Мектепке бару қанша тұрады?

Там 14, 2025

Жаңа оқу жылының басталуына небары екі апта қалды. Білім күні жақындаған сайын мектепке дайындық та қыза түскені байқалады. Олай дейтініміз, облыс орталығына алыс-жақыннан келіп, сауда нүктелерінен ұл-қызының керек-жарағын іздеген ата-аналар қарасы қалың екеніне көз жеткіздік.

Сонымен, биыл оқушы киімі мен кеңсе тауарларының бағасы қалай? Бұл жөнінде ата-аналар не айтады? Жалпы, бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады? Көптің көкейінде жүрген осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында шаһардағы бірқатар дүкен мен базарларды аралап, ондағы тауарлардың бағаларын біліп қайтқан едік.

Ата-аналар не дейді?

Облыс орталығындағы оқушыларға қажетті заттар сататын сауда нүктелерінің қай-қайсысына барсаңыз да баласына киім-кешек пен оқу құралдарын іздеген ата-аналардың көп екенін көруге болады. Олардың басым бөлігі алыстағы ауыл-аудандардан келгенін және өздерімен бірге еркетотайларын да ертіп алғанын айтады. Солардың бірі – Май ауданының тұрғыны Гүлмира Қанат есімді ана:

— Бүгін төрт баламмен бірге қалаға келіп, мектепке қажетті тауарларды іздеп жүрмін. Балалар есейіп қалғандықтан киетін киімдерін өздері таңдап алғысы келеді. Біздің сатып алып бергенімізді ұнатпайды. Сол үшін ауылдан бір такси жалдап, дүкендерді аралап жүрген жайымыз бар. Менің ойымша, киім-кешектің де, кеңсе тауарларының да бағасы қымбат екен. Олай дейтінім, бүгін дүкеннен 11-сыныпқа көшкен тұңғыш балама дене шынықтыру сабағына арналған спорттық киімді 25 мың, футболканы 8 мың, спорттық аяқ киімді 14 мың, қара костюм-шалбарды 30 мың, ақ жейдені 12 мың, галстукты 5 мың, бәтеңкені 15 мың теңгеге сатып алдым. Есептесем, тек ұлымның бір киеріне 100 мыңнан астам теңге жұмсалыпты. Бұған қосымша кеңсе тауарларын, күздік күртеше мен етік алуым керек. Негізі, төрт баланы киіндіру үшін бір тайыншаны сатып, 270 мың теңге жететін шығар деген есеппен шыққан едім. Енді қалған ақшам үш қызыма жетпейтін түрі бар, — дейді мұңайып. Ал өзін Меруерт деп таныстырған баянауылдық жас келіншек те мектепте оқитын екі баласына киім-кешек алып жүргенін айтып, саудагерлерге деген ренішін білдірді.

— Мектеп формалары мен кеңсе тауарларының бағасы аспандап тұр. Негізі, мен қаладағы дүкендердің инстаграм парақшаларынан арзандау киім-кешектерді көріп, сонау алыстан келіп едім. Өкінішке қарай, алданып қалдым. Дүкендердегі сатушылардан сұрасам, менің көрген дүниелерім сатылып кеткенін айтып ақталды. Егер солай болса, неге желіден алып тастамайды? Көңіл-күйім түсіп қалды. Шалғайдан келген соң құр қайтпайын деген оймен үш-төрт дүкенге кіріп, біраз тауар алдым. Жолдасым екеуіміз де жұмыс істейміз. Өткен айдағы жалақымызды біріктіріп, балаларға арнаймыз деп жоспарлап едік. Соның өзі жетпейтін сияқты… Ал отбасында бір адам ғана еңбек ететін немесе көпбалалы шаңырақтарға өте қиын болайын деп тұр, — дейді ол.

