Құқық пен бостандық қорғаны

Мау 26, 2025

23 маусым – полиция күнінде Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен, күштік құрылым өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Оған Үкімет, Президент әкімшілігі, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдері қатысты. Мұндай құраммен алғаш рет өткен жиын барысында жалпы құқық қорғау саласына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, жаңашылдықтарды енгізуге қатысты нақты тапсырмалар берілді.

Соңғы жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жүргізіліп жатқаны белгілі. Мұндай жаңашылдықтар құқық қорғау жүйесін де айналып өткен жоқ. Бұл ретте барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән беріліп келеді. Өз кезегінде бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесін беріп, бірқатар көрсеткіштердің жақсарғанын байқаймыз. Айталық, 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға, қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Сондай-ақ, соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Жалпы, бұл бағытта құқықтық тұрғыдан ілгерілеу бары айқын аңғарылады. Заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жасалып, отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Нәтижесінде орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді.

Бүгінгі күннің дерті — нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жұмыс атқарылуда. Биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі 84 пайызға ұлғайды. Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Тіпті, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Осы орайда Мемлекет басшысы әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстың негізгі басым тұстарына да тоқталды.

— Біріншіден, «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Қазақ халқы — қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған. Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі. Жалпы, халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге жан-жақты қараған жөн. Бүгін мен «Заң және тәртіп» апталығын жариялауды ұйғардым. Осы апта қоғамда заң мен тәртіпті насихаттау аптасы болмақ. Алдағы жеті күн құқықтық мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының абырой-беделін арттыруға арналуы керек. Алайда, бұл — бірреттік акция емес. «Заң және тәртіп» апталығына азаматтардың құқықтық сана-сезімін көтеретін маңызды, жүйелі шара ретінде қараған жөн, — деді Президент.

Екіншіден Мемлекет басшысы қылмыстың алдын алуға мән беру керек екенін айтты. Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыстарды үйлестіретін дербес бөлімше құруды тапсырды. Құқық қорғау органдарының тиім-ділігін бағалау жүйесінде құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыс нәтижесі есепке алынуы тиіс екенін де ескертті.

— Жалпы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологиялар мен басқа да озық шешімдерді енгізуді жалғастыру керек. Мысалы, қазір елімізде іске қосылған «Заң мен тәртіп» платформасын Электронды үкімет пен танымал банк қосымшалары арқылы қолдануға болады. Осы цифрлық платформаның арқасында азаматтарымыз полицияға тікелей және жедел түрде хабарлама жолдай алады. Осылайша, кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал етеді. Бұдан бөлек, «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу керек. Бұл – қаладағы бейнебақылау құралдары енді адамның бет-жүзін анықтап, оның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көлікті де есепке алады деген сөз. Мұндай озық технологиялар түрлі заңсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді, сол арқылы қоғам-
дық тәртіпті нығайта түседі, — деп нақтылады Қ.Тоқаев.

Үшінші басымдық — қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау. Атап өтерлігі, биыл Атаң Заңның 30 жылдығы аясында рақымшылық жасау туралы заң қабылданып, жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Осы орайда Президент орамды ойды ортаға салды.

— Жазасын өтеп жүргендерді қалыпты өмірге дайындаудың тиімді жолы – жұмыспен қамту. Бұл бағытта біраз түйткілдер бар, нақты шаралар қолдану керек. Осы орайда біздің кәсіпкерлеріміз жазасын өтеу мекемелерінің жанынан түрлі кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруы керек деп ойлаймын. Мұндай серіктестік шетелде кең тараған. Бұл шараның екі жаққа да тигізер пайдасы мол. Жазасын өтеп жүргендердің тапқан табысы бостандыққа шыққан соң олардың қалыпты өмірге оралуына көмектеседі. Ал өндірісте меңгерген дағдысы жақсы жұмыс табуына жол ашады, — деген ұсыныс айтты Президент.

Сонымен қатар, бүгінде бас бостандығынан айырудан бөлек жаза түрлеріне басымдық беріледі. Бұл пробация қызметіне анағұрлым көп салмақ салады. Сол себепті Мемлекет басшысы аймақ әкімдеріне осы салада жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік жағдайын біртіндеп жақсарту жолдарын қарастыруды, пробациялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуды жүктеді.

