Облыс орталығында жылдар бойы табысты жұмыс істеп, жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтып отырған екі бірдей кәсіпорын жаңа жобаларды қолға алды. Соның нәтижесінде импорттық шикізатқа деген тәуелділіктен арылып, шетелден жеткізілетін тауарларды ығыстыратын мүмкіндік тумақ. Бұл ретте билік тарапынан кәсіпорындарға кейбір инфрақұрылымдық желілерді тарту бойынша қолдау көрсетіледі.
Таяуда аймақ басшысы Асайын Байханов Павлодар қаласында 20 жыл дересінде кәсібін дөңгелетіп отырған өндіріс орындарына барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпорындардың жаңа жобаларының жүзеге асу барысын да байқады. Бұл ретте өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын құру, өндірісті оқшаулау, экспорттық әлеуетті кеңейту мен заманауи технологияларды енгізуге бағытталған жобаларға ерекше назар аударылды.
Алдымен Асайын Байханов үш қабатты гофрокартоннан жасалатын өнімдерді шығаратын «Гофротара зауыты» ЖШС-не барды. Келесі жылы кәсіпорын 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы уақыт ішінде зауыт ішкі нарықтан, өзге елдерден сатып алған шикізатты қолдана отырып тұрақты жұмыс істеуде. Бүгінде кәсіпорын иелері саланы одан әрі дамытуға ниетті және қолданыстағы өндірісті жаңғыртуды жоспарлап отыр.
Зауыт басшысы Гүлнар Қайдарованың айтуынша, шикізатты сырттан алмай-ақ, өздері өндіруі үшін жаңа өндіріс орнын ашпақ. Ол «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасады.
– «QAZ ROYALPAK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп аталатын бұл өндірісімізге 20 гектар жер берілді. Тиісті техникалық шарттарды алдық. Бұл заманауи әрі жоғары автоматтандырылған кәсіпорын болады. Мұнда бір ғана қағаз машинасында 186 адам жұмыс істейді. Ал гофрленген қаптама цехын іске қоссақ, қосымша 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік болады, — деді Г.Қайдарова.
Аталмыш жобаның жалпы құны – 16,7 млрд теңге. Бұл ретте 6 млрд теңгені инвестор өз қаржысы есебінен құйса, қалғаны «Индустриялық даму қоры» АҚ тарапынан қарастырылады. Бүгінде арнайы аймақта кәсіпорынның қазығын қағу үшін қазу жұмыстары басталып кетті.
— Біздің басты мақсат — импорттық шикізатты, яғни целлюлозаны өндіріп, соның есебінен картон мен қағаз өндірісін кеңейту. Жасыратыны жоқ, бүгінде отандық нарықты ресейлік өнімдер жаулап алып жатыр. «Баян сұлу» сынды ірі фабрикаларға корап пен қағаздарды жеткізеді. Біз оларға лайықты бәсекелес болуды, қазақстандық кәсіпорындарға сапалы әрі бағасы қолжетімді өнім ұсынуды қалаймыз, — деп атап өтті зауыт директоры.
Бұл ретте Асайын Қуандықұлы «Баян сұлу», «Рахат» сынды ірі кәсіпорындарды отандық өніммен қамту мәселесі бойынша Үкімет деңгейінде жұмыс істеу керек екенін алға тартты.
Жоспар бойынша, жаңа өндіріс орны 2027 жылы іске қосылады. Сол арқылы қағаз бен картон өндірісі 60 мың тоннаға ұлғаяды. Аймақ басшысы кәсіпорынның ісі үздіксіз жүруі үшін «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы аумағында автомобиль және теміржол желісін кеңейту мәселесі қарастырылатынын айтты. Тиісті жобаларды мақұлдап, 2026 жылға арналған облыстық бюджет жобасына енгізуді де тапсырды.
Ал медициналық өнімдер шығаратын «Мерусар и К» кәсіпорнының басшылығы кәсіпорынға кіреберіс жолға асфальт төсеп, жарық желілерін тартуды сұрады. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков фабрикаға кірер жол биыл асфальтталатынын айтты. Жарықтандыруға қатысты мәселе келесі жылы шешімін таппақ.
— Біз бизнесті дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасауға және азаматтарымыз, соның ішінде осындай кәсіпорындарда жұмыс істейтін жандар үшін қолайлы ортаны қамтамасыз етуге мүдделіміз, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Жалпы, 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан аталмыш кәсіпорын бірреттік медициналық бұйымдар, яғни, медициналық маскалар, бахила, бірреттік жаялықтар, майлықтар және басқа да өнімдер шығарады. Кәсіпорын басшысы Марат Махановтың айтуынша, соңғы уақытта тұрмыста пайдаланылатын бірреттік майлықтар мен бір рет қолданылатын шүберектерді де нарыққа жөнелте бастады. Кәсіпорында 140 адам жұмыс істеп, жыл сайын 450 мыңнан астам өнім шығарылады.
Екі кәсіпорынның жұмысымен танысқан Асайын Байханов жаңғырту үдерістерін жеделдету, әкімшілік кедергілерді жою және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар берді. Өнеркәсіптік кластерлерді дамыту және жаңа өндірістер құру Павлодар облысы экономикасының одан әрі өсуінің және оның тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудың маңызды драйвері екенін де ерекше атап өтті.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.