Шариғаттағы бес аманат

Там 14, 2025

Ислам шариғатының көздеген негізгі мақсаттарының бірі – адам табиғатына тән әрі өмірлік маңызы бар бес асыл құндылықты — дінді, өмірді, ақылды, тектілікті және мал-мүлікті сақтау. Бұл құндылықтардың әрқайсысы адам өмірінің тұтастығы мен қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі себептер болып саналады. Сондықтан ислам діні бұл құндылықтарды қорғау үшін белгілі тәртіптер мен талаптарды қойып, оларды сақтауды әрбір мұсылманға аманат етіп жүктейді.

Өмірді сақтау

Өмір – адам баласына берілген басты құндылық. Адам баласы Алла Тағаланың сыйлаған ғұмырының әр сәтін бағалап, оны өзіне ізгі амалдар жасауға берілген мүмкіндік деп түсінуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ол сондай Алла, сендердің қайсыларың жақсырақ іс-амал жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», –
деп айтқан. Ислам адамның өмірін тәндік те, психологиялық та қауіп-қатерден қорғауға үлкен мән береді. Себебі адам өмірін сақтау — шариғат бекіткен басты қажеттіліктердің бірі. Алла Тағала адам жанын аман сақтауды, оны қауіп-қатерге ұшыратпауды бұйырған. Бұл жайында Жаратушымыз Құран Кәрімде: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді», деген. Осы мақсатта шариғат адам өлтіруге, зорлық-зомбылыққа, өзін-өзі өлтіруге және басқа да қауіп төндіретін әрекеттерге тыйым салады.

Дінді сақтау

Дін – адамзаттың рухани болмысы мен адамгершілік құндылықтарының негізі. Сондықтан Ислам шариғаты оның үкімдерінің бұрмалануына немесе ескерусіз қалуына жол бермейді. Керісінше, дінді дұрыс түсініп, оның талаптарын шынайы әрі саналы түрде орындауға үндейді. Ислам – Aлла Тағаланың Жәбірейіл періште арқылы сүйікті әрі соңғы  Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жіберген ең соңғы діні. Ол — адам баласына осы дүниеде және ақыретте бақытты өмір сүруге жетелейтін қағидалар жиынтығы. Шариғат бес негізгі тіректен құралады. Олар — Алланың жалғыздығына, Пайғам-барымыздың Алланың   елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау және қажылық жасау. Осы негіздермен қатар, діннің бұйырған басқа да парыздар мен міндеттерін орындау, сондай-ақ харам етілген істерден аулақ болу мұсылманның басты жауапкершілігі болып саналады.

Ақылды сақтау

Ислам шариғаты ақылға айрықша мән берген. Ақыл – Алланың үкімдерін пайғамбарлар арқылы қабылдап, мәнін ұғынып, өмір жолын таңдауға бағыт беретін баға жетпес нығмет. Алла Тағала адам баласын барлық жаратылыстардан жоғары қойды. Ақыл сыйлау арқылы адамға үлкен мәртебе беріп, жер бетінде Халифа, яғни қамқоршы әрі басқарушы болуға лайық етті. Бұл — адамның ақыл-парасатына артылған үлкен жауапкершілік пен аманаттың айқын дәлелі. Абай атамыз ақылға қатысты:

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды

                                ыстық жүрек.

Тоқтаулылық, қалыпты,

                             шыдамдылық,

Бұл – қайраттан шығады,

                              білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі

                                  бірдей ұста,

Сонда толық боласың

                                   елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі жақсы демек, – деп, ақылдың маңыздылығын атап өткен.

Мал-мүлікті сақтау

Ислам діні адам табиғатына тән құбылыстарға әрдайым терең түсіністікпен қарайды. Адам бойындағы жаратылысынан бар қажеттіліктер мен құштарлықтарды жоққа шығармайды, қайта оларды шариғат талаптарына сай, реттелген, тәрбиелік мәні бар әрі үйлесімді жолмен қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Бұл – адамның өмірін үйлесімді етіп құру, ізгілікке жол ашу және жамандықтан қорғау үшін қажет. Адамның меншіктенуге, иелік етуге деген табиғи бейімділігі де шариғат шеңберінде ескерілген. Ислам жеке меншік құқығын заңды түрде мойындайды.

Тектілікті (ұрпақты) сақтау

Ислам отбасы институтын жоғары бағалайды. Шариғат некені бекемдеуге, зина мен арсыздықтан аулақ болуға үндейді. Бұл – ұрпақ тазалығы мен қоғамның рухани саулығын қамтамасыз етудің негізі.
Атам қазақ «Жеті атасын білмеген жетесіз» демекші, адам өзінің шыққан тегін жақсы білуі — келер ұрпақ алдындағы борышы. Баласына әулетінің шежіресін үйретуі тиіс.
Адам баласының шыққан тегі оның түп-тамыры. Жемісті ағаш мәуелі болуы үшін тамыры тереңге бойлауы тиіс. Адам да бар құнарын ата-
бабасы тәлімінен алады. Заманында Бұқар жырау:

«Жал, құйрығы қаба деп, жабыдан айғыр салмаңыз.

Қалың малы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз.

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға шабар ат тумас,

Жаман қатын алсаңыз,

Топқа кірер ұл тумас.

Жақсыдан жаман туса да,

Жаманнан жақсы туса да,

Тартпай қоймас негізге!» – деп тектің қоғам мен әлеумет өміріне қаншалықты әсер ететінін айтқан.

Тілеуберді САХАБА.