Екібастұз қаласында тұрғын үйлердің ауласында балалар үшін ойын және спорт алаңдарын орнату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Айталық, биыл 50 ойын алаңы орнатылмақ.
Соңғы жылдары кеншілер шаһарында аулаларды абаттандырып, тұрғындарға қолайлы орта жасауға көп көңіл бөлініп келеді. Айталық, үш жылдың аралығында 170-тен астам аула абаттандырылды. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасын табуда.
Таяуда Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин атқарылып жатқан істердің барысын бақылап қайтты. Жоспар бойынша, осы жылы 50 ойын алаңы, 11 стрит-воркаут пен стритболл алаңы салынуы тиіс.
— Қазіргі уақытта 50 ойын алаңының барлығында негізі дайындау бойынша жұмыстар аяқталды. Олардың ішінде 25 алаңда тартанды жабын төселіп, кіші формаларды қою басталды. Тағы 11 алаңда стрит-воркаут пен стритбол құралдарын орнату үшін қиыршықтас төсеу жүргізіліп жатыр, — деді шаһар басшысы.
Қалған аулаларды алдағы 1-2 жыл аралығында қамтып, оларда да балалардың ойнап, тұрғындардың, әсіресе жастардың спортпен шұғылдануы үшін қолайлы жағдай жасалмақ.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.