Жасыл желек жайқалмақ

Шіл 10, 2025
посадка дерева осенью пошагово

Екібастұз қаласындағы ірі кәсіпорындардың өңір экологиясына айтарлықтай жүктеме салатыны жасырын емес. Жағдайды жақсарту үшін тың технологиялар қолданылып, жаңа жабдықтар орнатылуда. Ендігі ретте көшеттерді отырғызу мәселесіне де түбегейлі өзгеріс керек.

Шаһар басшысы Аян Бейсекиннің айтуынша, қала құраушы кәсіпорындар экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында кешенді шаралар атқарып жатыр. Қалдықтарды тазалайтын, күлді ұстайтын, шаңды бөлетін түрлі қондырғылар қойылып, жүйелер жаңартылуда. Кәсіпорындар соңғы үш жылдың өзінде бұл мақсатқа 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.

Бірақ жасыл желек қатарын көбейту мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Қала әкімдігінде ірі өндіріс орындары мен қоршаған ортаға жауапты мамандардың қатысуымен өткен жиын барысында бұл жайт егжей-тегжейлі қаралды. Нәтижесінде кешенді шараларды атқаруға қатысты шешім қабылданды. Атап айтқанда, ауаны тазалайтын, оттегі көп бөлінетін көшеттер отырғызу, ірі кәсіпорындар салатын көшеттерді бақылап, олардың тамыр тартуын тексеру қолға алынатын болды. Сондай-ақ, қала құраушы кәсіпорындар санитарлық қорғау аймағында ғана тал егіп қоймай, қала мен елді мекен ішіндегі аумақтарға ағаш отырғызуға міндеттелді. Бұл бағытта әр кәсіпорын жеке дендрологиялық жоспар да құруы тиіс.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.