Көктем-жазда аудан-қалаларда құрылыс, жөндеу жұмыстары қызатын шақ. Құзырлы органдар өңіріміздегі жаймашуақ мерзімді барынша тиімді пайдалануға, нысандардың құрылысын уақытылы аяқтауға басымдық береді. Осы ретте, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов жұмыс сапарымен бірқатар аудан-қалаға барды. Мұнда құрылыс, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандардың жай-жапсарымен танысты. Мердігерлер мен тапсырыс берушілерге тиісті ескертулерін айтты.
Бұл туралы Серік Батырғожинов Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды. Мәселен, Ақтоғай ауданына қарасты Әуелбек ауылындағы Ыдырысов атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Мұнда тапсырыс беруші мен мердігерге құрылыс жұмыстарының мерзімдері мен сапасын сақтауға байланысты ескертулерін жеткізді. Сондай-ақ, тапсырыс берушіге жобаны іске асыру барысында бақылауды күшейтуді, ал мердігер ұйымға ресурстарды жұмылдыру және ағымдағы жылдың 15 тамызына дейін жөндеуді аяқтауды тапсырды. Ал Ақтоғай ауылында 24 пәтерлі тұрғын үй құрылысының бүгінде 95 пайызы аяқталыпты.
Аталмыш ауданға сапарының соңында күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді. Ақтоғай ауданының әкіміне жылу жүйелерін ретке келтіру және жылу энергиясына жұмсалатын шығындарды оңтайландыру бойынша тапсырма берді. Серік Батырғожинов Ертіс ауылында бой көтеріп жатқан бассейн құрылысымен де танысты. Сонымен қатар, аудандағы орталық қазандықтардың жағдайын тексеріп, аралап шыққан. Мемлекеттік органдардың басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді. Жиында қазандықтардың ағымдағы жағдайы, жылу беру маусымына дайындық барысы талқыланды. Сондай-ақ, көрнекті ақын-импровизатор Иса Байзақовтың 125 жылдығын атап өтуге арналған іс-шараларды дайындау және ұйымдастыру мәселелері де қозғалды. Құзырлы органдарға нысандардың қысқы кезеңге толық дайындығын қамтамасыз етуді жүктеді. Иса Байзақовтың 125 жылдығын мерекелеуге байланысты нақты тапсырмалар берді.
Жұмыс сапарымен Аққулы ауданына да барды. Тілектес ауылында көпшіліктің өтінішімен салынып жатқан мектеп құрылысының барысымен танысты. Қарақала ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені және аудан орталығындағы су құбыры желілері мен аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарын да назарға алды. Мердігер ұйымдар мен жауапты сала мамандарымен кездесулер өткізіліп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы сараланды. Мұнда да 2025–2026 жылдардағы күз-қысқы жылыту маусымына дайындық мәселесі сөз болды.
Ал Ақсу қаласында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Барлыбайұлы Ы.Алтынсарин көшесіндегі дауылдан зардап шеккен тұрғын үйлердің тұрғындары мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Кеңесте табиғат апатының салдарын жою және зақымдалған тұрғын үйлерді қалпына келтіру мәселелері талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша жұмыстардың орындалуын күнделікті бақылауды, халықты үнемі хабардар етіп отыру тапсырды.
Сондай-ақ, ол қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Қалалық ауруханада мердігерлер жөндеу жұмыстарын бастап кеткен. Құрылыс материалдары жеткізіліп, жұмыстар галерея өткелінен басталған. №20 балабақшада сегіз веранданың демонтажы аяқталған. Төртеуінің бетон едені құйылса, екеуіне қиыршық тас төселуде. Қалған екеуінде тазалау жұмыстары жалғасуда. Техникалық аудит жүргізуді, жұмыстардың сапасы мен мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ тұрғындарға атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен кезеңдері туралы уақытылы хабарлап отыруды тапсырды.
Г.МАҒЖАН.
Сурет газет мұрағатынан алынды.