялап келгенін көреміз. Мұндай адалдық екінің бірінде бола бермейтіні айқын.
Бұл сөзімізді Сағи Жиенбаевтың Қабдыкәрім Ыдырысовқа арнаған «Аға» атты арнау өлеңі дәлелдей түседі. Біз осы өлеңді оқырман назарына ұсына келе, поэзияда да, пәни дүниеде де қанаттас, қолтықтас болған асқақ тұлғалы ақындардың сыйластығы туралы сөзімізді тәмамдаймыз.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Аға
Қабдыкәрім Ыдырысовқа
Болған жоқ бізде көп аға
Алдынан шығар еркелеп…
Ертерек түстік додаға,
Есейдік содан ертерек.
Күттік біз мейірім әр жаннан,
Зәру боп ыстық құшаққа.
Ағалық жасар абзалдар
Азайып қалған бұ шақта.
Шалғынын кешіп даланың,
Көктемгі күнмен жылындық.
Арқадан қағар ағаның
Қадірін жастай ұғындық.
Тілекті соған арнадық,
Толтырдық орнын олқының.
Екеуміз ерте жалғадық,
Ертіс пен Жемнің толқынын.
Қуандық бірге тірлікте,
Құсымыз бірге жүр шарлап.
Жүйткідік өлең-жүйрікпен
Жиырма жыл бойы бір самғап.
Кездестік талай таңдармен,
Жұлдызбен бірге тілдестік.
Аз ғана күнгі бал дәурен
Бозбала күнді бір кештік…
Алқалы топқа түскенде
Маңдайың күндей жарқырап,
Тілегің тілеп іштей мен,
Тұрушы ем үнсіз қалтырап.
Айналып алау жалынға,
Аңқылдап жүріп бұлтқа ұшып.
Қабағың шытқан шағыңда
Қалушы ем мен де кілт түсіп.
Таппаушы ең бір сәт тыныс та,
Арым деп елді ардақтай–
Бар күшін жинап, ұрысқа
Соңғы рет кірер солдаттай.
Ұшушы ең алып биікке,
Жүргенін көрсең кім жүдеп.
Ағажан,
Сендей жігітке
Аз болып қалды-ау бір жүрек.
Көп еді арман-тілек те,
Азамат – көптің ағасы.
Жұпардай еді жүрекке
Сен жүрген жердің ауасы!
Көңілде кірбің мұң қалмай,
Тазарып сенің қасыңда,
Болушы ек ылғи тұрғандай
Таулардың қия басында!
Сағи Жиенбаев.