Жастар жұмысқа кірісті

Шіл 10, 2025

Павлодар қаласындағы Ақпараттық технологиялар колледжінің 31 студентінен құралған «Жасыл ел» еңбек жасағы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын ресми түрде бастады. Маусымдық жұмысқа тартылған білім алушылар тәжірибе жинақтап қана қоймай, табыс табады.

Бүгінге дейін облыстағы экологиялық-волонтерлік жасақтар жалғызбасты қарттарға көмек көрсету, сенбіліктер мен экологиялық акцияларға қатысу сынды істермен айналысқан болатын. Енді 1 шілдеден бастап олар көгалдандыру мен абаттандыруға бағытталған экологиялық жұмыстарды атқаратын болады.

Ақпараттық технологиялар колледжінің еңбек штабы команди-рінің орынбасары Гаухар Аманова барлық қатысушыға қолғап пен арнайы бас киім үлестіріп, еңбек маусымының алғашқы күніне сәттілік тіледі. Жасақ мүшелері алғашқы тапсырмаларын бірден орындауға кірісті.

Еңбек маусымы аясында жастар бір ай бойы газондарды арамшөптерден тазалайды, гүл егіп, оларды күтіп-баптайды, бұталардың пішінін келтіріп, қаланың тазалығы мен көркіне үлес қосады.

– Әр жас сарбаздың қаламыздың көгалдандыру мен абаттандыру жұмысына қосқан үлесі маңызды. Бұл — еңбек қана емес, өз қаласына деген қамқорлықтың көрінісі, – дейді командир Татьяна Трубецкая.

«Жасыл ел» бағдарламасы жастардың жазғы уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп, елді мекендердің көркеюіне көмек көрсетеді.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.