Қазіргі қарқын сақталуы қажет

Шіл 24, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Алты айда аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы қандай? Бюджетке түсуі тиіс кіріс көлемі қамтылды ма? Ал қазынаға түскен қаржыны игеру өз деңгейінде ме? Кемшін тұстар болса, жыл соңына дейін түзету мүмкіндіктері бар ма? Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту бағытындағы ахуал қандай? Облыс әкімдігінің кезекті аппараттық жиыны осы сауалдар төңірегінде өтті.

Көрсеткіш — көрім

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктің мәлімдеуінше, барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң қарқын тіркеліп отыр. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105,1 пайызды құраған. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,8 трлн теңгеден асты. Ал негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 7,6 пайызға өсіп, 440 млрд теңгеден асқан. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім өсімі 2 пайызға асса, құрылыс саласында 13 пайызға өсім байқалған. Сауда, көлік және байланыс салаларында да айтарлықтай өсу қарқыны тіркеліп отыр.

Облыс әкімі Асайын Байханов өңіріміз барлық салада оң қарқынға ие екенін атап өтті.

— Бұл ретте, мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысын, жаңа нысандардың ашылуы мен инвестициялық жобалардың жүзеге асуын, шағын және орта бизнестің белсен-дендірілуін атап өту қажет. Десе де, әлі де күш салатын тұстар бар, алда әлі — алты ай. Қазіргі қарқынды жоғалтпауымыз қажет. Әрбір жобаның сапалы жүзеге асуын қамтамасыз ету және қарқынды сақтап қалуымыз керек, —
деді облыс әкімі.

Оң даму қарқыны Павлодар, Екібастұз қалалары мен төрт ауданда тіркелді. Дегенмен, кейбір аудандарда жекелеген бағыттарда көрсеткіштің төмендегені байқалған. Атап өтсек, Ақсу қаласында, Павлодар, Успен, Железин, Ертіс, Аққулы аудандарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тұрғын үйді қолданысқа беру және бөлшек саудада көрсеткіштің тиісті мөлшерге жетпегені белгілі болды. Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов көрсеткіштің төмендеу себептерін түсіндірді. Мәселен, жартыжылдықта ауыл шаруашылығы саласында тиісті межеге жетуге бір кооперативтің таратылуы себеп болғанын айтты. Ауданның негізгі капиталына 2,2 млрд теңге тартылыпты. Алда бірқатар жоба іске асса, қосымша инвестиция құйылатын көрінеді. Жыл соңына дейін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің толық орындалуына күш салатынын уәде етті.

Ал Баянауыл ауданында негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілген. Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың мәлімдеуінше, алты айда 25 млрд 41 млн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Оған Майқайың кен байыту комбинаты жұмысының қарқын алуы оң әсер етті. Аталмыш өндірісте 18 млрд 391 млн теңгенің өнімі шығарылған. Мал шаруашылығында да өсім айтарлықтай. Негізгі капиталға
7 млрд 823 млн теңге құйылған. Ауданға ірі инвесторлар тартылыпты. Әсіресе, туризм саласында бірқатар іргелі жобалар қолға алынуда.

Облыс әкімі құзырлы органдарға, барлық аудан-қала әкімдеріне көрсеткіші төмен бағытпен жұмысты қолға алып, қысқа мерзімде жоспарларын түзетіп, талдау, басқару жұмысын күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар, жиында тұрғын үй құрылысы мәселесі де қаузалды. Алты айда жылдық жоспардың 35 пайызы орындалған. Аймақ басшысы облыстық құрылыс басқармасы басшысынан жыл соңына дейін қалғанына қол жеткізу ықтималдығын сұрады. Басқарма басшысы Асқар Ажмұраттың айтуынша, мүмкіндік бар. Арендалық үйлерден бөлек, жекеменшік тұрғын үй құрылысы жүруде. Жалпы, облыс көлемінде 11 көпқабатты үй салынуда. Шарбақты ауданының өзінде 36 пәтерлі үш үй бой көтеруде. Облыс әкімі аталмыш ауданда 200-ден астам адам тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтты. Демек, жаңа пәтерлер пайдалануға берілсе, кезек тең жартысына азаяды. Ақтоғайда 24 пәтерлі, Железинде 36 пәтерлі үй салынып жатыр.

