Қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, баспасөз баһадүрі Шерхан Мұртаза: «Журналистің жегені — жантақ, арқалағаны — алтын», — деген екен. Шынымен де, қызығынан гөрі қиындығы көп, табысынан гөрі талабы басым медиа салада екінің бірі еңбек ете алмайды. Тек қана мамандығына адал, бар мен жоққа төзімді әрі білімді, бір сөзбен айтқанда «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» шыдамды жандар ғана жұмыс істей алады десек, қателеспеген болармыз. Сондай қайсар азаматтардың бірі — журналистика саласында ширек ғасыр уақыт бойы үздіксіз қызмет қылып, ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасын қалдырған әріптесіміз, қаламы қарымды журналист, «24 kz» телеканалының арнайы жобалар бөлімінің бас редакторы, «Ақпарат саласының үздігі» Айбек Қобдабай.
Кәсіби мереке қарсаңында есімін ел білетін тәжірибелі тілшімен тілдесіп, отандық журналистика саласының аяқ алысы жайлы ойларын білген едік.
— Әңгімені әріден бастасақ… Журналистика саласындағы алғашқы қадамыңыз біздің басылымда, яғни облыстық «Saryarqa samaly» газетінде басталғанын білеміз. Бұл қара шаңырақ сізге не берді? Өткен күндерді еске алып тұрасыз ба?
— Иә, оқушы, студент кезден аймақтың айнасы һәм тынысына айналған «Сарыарқаны» жағалап, саясын сағалап тәлім терген көп жастың бірімін. 1999 жылдың шіліңгір шілдесінде сол кездегі басылымның бас редакторы болған Мұхит аға Омаровтың шақыруымен бұрын есігінен еркін кіріп жүрген редакцияның қасиетті табалдырығын қобалжи аттаған күндер есімнен кетпейді, әрине. Кілең аға буын өкілдері. Атап айтар болсам, Қажымұрат Смағұл, Төлеубек Қоңыр, Бақыт Баймұрат, Өскенбай Тастемхан, Сәлімбай Ермұрат, Ғалымбек Жұмат секілді мүйізі қарағайдай қазақ баспасөзінің қара нарларынан қаймыға жүріп, хат қорытудан бастап, қалам ұштау, сөз саптау, сөйлем құрау, ой қозғау, тақырыпқа тамыздық іздеу, тақырып қою, шағын ақпарат жазу, қала берді, адаммен сөйлесу мен сұхбат алудың сырларын түгел осы «Сарыарқа самалынан» үйрендім. Қысқасы, қызық та қиын саланың әліппесін аға буыннан кәдімгідей басынан бастап қайтадан оқып, жадыға тоқып, «жазу» деген жауапкершілігі мен жанкештілігі зор өнердің өлкесіне қорқа-қорқа келіп, үлкен мектептен өтіп, өмірлік қор жинағанымыз рас. Енді Ертіс-Баян өңірінің ақпарат айнасына айналған ата басылым не берді десеңіз, бұл қара шаңырақ қадамымды түзеп, қаламымды ұштап, қабырғамды қалап, қанатымды қатайтып, сөз өнерін қадірлей білу деген қасиетті берді бойға.
— Медиа саласында көптен бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мамансыз. Сіздіңше, қазіргі күннің журналисі қандай болуы қажет?
— Қазіргі күннің журналисі кешегі өткен аға буын өкілдері секілді шерлі де зерлі, азулы да адуынды (бұл жерде адуынды дегенім — адамилықтан аттап, айқайшыл, аттаншыл болу емес), қарулы да халықшыл, әмбебап, бесаспап болса игі! Оған мысал жетіп артылады. Мен соның ішінде, жоқ дегенде Шерағаңдай /Шерхан Мұртаза/ бола алмадық қой деп қамығам кейде. Әрине, бізге Шерағаңдай болу қайдааа?!. Бірақ, Шерағаңның шекпенінен шыққан делінетін мінез бен сөз өнері қазір шерменде жүр…
Ал рейтинг қуалау — арзымайтын дүниеден арзан атақ жасау деген сөз. Оның ғұмыры бір сәттік, бір тұтам. Осы қазір көрдің. Артыңа бұрыла бере оны ұмытып қаласың. Бітті. Бір анығы, журналистикада жалған дүние ешкімді, ешқашан жақсылыққа жеткізген емес. Жеткізбейтін де шығар деп сенейік.
