Аймағымызда кітапхана желісін цифрландыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Кітапты электронды форматта оқитындардың саны артқан. Кітапханаға арнайы келетін оқырмандардың да қатары көбейген.
С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың басшысы Шолпан Шахметованың айтуынша, аймағымызда жалпы саны 225 кітапхана жұмыс істейді. Оның 206-сы ауылда орналасқан. 198 кітапхана интернет желісіне толық қосылған. Оның 179-ы елді мекендерде жұмыс істейді. Биыл Ақтоғай ауданында Жаңатап ауылындағы кітапхана интернет желісімен қамтылған.
— Бүгінде ауылдық жердегі 27 кітапхана интернетпен қамтылмаған. Елді мекендердегі кітапханаларға интернет тартылмаған әрі онлайн бағдарламалармен жұмыс істеуге ғаламтор жылдамдығы жеткіліксіз болып жатады. Цифрландыру жүйесін дамытуда бұл жағдай кедергі болып тұр. Десе де, бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес. Мәселен, Железин, Ертіс, Павлодар, Тереңкөл, Успен аудандары, Екібастұз қаласына қарасты ауылдар, Павлодар қаласындағы кітапханалар 100 пайыз ғаламтормен қамтылған. Цифрландыру жүйесін жетілдіруде электронды кітапқа қол жеткізу, қордағы кітаптарды электронды форматқа ауыстыру, кітап беру және алу жұмысын автоматтандыру, қашықтағы оқырмандарға қызмет көрсету жұмыстары назарға алынған, — дейді Шолпан Баянқызы.
Бүгінде облыстағы кітапханалардағы кітап қоры 3 миллионға жуықтайды. Оның 45 мыңға жуық данасы электронды форматқа ауыстырылған. Кітапханаларда цифрландыру жүйесі 2006 жылы басталды. Қазір облыс бойынша 29 ресми сайт жұмыс істейді. 2017 жылы облыстық кітапханада Өлкетану құжаттарын цифрлау орталығы құрылды.
— Қордағы барлық кітаптың электронды нұсқасын дайындауда авторлық құқықты қорғайтын заңнама шектеу жасайды. Өйткені кітаптың электронды форматын жасау үшін автормен келісімшартқа отыру ережесі бар. Қазір жергілікті авторлармен келісімшартқа отыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта 300-ден астам келісімшарт жасалып, кітаптың бәрі веб-ресурстарда орналастырылды. Кітап алу-беру механизмі облыстық кітапханада РFID жүйесі арқылы ұйымдастырылған. Адамдар жеке оқырман билеті арқылы кітапты таңдап, тіркеп, ала алады. Кітаптың алу-беру шарасы толық қадағаланып отырады. Мысалы, оқырманның қолында қандай кітап барын біліп отырамыз. Сол арқылы оқырман саны мен оқылған кітаптарды да бақылауға болады. Өкінішке орай, қалалық, аудандық, ауылдық кітапханаларда бұл жұмыс қағаз
түрінде жүргізіледі, — дейді Шолпан Баянқызы.
Шолпан Шахметова оқырмандар қатары жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Облыстық кітапханаға жыл сайын 30 мыңнан астам оқырман өздігінен кітап оқуға келсе, 100 мыңнан астам оқырман кітапхана қызметін виртуалды негізде пайдаланады.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.