Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде Қазақстан мен Франция мәдениетін тоғыстырған «Табиғат – Адам. Париж – Павлодар» атты көрме ашылды. Бұл жоба Франция мен біздің өңірдің арасындағы нәзік байланыс көркем тілмен өрілген. Көрменің авторы – жас суретші Аннабель Нойфельд. Оның жұмыстары туған жер мен жат елдегі сезім, түсінік, естелік арқылы бір-бірімен тілдеседі.
Бұл көрме – Франция елінің астанасы Парижде білім алып, Павлодар қаласында сурет салудың бірнеше техникасын меңгерген жас суретші Аннабель Нойфельдтің алғашқы жеке жобасы. Ол Германияда туып, балалық шағын біздің елде өткізген.
Автор көрмедегі сурет пен инсталляциялар арқылы өзінің кішігірім қала естеліктері мен тәжірибесін жеткізгісі келген.
– Бұл жерде сіздер табиғатпен адамның арасындағы симбиозды байқайсыздар. Бір жағынан адамдар қоғамға жылулық пен махаббатты сыйлап жатса, өзге жақтан табиғаттың адамзатпен байланысын бояулар арқылы көруге болады, – дейді суретші Аннабель Нойфельд.
Көрермендерге ұсынылған жұмыстардан автордың ішкі трансформациясын байқауға болады. Оған дәлел ретінде суретшінің нобай техникасында орындалған белгісіз жандардың портреттерін алуға болады. Жобаны дайындау да жас суретшіге мол тәжірибе сыйлады. Инсталляцияларды орнату, картиналардың өлшемдерін оңтайландыру оның бойында жігерлік пен табандылық рухын шыңдады.
Аннабель Нойфельд ата-анасына қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіреді. Көбі суретші мамандығы нақты жарқын болашаққа кепілдік бермейді деп санаса, олар оған Парижде ақылы негізде оқуға мүмкіндік сыйлады. Қазір ол «Paris College of Art» колледжінде «Fine Arts» мамандығы бойынша білім алады.
– Оқуымды тоқтатқым келмейді. «Өмір бойы оқы» деген қағиданы қолдаймын. Парижде білім алып, алдағы уақытта шебер дәрежесін алуды жоспарлап отырмын, – деді ол.
Аннабель Павлодарға деген сүйіспеншілігін де атап өтті. Өйткені ол жастайынан осында өсіп, сурет мектебін бітірді. Павлодар оған тұлға және суретші ретінде қалыптасуына көмектескен.
Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінің мамандары жас суретшінің алғашқы көрмесі туған жерінде өтіп жатқанына қуанышты және келесі көрмені Парижде өткізеді деп жоспарлап отыр.
– Бізге Аннабель өз жұмыстарын ұсынды. Көрме өткізуге жеткілікті болды. Біз ұлттық мәдениет орталықтарымен бірігіп, осы көрсетілімді ұйымдастыруды ұйғардық, – деді көрме жетекшісі Ольга Пашко.
Айта кетейік, алдағы уақытта музей қорындағы неміс суретшілерінің жұмыстары, одан кейін армян шеберлерінің шығармалары, ал жыл соңында татар суретшілеріне арналған экспозиция ұсынылады. Жалпы, осы жылы аталмыш музей Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай әртүрлі ұлттың өнерін таныстыратын бес көрмені өткізуді жоспарлап отыр.
Павлодарлықтар жас суретші Аннабель Нойфельдтің жұмыстарын 14 тамызға дейін тамашалай алады.
Айдана БОРАНБАЕВА.