— Кезінде Мемлекет басшысымен бірге шет елдерге жиі барып хабар таратып жүрдіңіз. Сол жақтағы журналистер мен қазақстандық әріптестеріңізді салыстырмалы түрде алып қарағанда қандай айырмашылық байқайсыз? Осы орайда журналист шеберлігі жайлы не айтасыз? Сондай-ақ, жаңа технологияны меңгеруде жетпей жатқан тұстар бар ма?
— Меніңше, қазір қазақ журналистикасы тілі жағынан сәл қағажу көріп /оны өзіміз жасап жүрміз/ жүргені болмаса, халықаралық журналистикадан бір мысқал кем емес. Тіпті, сол тілі түзелсе, Батысты да, басқасын да мың орайды. Шетел көрдім деп, шімірікпей ақылгөйсуден аулақпын. Бірақ байқайсың, бағамдайсың, бағалайсың. Сондағы бір көз жеткені — еркіндік. Ең бергі жағын айтқанда, киім киісі мен жүріс тұрысына дейін еркін…
Ал шеберлік — әр журналистің өзіне байланысты. Іздену, тіміскілеу, деталь табу, оны ойнату, сұрыптау, сараптау, тереңіне үңілу, тамырын басу, ертеңін бағамдау ерінбеуді талап ететін еңбек пен табандылықта жатса керек.
Жаңа технологияны меңгеру жағына келетін болсақ, біз көш ілгеріміз деп ойлаймын. Қазақ журналистері әсіресе, сол шетелде жұмыс істеп жүрген әріптестеріміз қазір бір өзі бес адамның қызметін атқарады. Өзі іздейді, өзі тақырып табады, өзі жазады, өзі түсіреді, өзі монтаждайды, өзі перегон жасайды. Тіпті, қазір елдегі іргелі БАҚ-тар да конвергенттік журналистиканы қолға ала бастады. Бұл дегеніңіз — бір тілші бір уақытта бірнеше қызметті бір өзі ғана атқарады деген сөз.
Демек, бұл жерде басқадан бәсіміз төмен деп айтудан аулақпын. Ал отандық болсын, шетелдік болсын БАҚ-тың ұстыны мен ұстанатын саясаты — ол енді бөлек әңгіме…
— Жасыратыны жоқ, бүгінде газет оқитын оқырман, теледидар көретін көрермен қатары азайып барады. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін телефонды ермек етуде. Бұл жағдай журналистің қоғамдағы қадір-қасиетіне кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па? Ойыңыз қандай?
— Бағанадан бері тіл, тіл деп жатырмын… Басқаны қайдам, мен үшін журналистика — өнер! Сөз өнері! «Ұлы» деп әдебиетте айтылатындай ұлықтап, әдемі дүние айтпай-ақ қояйын. Бірақ майын тамызып, маяпоздап, майдан қыл суырғандай етіп, қаузаған дүниеңнің қауызынан бастап, қабыршағына дейін қараша халыққа қазақы тілмен қалап беру өнер емей немене?! Барған жеріңнен арқалаған тақырыбыңды тап-тұйнақтай етіп, бізбен кестелеу — кім не десе, о десін әйтеуір, мен үшін ӨНЕР! Таластарыңыз болса, бәсім дайын, тыңдауға әзірмін. Бірақ осы қара сөздің қасиетін қашырып, қазақ журналистикасының қадірін кетіріп жүрген де — біздің өзіміз. Сондағысы: «әдеби тіл не үшін керек? Мақалдап сөйлеудің не мәні бар? Тәпсір мен тәмсілдеріңді кім түсінеді?», — деп басталады да, тыңдай берсең, ақыр-аяғында сенің тілің кімге керек дегенге келгенде, жүрегім зу етіп, тас төбеме тау түскендей, зәре-құтым қашады… Құдай-ау, астарлап сөйлеп, тас атқанға ас асататын қазақтың тілі мен сөзі емес пе? Мақтамен бауыздап, мадағы мен мазағының бетін аймаңдай ашатын қазақтың тілі мен сөзі емес пе? Жаманын жасырып, жақсылығын асыратын да, асқанға тосқан қойған да сол қазақтың болмысы мен бойындағы шешендік өнері емес пе? Ал біз болсақ, қазір сол бар дүниені баяндап бермек түгілі былғап, тілді әбден былапыт қылып бітірдік. Бұл жерде кім көрінгенге тіліңді безеп безілдей беру керек дегеннен аулақпын. Бірақ болған оқиғаның бедерін ой салатындай безендіріп берсең, соқыр көріп, мылқау түсінеді деп ойлаймын. Сонда журналистикадан сіз айтып отырған қадір-қасиет кетпейді. Керісінше беделі артады.
