Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында құрылысты бақылау мәсе-лелері де қозғалды. Жыл басынан бері Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы облыстағы құрылыс нысандарына 64 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде жалпы сомасы 23,4 млн теңге айыппұл салынған.
Басқарма басшысы Нұрбек Қоңыратбаевтың баяндауынша, құрылыс нысандарын бақылау және мониторингілеу басқарманың тұрақты бақылауында.
— Облыстық құрылыс басқармасының хаты негізінде Железин ауданы Мыңкөл ауылында медициналық пункт салу нысаны бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде техни-калық және авторлық қадағалау сарапшыларына қызметтерді сапасыз көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілік жүктеліп, куәлігінің күші алты айға тоқтатылды. Ақтоғай ауданындағы су құбыры нысандары бойынша «Арай-НС компаниясы» ЖШС-не қатысты тексеру жүргізілді. Нәтижесінде аталған серіктестік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Павлодар қаласы, Майра көшесі, 43- үй мекенжайында орналасқан «Кофе Зебра» ғимараты әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соттың қаулысына сәйкес бұзылды, — деді Н.Қоңыратбаев.
Аймақ басшысы Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылындағы су құбырының құрылысының сапасын тексеру, Әуелбек ауылындағы Қабдыкәрім Ыдырысов атындағы мектептегі жөндеу жұмыстарының атқарылу барысын сұрады. Нұрбек Қоңыратбаев Жалаулы ауылындағы су құбырының құрылысына жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде тапсырыс берушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылғанын атап өтті. Әуелбек ауылындағы мектеп ағымдағы жылдың 15 тамызында аяқталмақ. Жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Асайын Қуандықұлы облыстағы барлық мектепте оқу жүйесіне кедергі болатын жұмыстарды уақытылы аяқтауды тапсырды. Бұл ретте аудан-қала әкімдері білім ордаларын аралап, жағдайды бақылауға алуы тиіс.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.