Көмір көмегі кімге тиесілі?

Шіл 10, 2025

Жаз айлары зырғып өтіп, қоңыр күз де, қылышын сүйреп қыс та көзді ашып-жұмғанша жете қалады. Сондықтан көпшілік ерте қамданып, қыстан қысылмай шығуға әзірленеді. Бұл ретте, көмір жағып, баспанасын жылытатын жандардың бәрінің бірдей тонналап көмір сатып алуға жағдайы келмейтіні жасырын емес. Қара отынның да бағасы жыл сайын қымбаттамаса, арзандаған емес. Осы орайда биліктегілер қоғамның әлеуметтік осал топтарына демеу болуға ден қояды. Яғни, бірқатар санаттағы азаматтарға тегін көмір үлестіру ісін қолға алған. Игі бастама биыл да жалғасын табуда. Сонымен, тегін көмір кімдерге беріледі? Қандай талабы бар? Бұл жөнінде Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Айсұлу Құсайыновадан білген едік.

— Айсұлу Данилқызы, қатты отын сатып алуға әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш қабылдау басталған екен. Құжаттарды қашанға дейін тапсыруға болады?

— 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Павлодар қаласында көмір сатып алуға әлеуметтік көмек тағайындау үшін өтініштер қабылдауды бастадық. Бұл көмек алуға өтініштер ағымдағы жылдың 15 желтоқсанына дейін жалғасады. Айта кетейін, бұл көмек Павлодар қалалық мәслихатының 2023 жылғы 13 қазандағы №65/8 шешіміне сәйкес тағайындалуда. Бірреттік төлем көлемі – 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ақшаға шаққанда 78 640 теңгені құрайды.

— Мемлекеттің қолдауын кімдер көре алады? Нақты қандай санаттағы азамат-тардың бұл жәрдемге жүгі-нуіне болады?

— Иә, бірреттік әлеуметтік көмек қоғамның белгілі бір санаттарына ғана тағайындалады. Атап өтсек, I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдар, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар құжат тапсырып, жәрдем ала алады. Бұл санаттағы жандардың табысы есептеліп, ескерілмейді. Сонымен бірге, жан басына шаққандағы орташа табысы өтініш берген сәттегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасылар да аталмыш көмекке құжат тапсыра алады. Бұл ретте, олардың табысы есептеліп, ескеріледі. Атап өтерлігі, 2025 жылдың III тоқсанына арналған күнкөріс деңгейі – 53663 теңге. Өткен жылы мұндай көмекті 2729 азамат алды.

— Бұл ретте, көмек алу үшін қандай құжаттар қажет?

— Әрине, кез келген көмек алу үшін тиісті құжаттар тапсыру талап етіледі. Біріншіден, өтініш беруші азамат өзінің тиісті санатқа жататындығын растайтын анықтама тапсырады. Қатты отынға қатысты болған соң өтініш беруші міндетті түрде жеке үйде тұруы керек әрі ол баспананың өзіне тиесілі екенін растайды. Сол себепті тұрғын үйге меншік немесе пайдалану құқығын растайтын құжаты (жалға алу шарты, тексеру актісі) талап етіледі. Сонымен қатар, үйінің пешпен жылытылатынын растайтын да құжаты болуы шарт. Бұл құжат ретінде тұрғындар «Павлодарэнерго» кәсіпорнынан ай сайын келетін коммуналдық қызмет түбіртегін (қыс мезгіліндегі) немесе «Спецмашин» кәсіпорнының анықтамасын тапсырады. Тізімдегі тағы қажет етілетін құжаттар — банк шотының бар екендігі туралы хабарлама, отбасының табысы туралы мәліметтер. Павлодар қаласына қарасты Атамекен, Жетекші, Кенжекөл, Мойылды, Павлодар ауылдарының тұрғындары да өтініш бере алатынын атап өткен жөн.

— Өтініштерді қайда тапсырады?

— Қызмет толығымен автомат-тандырылған және egov.kz порталында қолжетімді. Тағы да ескере кететіні, өтініш беруші жеке тұрғын үйде тіркеліп, тұрақты тұруы қажет. Толық ақпаратты Генерал Дүйсенов көшесі, 80, «Open Pavlodar» фронт-кеңсесі, 3-үстелден біле аласыздар. Құжат қабылдау мерзімі 15 желтоқсанға дейін жалғасады.

— Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.