Төртіншіден, құқық қорғау органдарының жұмысына сервистік модель қағидаттарын кеңінен енгізіп, кадрлық әлеуетін күшейтуге мән берілді. Әсіресе, учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.

— Учаскелік инспекторлар — мемлекет пен қоғам арасындағы басты дәнекер. Бұл ауылдық жерде анық байқалады. Өйткені, жергілікті тұр-ғындар үшін учаскелік инспектор – қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция. Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Өңір әкімдері осы мәселеге мұқият назар аударғаны дұрыс, — деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Айта кетейік, биылдан бастап күштік құрылымдар еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшті. Бұл тәсіл, алдымен, аудан деңгейіндегі қызметкерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік берді. Мәселен, үш жылдық тәжірибесі бар полиция жедел уәкілінің еңбекақысы 60 пайызға өсті.

Ендігі ретте Президент ведомстволық жоғары оқу орындары курсанттарына да жағдай жасап, ынталандыру маңызды екенін атап өтті. Сол себепті оқуда үздік нәтиже көрсеткен және үлгілі тәртібімен ерекшеленген академия түлектеріне бірден «аға лейтенант» шенін беру қажет екенін айтты. Сондай-ақ, оларға бос жұмыс орындарынан өзі қалаған қызмет түрін таңдауына мүмкіндік берілуі керек. Сол сияқты мекемелік наградаларға қызмет бабында қаза болған қаһармандардың есімін беру мәселесін қарастыруды ұсынды. Көшелер мен құқық қорғау мекемелерін батырлардың атымен атауға болады.

— Әрине, құқық қорғау мекемелерінің жұмысында ешқандай қателік немесе жетіспеушілік жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ қара бұлтты төндірудің де қажеті жоқ. Бәріміз бір ел, бір халық болып Қазақстанымыз үшін қызмет етіп, табанды жұмыс істеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ ұлттық парыз, азаматтық борыш. Қазақстан қауіпсіз, заң мен тәртіпке бағынатын ел болуы керек, — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Президент бір топ адамға марапат табыстады. Суға батып бара жатқан адамды құтқарамын деп қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан Атырау қаласының жол-патруль полициясы батальонының қызметкері Шалқар Ақымғалиев III дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған. Ержүрек ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген Шалқардың анасы Ләззат Мұқановаға, қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулиннің жұбайы Анель Забикулинаға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде ерлік жасап, соның салдарынан өз бетімен қозғалу мүмкіндігінен айырылған Алматы қаласы полиция департаментінің Жол полициясы батальоны командирінің орынбасары Әнуар Байтұрсыновқа демеу болып, адалдық, табандылық танытқан жары Гүлжан Байтұрсыноваға Алғыс жарияланды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді атсалысып, көпке үлгі көрсеткені үшін Ақмола облысы Атбасар ауданы Шуйское ауылының ақсақалы Еркебай Байжігітовке, 2022 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген Жамбыл облысы Шу ауданы Балуан Шолақ ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаевқа да Алғыс жарияланды.

Жамбыл облысындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп келе жатқан полициядағы құрметті әулеттердің бірі – Зайнулиндер отбасына абыройлы қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін де құрмет көрсетілді. Әулеттің жалпы еңбек өтілі – 63 жыл. 2013 жылдан бері 500-ден аса күрделі істі ашқан Алматы қаласы полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция майоры Жанна Шешмухановаға кәсібилігі мен адалдығы үшін Алғыс жарияланды.

Ресми жиыннан соң «Заң және тәртіп» апталығы аясында мерекелік іс-шара өтті. Оған Мемлекет басшысы, құқық қорғау құрылымдарының басшылары, Ішкі істер министрлігінің жеке құрамы, ардагерлер, азаматтарды құтқару үшін өмірін құрбан еткен полиция қызметкерлерінің жақындары қатысты. Концертте отандық өнерпаздардың шығармалары ұсынылды. Кәсіби міндетін орындау кезінде қаза болған құқық қорғау органдарының қызметкерлерін еске алған реквием көпшіліктің көңілін қозғады. «Жас сақшы» полиция сыныбы оқушыларының орындауындағы ән де ерекше жылы әсер қалдырды.

Өз тілшіміз.

Суреттер akorda.kz сайтынан алынды.