Орман әлеміне саяхат

Мау 26, 2025

Жазғы демалыс уақытында балалардың табиғат аясына шығып, серуендеп қайтуы өте пайдалы, дейді мамандар. Бұл ретте, Шарбақты ауданындағы №2 жалпы орта білім беру мектебі оқушыларының орман әлеміне саяхат жасап, үлкен әсер алып қайтқанын атап өткен жөн.

Экскурсия барысында балалар ну орманды аралап, көркі көз тартар табиғаттың тылсымға толы әсем көріністерін өз көздерімен тамашалаумен қатар, орман шаруашылығы жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, балалар өрт сөндіру станциясы мен орман тұқымбағына да барды. Онда өрт сөндірушілердің арнайы киімдерін киіп, орман қорғаушылардың қызметін атқарып көрді.

Жасөспірімдерге орманды қорғау мен қалпына келтіру жұмыстарын көрсетіп, табиғатты қорғауға қатысты мамандықтармен таныстыру және қоршаған ортаға деген жауапкершіліктерін арттыруды мақсат еткен экологиялық экскурсия балалар көңілінен шықты.

Қызықты саяхаттан кейін қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, бұдан былай табиғатты аялап, қорғауға өз үлестерін қосатындықтарын жеткізді.

Н.АҚЫТЕГІ.