Аудан жастары қай салада белсенді?

Шіл 10, 2025

Павлодар өңірінің жастары әр салада белсенді. Оны соңғы жылдары еріктілер ұйымының қарқынды жұмысы, жастардың жеке дамуына бағытталған оқытулардың көбеюі мен өнер саласын бағындырып жатқан жігерлі жастардан байқауға болады.

Десек те, өңір атын шығарып, көмекке мұқтаж жандарға өз үлестерін қосып жүрген ауыл-аймақтағы жастар ұйымдары жайлы ұмытпаған жөн. Солардың бірі – Железин ауданының белсенді жастары. Олар аудан тұрғындарымен тығыз байланысы мен ұйымның қызметі жайлы айтып берді.

Железин ауданында 14-35 жас аралығындағы жастардан құралған «Адал» еріктілер қозғалысы ауыл тұрғындары арасында танымал. Аталмыш ұйым ауданға алғаш «Жақсылық себеті» акциясын ала келіп, дәстүрлі түрде өткізе бастаған. Бұл акцияның мақсаты – көпбалалы, аз қамтылған, мүгедектігі бар және жалғызбасты қарт адамдарға азық-түлігі толған себетін тарату.

–  2024-2025 оқу жылында аз қамтылған бес отбасынан шыққан балаларды «Мектепке жол» акциясы арқылы оқуға қажетті заттармен қамтамасыз етіп, мектепке бастан-аяқ дайындаған. Тамыз айынан бастап осы күнге дейін ұйым еріктілері 49 қажеттілігі бар отбасы, мүгедектігі бар адамдар, жалғызбасты қарттар және ерекше балаларға азық-түлік таратып, қыстың қарлы кезінде аулаларын тазалап, ағаш жарып көмек қолын созды. Одан бөлек, белсенді жастар көптеген экологиялық шараларға қатысып, қоршаған ортаның жақсаруына атсалысады, — дейді ұйым басшысы Рахат Жолдыбаев.

Оның айтуынша, аудан жастары қай салада болмасын белсенді. Жастар спорт, білім және мәдениет салалары бойынша аудандық, облыстық, республикалық байқаулардан топ жарып әрдайым жүлделі орындармен оралып, аудан атын шығаруда. Сондай-ақ, 25 адамнан құралған ұйымның еңбекқор қатысушылары еріктілер жиынына қатысып, өз біліктілітерін танытады.

Аталмыш еріктілері қозғалысы алдағы уақытта қажеттілігі бар отбасыларға қол ұшын созып, ұйымның даму жолында заманауи жаңа әдістерді қолдануды көздеп отыр.

Салтанат ҒАББАС,  Железин ауданы.