«Өнер — таусылмас қазына, жұтамас байлық» дейді дана халқымыз. Қазақ қолөнері — өзінің көркемдік мән-мағынасымен  халқымыздың ғасырлар талғамынан өткен асыл қазынасы, ата-бабамыздың ұшқыр қиялынан шыққан өнер туындысы. Ол бір жағынан — өнер болса, екіншіден — ежелден келе жатқан кәсіп түрі. Ұсталар найза, қылыш, айбалта, семсер сияқты қару-жарақ түрлерін әзірлесе, ағаш шеберлері киіз үйдің сүйегінен бастап үй мүліктері — сандық, кебеже, тостаған, оқтау, астау және музыка аспаптары — домбыра, қобыз жасаған. Бүгінде осы мұраны бойына сіңіріп, ата жолын жалғап келе жатқан шеберлердің бірі — Қылышбек Құрмантегі.

Бұл өнер туралы қазіргі жастардың бірі білсе, бірі білмейді. Ұлттың ғұмыры уақытпен ғана емес, өзінің ұлттық болмысын сақтай білуімен өлшенетіні — ақиқат. Дәстүрді сақтап қалатын — халықтың өзі. Өкінішке қарай, қазір біз салт-дәстүрімізді, мәдени мұра-ларымызды танып-білуде олқылықтарға жол бердік. Мұның бір себебі осы өнерге шынайы жанашырлықтың жоқтығынан да болуы мүмкін. Дегенмен, қазақ халқының қолөнерін әлемдік дәрежеге шығарған, артына өшпес мұра қалдырған, халық мақтанышына айналған көптеген шеберлердің бірі — Қылышбек Құрмантегі. Оның есімі тек біздің аймаққа емес, республикалық деңгейге белгілі. Қылышбек Құрман тегі Баянауыл ауданы Торайғыр ауылында 1965 жылы 6 шілдеде дүниеге келді. Астанада өткен «ЭКСПО 2017» көрмесінің күміс жүлдегері. 1998 жылы сол ауданда етікші болып қызметке орналасқанда ағаш өңдеуге көңілі ауып, сол уақыттан бері ағаштардан түрлі заттар жасаумен айналысып келеді. Кейіпкеріміздің сөзінше, бұл салаға ауысуына өзінің қолөнерге деген қызығушылығының, икемді-лігінің бар болғаны себеп болған.

— Осыдан шамамен 30 жыл бұрын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 135 жылдығына орай облыс бойынша шеберлер арасында байқау өтетінін естідім. Өзімді шыңдап әрі сынап көрейін деп осы сайысқа қатысып, бас жүлдеге ие болдым. Кейін бір жарым ай дайындалып, қазақ құрылтайына барып келдім. Келгенімде сол кезде аймақ басшысы болған Ғалымжан Жақиянов мені зор қуанышпен қарсы алды. Өнеріңді одан әрі шыңда деген мақсатта Баянауылда бос тұрған сегізжылдық мектептің ғимаратынан маған орын берді. Өкінішке қарай, белгісіз жағдайда іштегі құрал-саймандарым, жасаған барлық затым жанып кетті. Сол оқиғадан соң көп уақыт қолөнерге жақындамадым. Іштегі қалауымды тыңдап, ауданнан Павлодар қаласына келіп, жиһаз жасаумен айналыстым. Шаһар орталығынан бір бөлмені жалға алып, қайта ағаш өңдеу ісіне көштім. Содан бері қолөнерден қол үзген емеспін, — дейді шебер. Қылышбек Құрмантегі ағаштан бұйым жасай жүріп, ұсталық, зергерлік қырымен де танымал бола бастады. Оның айтуынша, бұл — үлкен аталарынан келе жатқан өнердің бірі.

— Негізі, бұл өнер бізде атадан балаға мирас болып жалғасуда. Үлкен атамыз Құлмағанбет Байбақыұлы, кейін атамыз Жәми және әкем де Баянауыл ауданына белгілі қолөнершілер болды. Үлкен жетістіктерімің бірі деп «ЭКСПО -2017» көрмесінде күміс жүлдеге ие болуымды айтуға болады. Көрменің басынан аяғына дейін болдым. Оған үздік деп бағаланған бұйымдарымызды алып бардық. Жоғары деңгейде өткізілген шарада шетелдіктер жұмыстарымызға жақсы бағасын берді. Әсіресе, Польшадан, Ресейден, Түркиядан келген қонақтар қызығушылық танытты. Кейбір бұйымдарымды ұнатып, сатып алғандары да болды. EXPO-да біз өзіміздің ұлттық дүниелерімізді әлем елдеріне таныта да, көрсете де алдық деп санаймын, — дейді ол. Шебердің бүгінде өзінің ісін шәкірттеріне дәріптеуде. Болашақ қолөнершілерді дайындайтын «Атамұра» атты көне ұлттық қолөнер орталығында 14 бала тәрбиеленуде.

— Менің басты арманым – баю емес. Керісінше, өзімнің артымнан менен асқан шәкірттерді тәрбиелеу. Қазіргі уақытта оларға ұмыт болып бара жатқан қолөнер түрлерін үйретіп жатырмын. Соның ішінде: ертоқым жасау, қамшы өру, қолданбалы ағаш ыдыстар: астау, ас табақ, бас табақ, сандық, бесік жасауда алғыр шәкірттерім бар. Осындай талантты балалардың өсіп келе жатқанына қуанамын. Қазақ халқының ұлттық өнерін сүюге, құрметтеуге баулу арқылы бүгінгі шәкірттерді ертеңгі еңбеккер, жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуге әбден болады. Шәкірттердің жүрегіне жол тауып, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру – қазақ қолөнерін жас жеткіншектердің санасына жеткізудің құралы, — дейді Қ.Құрмантегі. Осы уақытқа дейін қолөнерші еш затын сатпаған. Алайда алдағы уақытта қазақ өнерін қолдаушы жандар болса, сатылымға шығаруымыз мүмкін дейді. Қазақ халқының ұлттық өнерін сүюге, құрметтеуге баулу арқылы бүгінгі шәкірттерді ертеңгі еңбеккер, жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуге әбден болады. Шәкірттердің жүрегіне жол тауып, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру – қазақ қолөнерін жас жеткіншектердің санасына жеткізудің құралы.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.