Елімізде шетелге жұмысқа орналастырумен айналысатын жекеменшік агенттіктерге жауапкершілік күшейтілмек. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін лицензиялауды ұсынды. Қазақстанда шетелге жұмысқа аттандырумен айналысатын 60-тан астам жекеменшік агенттік тіркелген. Бірақ оларда лицензия жоқ. Бұл компаниялар шекара асқысы келетін адамдардың ақшасын қалтасына басып, олардың тағдырына еш алаңдамайды. Нәтижесінде шетелге жұмысқа кеткен қазақстандықтар өз мәселесімен жеке қалады. Сондықтан агенттіктерді адам тағдырына бейжай қаратпау мақсатында жауапкершілікті арттыру қажет. Жекеменшік агенттіктерді лицензиялау керек пе? Қазақстандықтар шетелге неге ағылады? Бұл мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Рымтай ШӨКЕЕВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Шетелден жұмыс ұсынатын жекеменшік агенттіктерді лицензиялау – өте күрделі мәселе. Шекара асқан отандастарымыз Қазақстан азаматтығы құжатымен ғана барады. Сондықтан агенттіктер жұмыс берушінің оларды уақытша тіркеуге алуын қадағалауы керек. Себебі жұмыс бар деп шақырып, адамдарды басқа іске пайдаланатын жайттар көп кездеседі.
Шыны керек, шетелге аттанған әрбір қазақстандық шекараны еріккеннен асып жатқан жоқ. Күнкөрістің қамы үшін кетеді. Қазір несиесі жоқ отбасы таба алмайсыз. Сондықтан аз уақытта қомақты нәпақа тауып, қордаланған несиені бір мезетте жабу үшін барады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелге аттанатын, оралатын азаматтарды толық тексеруден өткізуі қажет. Олардың қай елге, қандай жұмысқа бара жатқанын нақты анықтап, құжат жүзінде тіркеуі тиіс. Мәселен, егістік алқабы, құлпынай шаруашылығы болсын нақты мекенжайын білу қажет. Шекара асқан азаматтарымызды жоғалтып алмауымыз қажет. Шетелде біздің елшіліктеріміз бар. Оларға да біздің азаматтарымыздың нақты қай жұмысқа аттанғаны туралы хабар берілуі тиіс. Агенттіктердің жауапкершілігін арттыруда осы мәселе есерілуі керек.
Қобланбек ҚОЖИН, Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы:
— Жекеменшік агенттіктерді лицензиялау шарасы алаяқтықтың алдын алу үшін қолға алынып отыр. Бұл — дұрыс. Бірақ бұл жұмыс тыңғылықты атқарылуы керек. Жекеменшік агенттіктер тіркеуден өтіп, шетелге жіберген азаматтардың аман-есен жетіп, жұмысқа орналасқаны жөнінде мемлекетке есеп беруі керек.
Отандастарымыздың шекара асуына жалақы мен еңбек нарығы себеп болып отыр. Бірақ тамырында қазақтың қаны тасып жатқан, еліне деген махаббаты бар адам қайда жүрсе де Отанына оралады деп ойлаймын. Жалпы, елімізде тұрғындарды еңбекпен қамтуда атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Жеке кәсіп ашуда түрлі бағдарламалар қабылданып, гранттар бөлінуде. Интернеттің өзі табыс көзі болып отыр. Күндіз жұмыста жүріп, кешке мобильді қосымшалардың көмегімен такси, жеткізу қызметтерімен де айналысуға болады. Оған шектеу қойылмаған. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қарапайым еңбек адамдарына ерекше көңіл бөлінуде. Халықтың шекара асуын азайту үшін экономикамызды дамытудың маңызы зор. Инвесторларды көбірек тартып, заман талабына сай жұмыс орындарын көп ашу қажет.
Алтынай ИСМАЙЫЛОВА, жұмысшы:
— 2023 жылы күйеуім екеуіміз Англияға келдік. Бұл әрекетімізге еш өкінбейміз. Өйткені елімізде таппаған табысқа кенеліп отырмыз. Бұған дейін Қазақстанда аспаз, даяшы, құрылыста да еңбек етіп, айына 300-400 мың теңге алып жүрдім. Ал қазір Англияда дәл осы соманы бір аптада табамын. Шетелге келген сәтте алдымен егістік алқабында салат жапырағын теріп, кейін құстарды үркітетін құрылғының қызметін өзім атқардым. Яғни, аппарат сынып қалғанда құстарды үркіту арқылы сағатына 8 мың теңге ақша таптым. Қазір күніне 8-12 сағат еңбек етіп, айына 1 млн теңгеден астам қаражат табамын. Берілген уақыттан артық жұмыс істесең, қосымша ақша төленеді. Жолдасым екеуіміз тәуекел етудің нәтижесінде мойнымыздағы барлық несиені жауып, баспанаға қол жеткіздік. Алдағы уақытта көлік алып, шағын бизнес ашуды жоспарлап отырмыз. Ел тұрғындарын шет тілін үйреніп, біз сияқты тәуекелге баруға кеңес беремін. Шетелде мүмкіндік зор. Мұнда қара жұмыс істеу ұят емес, табысы мол. Өйткені жергілікті тұрғындар мұндай жұмысқа қызықпайды. Біз үшін қомақты көрінетін табыс олар үшін өте аз жалақы саналады. Сондықтан жұмыс ұсынатын агенттіктерге талапты күшейтудің маңызы жоқ. Жұмыс істеу үшін елін, туғандарын тастап келген адам, табысқа жетпей қоймайды.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.