Ал теледидарды көрермен көреді, көрмейді. Газетті оқырман оқиды, оқымайды. Ол — басқа мәселе… Көрермен мен оқырман айналып келгенде керегін сыңарезу, саржағалы БАҚ-тан емес, байыппен саралап, сабырмен барды бар, жоқты жоқ деп жеткізетін шынайы БАҚ-тан табады деп ойлаймын.
— Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары мен сонда еңбек ете-тін журналистердің ұстанымына деген көзқарасыңыз қалай?
— Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына да, журналистеріне де көзқарасым жақсы. Құрметім де ерек. Олар да ет пен сүйектен жаратылған. Әсілі, «жақсылықты жұрт онсыз да естиді, көреді. Біз жайсыздау жағын жеткізейік, түзейік»,-деген жанашырлықпен харекет қылса керек. Әйтпегенде, оларды Отанының жауы деп ойлау әумесерлік болар еді.
— Интернеттің дамуы дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына қаншалықты әсер етуде?
— Менің түсінігімде интернет өз көрермені мен оқырманын бағалайтын БАҚ-тардың екінші тынысын ашты. Дәстүрлі БАҚ-тың бағыт-бағдары тұжырымдамалық тұрғыдан өзгеріп жатқанымен, интернеттің иірімінде кетеді дегенге сену қиын. Әлбетте, жедел, әбжіл әрекет етуге әсер еткені рас. Әсіресе, жаңалықты жария етуде алдына жан сала алмай қалып жатамыз. Бірақ сол жанталастың соңы жалған болып жататынын да көз көріп, құлақ естіп жүр ғой. Сондықтан кез келген ақпаратты жан-жақты сұрыптап, саралап, тараптарды таразыға тең тартатын дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының бәсі қашанда басым әрі болашағы баянды болмақ деген пікірдемін.
— Елімізде «Масс-медиа» туралы заң қабылданды. Сіздің ойыңызша, бұл құжат отандық журналистикаға қаншалықты серпін берді? Артықшылығы мен кемшілігі жайлы пікіріңіз қандай?
— Қатардағы қарапайым жауынгер ретінде «маған бұл Заң не береді?» деген сұрақты бәріміз сараладық. Өзімізше жауап іздеп көрдік. Соның ішінде маған бір ұнағаны — кім, қайдан, қандай ақпарат таратсын, журналистің қауіпсіздігіне жұмыс беруші жауапты деген норма. Бұл — бір! Екіншіден, журналистердің құқығын қорғайтын тәуелсіз қауымдастықтың құрылуы да көп кемшіліктің тігісін жатқызатын шығар деп сенемін. Сосын ақпарат алу мерзімі қателеспесем бес күнге дейін қысқарды. Бірақ біздің әріптестеріміз заң талқыланып жатқан кезде осы мерзімді екі-үш күнге дейін қысқартуды сұраған еді. Қабылданбай қалды. Расында қазіргідей ақпараттық-технология дамыған заманда қажетті мәліметті дер кезінде алу үшін үш күн күтудің өзі өте көп уақыт деп ойлаймын. Оған Үкімет қайта айналып соғар деп үміттенеміз.
Жалпы, журналистік этиканы сақтау, оларды аккредиттеу деген өзгерістерді қалам ұстаған қауым екіұдай күйде қабылдағаны рас. Бірақ былтырдан бері дәл осы талап-тілектерге қатысты өрескел заң бұзушылықтар болды дегенді әзірге өз басым естіген емеспін.
— Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының есебінде сөз және баспасөз бостандығын шектейтін елдер арасында Қазақстан да бар екен. Бұған көзқарасыңыз қандай?
— Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының есебінде сөз және баспасөз бостандығын шектейтін елдер арасында Қазақстан ғана емес, әлемнің бүкіл мемлекеті бар десем де болады. Тіпті, сіз айтып отырған бұл тізімнің түзілуі де меніңше қазіргі геосаяси ахуалға байланысты қысқа күнде қырық құбылып тұрған болар. Сондықтан орта державаға айналам деген елдердің алдынан жиі шыға беретін осы талаптың орындалу, орындалмау тетігіне үңіліп барып бағалаған дұрыс шығар деп ойлаймын. Әйтпесе, сөз бостандығын керемет әспеттейін, еркін дейтін Еуропаның өзі телеграмның иесі П.Дуровты тегіннен-тегін ұстады дейсіз бе?!
Демек, бұл сіз бен біздің құрығымыз бойлай бермейтін, үлкен саяси айла мен амал ғана деп ойлаймын…
— Қорыта келе, қазіргі қазақстандық журналистикаға қандай баға берер едіңіз? Сонымен қатар, журналист мамандар даярлауда нені ескеру керек? Болашақ журналистеріміз қандай болуы тиіс деп ойлайсыз?
— Бірден айтайын, бүкіл елдің бүтін бір саласына баға беретіндей деңгейге жете қойған жоқпын. Бірақ жақында «қазіргі тілшілердің кейбіреуі мәтіндерін Chat GPT-ге жаздырады екен», — деген әңгімені естігенде, жағамды ұстап, төбемнен жай түскендей күй кештім. Осы жерде оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетсек, Chat GPT дегеніміз – түрлі сұрақтарға жауап беріп, оңай әрі күрделі тапсырмаларды орындайтын арнайы чат-бот.
Иә, біз өзімізше қазақтың тілі бай, шұрайлы деп, жоғарыда айтқанымдай, мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Ал сол бай тілдің әлеуетін әуелетуге келгенде әлсізбіз. Жасыратын ештеңесі жоқ. Демек, деңгей – осы! Бірақ бірден ашып айтайын, мен қалам ұстаған қалың қауымға топырақ шашудан аулақпын. Әйтсе де, маман оқытуда заман сұранысына сай тың әдіс керек. Сол әдіс-тәсіл біздің ұлттық болмыстың тамырынан нәр алуы тиіс. Онсыз мына заманның жуылы мен шуылына мың жерден елікте, ештеңе өндіре алмайсың. Ең бірінші елдік мүдде, ұлттық код деген дүниелер алға шығып, азаматтық қоғамды соған сай алға сүйресең, сонда көш түзелер. Болашақ журналист болам деген буын осыны ескерсе екен деймін.
— Қазір қайда қызмет істеп жатырсыз? Жалпы, сізді танитын оқырмандарымыз үшін өзіңіз жайлы аз-кем айта кетсеңіз…
— Бұл жерде бүкіл өмірбаянымды хикаялап, өткен-кеткенімді тәтпіштеп жатқаным жөн болмас. Дегенмен де, сөз басында айтып өткенімдей, жақында, яғни алдағы шілде айында қорқа-қорқа қадам басқан журналистика саласында тер төгіп жүргеніме 25 жыл болады екен. Зымыраған уақыт, зулаған өмір өтіп жатыр. Еңбектегі алғашқы 4 жылдық қадамды «Сарыарқа самалының» саясына арнасақ, қалған жылдар қазақ телевизиясының басы-қасында өтуде.
Қазіргі таңда осы жылы 30 жасқа толып жатқан қабырғалы арна «Хабарға» қарасты «24 kz» деген телеканалдың арнайы жобалар бөлімінде бас редактормын. Павлодардан кеткелі еліміздің бас қаласы – Астанаға қоныстанып, бала-шағаммен бірге қоңырқай тірлік кешіп жатқан жайым бар.
— Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңіз жана берсін!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.