Қайта түрленген «Қазқонақ»

Там 7, 2025

Павлодар қаласында орналасқан «Қазқонақ» палеонтологиялық ескерткіші – өңір жұртшылығы үшін ғана емес, тарихшылар мен табиғат жанашырлары үшін де ерекше орын. Ертіс жағалауында орналасқан бұл киелі мекен – табиғаттың әсем көрінісімен ғана емес, аңызға толы өткенімен де құнды.

Соңғы жылдары табиғат әсерінен кешендегі бірнеше мүсіннің бояуы оңып, кей тұстары жарылып, жалпы келбеті бүлінген еді. Осыған орай, арнайы реставраторлар тобының қатысуымен кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде тозығы жеткен фигуралар жаңаша кейіпке еніп, бұрынғы ажарын қайта тапты. Жөндеу жұмыстары барысында мүсіндердің беткі бояуы жаңартылып, кей бөліктері қайта қалпына келтірілді. Мамандардың айтуынша, жұмыстарда мүсіндердің тарихи сипаты мен бастапқы келбетін сақтауға ерекше мән берілген.

— Мүсіндерді қалпына келтіру жұмыстары барысында әрбір мүсін мұқият зерттелді. Бастапқыдағы авторлық бейнеге нұқсан келтірмей, шынайы келбетін сақтау басты талап болды. Материалдың төзімділігіне де мән бердік, — дейді сала мамандары.

Мүсіндердің қайта жаңаруы тұрғындар үшін қуанышты жаңалық болды. Қайта қалпына келтірілген мүсіндер ерекше әсер сыйлайтыны сөзсіз.

— «Қазқонақ» – біз үшін ерекше жер. Мұнда бала кезімізден серуендеп келеміз. Бірақ соңғы жылдары мүсіндердің тозып кеткенін көріп, көңіл құлазитын. Қазір де бәрі жаңарып, қайта жан біткендей әсер қалдырады. Балаларымды осында ертіп әкелемін. Олар да тарихқа қызығушылық танытып жүр. Осындай жұмыстар жиі жүргізіліп тұрса, қаламыздың рухани келбеті де арта түседі, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Гүлнәр Аманжолова.

«Қазқонақ» ескерткіші 2015 жылы абаттандырылған. Содан бері мүсіндер вандализмнің салдарынан бірнеше мәрте бүлінген. Қазіргі уақытта мүлікті бүлдіргені үшін айыппұл туралы ескертетін камералар мен тақтайшалар орнатылды.

Айта кетейік, «Қазқонақ» табиғи ескерткіші – әлемде сирек кездесетін табиғи ескерткіштердің бірі. Атап өтерлігі, бұл жердегі топырақ қабатының астында осыдан 5,5 млн жыл бұрын жер бетінде тіршілік еткен ежелгі жануарлардың қаңқалары жатыр. Палеонтологтердің айтуынша, бұған ұқсас бірегей орындар Грекия мен АҚШ мемлекеті аумағында ғана бар. Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын ғалымдар қазба жұмысын бастап, бұл жерден ежелгі тір­шілік иелерінің жүздеген қаңқасын тапқан. Дегенмен, 1970 жылдардан бері ерекше орын мүлде зерттелмей келді.

Негізі кезінде кеңес ғалымдары «Қазқонақ» ескерткішінен 200 гиппарионның қаңқасын жинап әкеткен деседі. Одан бөлек, 60 түрлі ежелгі жануарлардың, соның ішінде 20 алып бұғының, 40 керіктің, 130 мүйізтұмсықтың сүйектерін алған. Өкінішке қарай, бұл археологиялық олжалар кейін Қазақстанға қайтарылмаған.

Бүгінде «Қазқонақ» әлемде теңдесі жоқ 20 табиғи ескерткіштің қатарына енеді. Ал дәл мұндай ерекше орын Павлодарда және грек елінің астанасы — Афина шаһарында бар.

Айдана БОРАНБАЕВА

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.