Иә, шынымен де мектепте бірнеше баласы оқитын көпбалалы отбасылар үшін олардың бәрін шыттай қылып киіндіру оңай емес екені сөзсіз. Осындай отбасындағы ананың бірі, Павлодар қаласының Жанна есімді тұрғыны (аты-жөнін толық айтудан бас тартты):

— Менің алты балам бар. Бесеуі мектепте оқиды. Ересек қыздарым күн сайын: «Анашым, оқу басталатын уақыт жақындап қалды ғой, әдемі киімдердің бәрін ел алып кететін болды. Тезірек дүкенге барайықшы», — деп есімді шығарған соң, бүгін киімдердің бағасын шолып шығайын деген ниетпен базарға келіп едім. Әзірге бес баланы бірдей киіндіретіндей мүмкіндік жоқ. Жәрдемақыларына кеңсе тауарларын ғана сатып аламын. Мемлекеттен көмек берілетін шығар деген үмітпен мектептегі әлеуметтік педагогқа тиісті құжаттарды тапсырып, күтіп отырмыз, — дейді.

Осылайша, ата-аналардың бірі қорасындағы малын сатып, енді бірі жалақысын жинап қалаға келсе, тағы бірі мемлекетке қол жайып, қолдау күтуде. Алайда ақшаның бетіне қарамайтын, бауыр еті баласынан ештеңесін аямайтын ата-аналардың да баршылық екенін байқадық. Қаладағы ірі сауда үйлерінің бірінен дәл осындай жанмен жолығып, әңгімеге тарттық.

— Мен мектептегі үш балама да сапалы әрі бағасы да қымбат бренд киімдер алып бердім. Даладағы базарлар мен ұсақ-түйек дүкендердегі тауарлардың сапасы нашарлау келеді. Соған сәйкес бағасы да қолжетімді. Мұндай арзан дүниелер алып, бір-екі ай киген соң түтеленіп, жыртылып, өңі солып қалғанын қаламаймын. Сол үшін үнемі бағасына сапасы сай келетін қымбат киімдер аламын. Сосын бір жыл бойы алаңдамай жүремін. Мәселен, осы оқу жылында үш баламды 600 мың теңгеге киіндірдім. Бір костюмді 48 мың теңгеден алдық. Әрине, шылқып жатқан бай емеспін, тауарларды бөліп төлеу арқылы рәсімдей салдым. Қазір мүмкіндік көп қой, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Анар Сүлейменова. Сондай-ақ, ол кеңсе тауарларының да сапалысын алатынын атап өтті.

Бір аңғарғанымыз, базар, дүкен аралап жүрген ата-аналардың көбі осы оқу жылында мектепке қажетті киім-кешектердің бағасы қымбат екенін алға тартуда. Тек көптен бері сөрелерде өтпей тұрған, сәннен қалған немесе бір жері бүлінген тауарлар ғана 30-50 пайыз жеңілдікпен сатылатын көрінеді. Ал мұндай киімдерді қазіргі балалардың кигісі келмейтіні айтпаса да түсінікті. Тағы бір қызығы, кейбір ата-аналар «Каспи» және «Халық маркет» онлайн дүкендері арқылы тапсырыс беріп, өзге сауда орталықтарынан едәуір арзан бағаға қажеттіліктерін сатып алатынын айтады.

— Біз отбасымызға керек-жарақтың барлығын «Каспи» дүкенінен аламыз. Тауар құнын қалтаңа қарап таңдайсың. Заттардың сапасын ұстап көрмесең де, сатып алған адамдардың пікірі мен бағалауын көру арқылы білуге болады. Мысалы, мен мектепте оқитын үш балама да қажетті киімдер мен кеңсе тауарларын осы дүкеннен онлайн тапсырыс бердім. Бағалары қолжетімді. Үш оқушыны мектепке дайындауға шамамен 200 мыңнан астам теңге кетті, — дейді қала тұрғыны Мөлдір Адамжанова.

