Евгеньевка ауылдық округіне қарасты Үштерек ауылында бүлдіршіндерге арналған балабақша жоқ. Мұндағы ескі мәдениет ғимараты да — жеке меншіктің иелігінде. Сондықтан жергілікті тұрғындар жаңа әлеуметтік нысандар салуды сұрап отыр.
Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріповтің Үштерек ауылы тұрғындарымен тұрақты кездесуі өтті. Шаһар басшысы кездесу барысында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлармен бөлісті.
Өз кезегінде тұрғындар толғандырған мәселелерді көтерді. Солардың бірі – балабақша салу. Ауылдық округ әкімі Аршат Халықовтың айтуынша, елді мекенде барлығы 198 бала бар. 40 бүлдіршін мектеп ішіндегі шағын орталыққа барса, тағы 36 бала даярлық сыныбында тәрбиеленуде. Ал өзге балалар Ақсу қаласындағы балабақшаларға баруға мәжбүр. Бұл ретте облыстық құрылыс басқармасы 120 орындық жаңа балабақшаның жобасын әзірледі. Енді ол мемлекеттік сараптамадан өтсе, қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталуы мүмкін.
Сонымен қатар, Үштерек ауылындағы мәдениет мекемесінің ғимараты ескі. Оған қоса, ол жекеменшіктің қолында. Ендігі ретте жергілікті билік бұл ғимаратты сатып алып, қайта жаңғыртудан өткізу немесе жаңа нысан салу мәселелерін қарастыруда.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.