Өңірімізде «Даму» қорының көмегімен сауда саласын дамытып жатқан кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Биыл нарыққа енді аяқ басқан шағын бизнес те, көпшілікке белгілі кәсіпорындар да мемлекеттік қолдау алды. Бірі кәсібін кеңейту үшін жалға берушілерден бас тартып, қордың көмегіне жүгінсе, екіншісі бизнесін жақсарту мақсатында ауқымды жоспарын іске асырды.
Ішкі сауда нарығында бес жылдық тәжірибесі бар Рада Маутина есімді жас кәсіпкер «Даму» қорының көмегімен жеңілдетілген несие алды. 2023 жылдың қыркүйек айында «Маутина» жеке кәсіпкерлігі тіркелген. Оның негізгі қызмет бағыты – тұрғындар мен шағын және орта бизнес өкілдері арасында сұранысқа ие тұрмыстық химия тауарлары мен кеңсе жабдықтарын бөлшек саудада сату.
Бастапқы кезеңде кәсіпкер өзге сауда үйінен орын жалға алып, аз көлемдегі инвестициямен өз ісін бастаған. Оның бизнесі клиенттердің қажеттіліктеріне мән беріп, тауар ассортиментін дұрыс таңдауы мен табандылығының арқасында тез арада дами бастады.
Жас кәсіпкер келешекте өсіп-дамып, тауар түрлерін кеңейту мақсатында былтыр «Даму» қоры арқылы қаржылай қолдауға ие болды. Оның нәтижесінде мемлекет тарапынан пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы жылдық 9 пайыздық мөлшерлемемен 33 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды.
– Алдымен кәсібімді кеңейту үшін пәтерімді сатуға қойдым. Кейін сіңлім екеуіміз «Даму» қорына барып, менеджерлердің ақыл-кеңесіне жүгінуді жөн көрдік. Онда 9 пайыздық жоба туралы айтып, қатысу үшін барлық құжаттарымды дайындай бастадым. 100 пайыз кепілдік болмау қаупіне қарамастан, бағымды сынап көрдім. Біраз уақыт өткен соң шағын бизнесімнің айналымы жақсы екені расталып, қор арқылы қаражатқа ие болдым. Бүгінде дүкендегі тұрақты сатып алушыларымыз көп. Сондай-ақ, үш адам жұмыспен қамтылған. Бұрынғы сауда үйінде жалдау ақысының төлемі қымбат, сауда пайдасы төмен болатын. Енді «Даму» қорының қолдауымен арманым орындалып, мақсаттарым жүзеге асуда. Алдағы уақытта сауда алаңын кеңейту жоспарда бар, – дейді Рада Маутина.
Ол қордан алған қаражаттың көмегімен жабдықтарын жаңғыртып, сауда алаңын кеңейтіп, өнімнің түрлерін арттырды. Әсіресе, отандық өнімдерге назар салып, сөрелердегі тауарлардың 20 пайыздан астамы елімізде өндірілген өнімдермен толыққан. Яғни жергілікті өндірушілердің кәсібін қолдап қана қоймай, тұтынушыларға еліміздің сапалы тауарларын таңдауына мүмкіндік береді. Осылайша, аталмыш жеке кәсіпкерлік ішкі сауда саласындағы шағын бизнестің дамуына өз үлесін қосуда.
Ал қала тұрғындарының арасында кеңінен танылған сауда нысандарының бірі, 35 жылдық тарихы бар «Олжа» (Муравейник) дүкені кішкентай баласы бар аналар, қариялар мен қозғалысы шектеулі тұрғындардың ыңғайына қарай лифт орнату жобасын жүзеге асыруда. Аталмыш сауда үйінің инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылды. Жоба аясында лифт шахтасы салынып, заманауи лифт орнатылды. Бұл 2–5-қабаттағы сауда алаңдарының жағдайын әлдеқайда жақсартты.
– Дүкендегі жалға берушілер бізбен бірге талай уақыт еңбек етіп келеді. Оларға ыңғайлы жағдай жасауды ескере отырып, ауыр тауарларын көтеріп, денсаулықтарына зиян келтірмес үшін, сондай-ақ, сатып алушылар бес қабатты аралаған уақытта тынығып, лифт арқылы көтерілуі үшін жобаны қолға алдық. «Даму» қоры арқылы 100 миллион теңгені 21 пайызбен алдық, – дейді «Манақпай Корпорациясы» ЖШС басшысы Марал Тезекпаева.
Танымал сауда үйінде 1998 жылдан еңбек етіп келе жатқан Айгүл Әбілханова жаңа лифт шахтасының құрылуына дән риза. Жалға берушінің бүгінде екі сауда алаңы бар. Болашақта алаңдарын кеңейтуді жоспарлауда.
Айта кетейік, лифт шахтасын құру жобасы арқылы екі жаңа жұмыс орны ашылып, қала бюджетіне қосымша салық түседі. «Олжа» сауда үйі бұрыннан сұранысқа ие бизнес орны екені баршаға мәлім. Енді «Даму» қоры арқылы ол одан әрі дами түспек.
Салтанат ҒАББАС.