Қазіргі уақытта тұтас ел көлемінде инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мәселесі өзекті тұр. Әсіресе, осыдан үш жыл бұрын жылуға қатысты ірі апат орын алған Екібастұз қаласындағы желілерді жөндеп, жаңғырту жұмыстарын жүргізу – уақыт күттірмейтін іс. Осы мақсатта ел қазынасынан шамамен 3 млрд теңге бөлінбек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетикалық және коммуналдық секторларды жаң-ғырту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Павлодар облысында инженерлік желілер мен жылу көздерінің тозуын азайту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұл мақсатта Үкімет резервінен Павлодар және Екібастұз қалаларының жылу желілерін жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін шамамен 3,8 млрд теңге бөлінді. Тиісті Қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды.
Соған сәйкес, қаражаттың басым бөлігі, атап айтқанда 3 млрд теңгеге жуық қаржы Екібастұз қаласына жұмсалады. Бұл қомақты сомаға кеншілер шаһарында екі жоба жүзеге аспақ. Нақтысы, орталық жылу тарату пунктінен 1,4 шақырым жердегі елді мекенге дейінгі ТМ-1 және ТМ-3 жылу магистральдары жөнделеді. Сонымен қатар, облыс орталығындағы Павлов – Шевченко – Катаев көшесіндегі тұрғын үй шағын ауданын жылумен қамтамасыз ету үшін Қамзин көшесі бойынша ТМ-13 салу жобасын аяқтау қажет. Бұл мақсатқа 802 млн теңге бағытталып отыр.
Жалпы, өңірдегі жылу желілерін жаңғыртып, жаңарту үшін барлығы 5,8 млрд теңге керек. Жоғарыда атап өткендей, Үкімет бұл соманың 3,8 млрд теңгесін бөлді. Қалған 2 млрд теңге облыстық бюджеттен қарастырылады.
Сондай-ақ, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша Павлодар қаласында 1-НО-52 жылу-электр станциясы учаскесінде өткізу қабілетін арттыра отырып, 9,8 млрд теңгеге жаңа ТМ-20а жылу магистралін салу жоспарлануда. Жоба негізінде республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмаған қала аумағының 30 пайызын жылумен қамту көзделіп отыр.
Айта кетейік, былтыр Үкімет резервінен бөлінген қаражатқа ұзындығы 9 шақырым болатын магистральдік жылумен жабдықтау желілеріне жөндеу жүргізілген болатын. Екібастұздағы жылу-электр орталығының қазандық агрегаттары да жөнделіп, тазартылған су құбыры салынды. Одан бөлек, облыстың жылу беруші кәсіпорындарында ұзындығы 2,4 шақырым жылу желілерін жаңғырту бойынша жұмыстар атқарылды. Оның ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына көшу аясында салынған, жалпы сомасы 1,7 млрд теңге болатын 2,1 шақырымдық жылу желісі бар. Осы және өзге де жұмыстардың нәтижесінде осы жылдың басында желілердің тозу көрсеткіші 79,7 пайызға дейін төмендеді.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.