— Бүгінде облыста 25 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың 15 мыңы Павлодар қаласында, қалғаны екі қала мен 10 ауданда тіркелген. Баспана құрылысы экономикалық көрсеткіш қана емес, бұл — қаншама адамның жылдар бойы күтетін қуанышы. Сондықтан, олардың уақытылы баспаналы болғаны маңызды, — деді Асайын Қуандықұлы.

Кіріс – кідіріссіз

Жарты жылда облыс қазынасына 205,3 млрд теңге түсті. Жоспар 3,9 млрд теңгеге асыра орындалды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатовтың айтуынша, былтырғы кезеңмен салыстырғанда кіріс 19,1 млрд теңгеге өскен. Бюджеттің шығынына келсек, мұнда жоспар 99,9 пайызға орындалған, 305 млрд теңге игерілген. Барлық қалалар мен аудандар кірістер бойынша жоспарды толық қамтыған, нәтижесінде аймағымыз — республика көлемінде өңірлер арасында бюджетті орындау жағынан бірінші орында.

Облыстың бас қаржыгерінің айтуынша, жыл соңына дейін кірістер бойынша тәуекелдер жоқ. Бюджеттің шығыс бөлігінде де оң үрдіс бар. Бастысы, республикадан трансферттер мен субвенциялар уақыты аударылса болғаны.

— Әрбір әкім, басқарма басшысы — бюджет қаражатын тиімді және уақытылы игеруге тікелей жауапты екендеріңізді ұмытпаңыздар, — деді аймақ басшысы.

Еңбекпен қамтылды

Аппараттық жиында жұмыспен қамту мәселесі сөз болды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырованың айтуынша, жұмыспен қамтудың өңірлік картасын іске асыру шеңберінде биыл 25,5 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 72 пайызы тұрақты болуы тиіс. Жыл басынан бері 15,3 мың адам еңбекпен қамтылған. Олардың 9730-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл ретте, басқарма басшысы жұмысқа орналасқандардың тек 10 мыңнан астамында зейнетақы аударымдары жүріп жатқанын айтты. Сондықтан, жұмыс берушілермен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, еңбек қатынастары бағытында шаралар қолға алынатынын атап өтті.

Кәсіп ашуға ниетті жандарға қайтарымсыз грант беру жалғасуда. 2025 жылға 400 АЕК көлеміндегі 406 грант үлестіру көзделген. Қазірдің өзінде 220 грант берілген. «Ауыл аманаты» бойынша 267 жұмыс орны ашылған. «10 мың халыққа — 100 жұмыс орны» жобасы аясындағы көрсеткіштің жоспары жартыжылдықта 46,6 пайызды құраған. Бұл бағытта 3465 адам жұмысқа орналасқан.

— «10 мың халыққа — 100 жұмыс орны» — Президенттің барлық деңгейдегі әкімдерге берген тікелей тапсырмасы. Павлодар ауданын алайық, кемінде 200 орынның 100-ін ашу керек еді, қазіргі орындалғаны – 16 орын. Бұл көрсеткіш ешқандай сын көтермейді. Жұмысты қолға алыңыздар. Бұл көрсеткіштің орындалуын толық қамту қажет. Оның орындалмауына ешқандай негіз жоқ, — деді облыс әкімі Асайын Байханов.

Облыста жүзеге асып жатқан 108 инфрақұрылымдық жоба шеңберінде 1019 жұмыс оны құрылуы тиіс. Бірақ аймақ басшысы бұл бағытта жоспарлауда осал тұстардың барын атады. Себебі, мемлекеттік органның бірі жұмыспен қамту көрсеткішін 169 пайызға асыра орындаса, енді бірі 10 пайызға да жетпеген. Бұл ретте, облыс әкімі әр мекеменің, ауданның мүмкіндігін саралап, тиісінше
жоспар дұрыс түзілуі керек, деді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.