Жалпы, бүгінгі таңда онлайн дүкендер арқылы, соның ішінде шетелдік «Pinduoduo», «Temu» және басқа да сайттар арқылы оқушыларға арзан киім-кешек алатындар аз емес көрінеді. Ақшаны үнемдеу үшін бұл да дұрыс шешім сияқты…

Баға қалай?

Тамыз айы басталғалы елдегі базарлар мен дүкен сөрелері мектепке қажетті дүниелерге лық толуда. Елде оқушы саны көп болғандықтан саудагерлердің де саудасы қызып тұрғанға ұқсайды. Басқасын былай қойғанда, облыс орталығындағы оқушы киімі мен мектеп құралдарын сататын кейбір сауда нүктелерінде ұзын-сонар кезектің бар екенін байқауға болады. Дәл сондай сауда орнының бірі – «Aport» дүкені. Мұнда альбомның 16 беттігі — 250 теңге, 24 бет-тігі – 380 теңге, 12 дана түрлі түсті қарындаштар жиынтығы — 1170 теңге, 48 беттік қалың дәптер – 180-290 теңге, 96 беттік дәптер — 360 теңге, 10 түсті пластилин — 690 теңге,
6 түстісі — 450 теңге, арнайы пәндік дәптерлердің 1 данасы (36 бет) — 160 теңге, 10 дана тыс — 200 теңге, 24 түрлі маркер фломастер – 2340 теңге, ермексаз тақтайшасы – 360 теңге, қаламсап — 35 теңгеден жоғары, жұқа дәптерлер (12 бет) — 28 теңге, кішкентай сызғыш — 90 теңге, сөмкелер 5 — 8,5 мың теңге аралығында сатылуда. Қаладағы халық көп баратын «Алматы бағалары» деген атпен танымал арзан дүкенде қыз балалардың мектепке киюіне арналған юбка мен жұқа желетке – 4770 теңге, спорттық костюмдер – 6-14 мың теңге, ұл-қыздың ақ жейделері – 2,3 – 6 мың, спорттық аяқ киімдер — 6 -12 мың теңге, сөмкелер — 4-8 мың теңге деп тұр. Ал бағасы көңілге қонымды деп тұрғындар жиі айтып жүретін «Нұрқай» кеңсе тауарлары дүкенінде
18 түсті маркер фломастер – 2 мың, 24 түстісі — 2,5 мың, 36 түстісі – 4 мың, 5 түсті бояу бар қорап – 450 теңге, 12 түстісі — 700 теңге, 16 түстісі — 800, 21 түстісі – 1,4 мың теңге, түрлі түсті қарындаштар 500 – 4,5 мың теңге аралығында, 18 беттік дәптер – 200 теңге, 24 беттік дәптер — 280 теңге, 48 беттік қалың дәптер – 250 теңге, 12 беттік альбом — 300 теңге, ал 48 беттік альбом – 900 теңге, пенал – 1,5 — 2,8 мың, қарындаш — 25-80 теңге, 10 дана дәптер тысы – 200 теңге, кітап тыстары көлеміне байланысты 300-500 теңге (10 дана), желім — 200-550 теңге, күнделіктер – 350-700 теңге, сапалырақ қаламсап 100 теңгеден жоғары, сөмкелердің бағасы 5-7,5 мың теңгеден сатылуда.

Дүкен директоры Қайрат-бек Қалиұлының айтуынша, бұл сауда нүктесінен бір балаға шамамен 20-30 мың теңгеге барлық қажетті кеңсе тауарларын алуға болады. Мұндағы тауарлардың кейбірі — отандық өнімдер. Яғни, Шымкенттен шыққан дәптерлер, Алматыда жасалған оқу құралдары бар. Десе де, көбі Қытай және Ресей елінен әкелінетін көрінеді.

Келесі кезекте жасөспірімдер мен студенттер жиі бас сұғатын «Kapsula» дүкеніне барғанды жөн көрдік. Көпшілік мұндағы киімдердің сапасы жақсы әрі бағасы да қолжетімді екенін алға тартуда. Сонымен, ел мақтаған бұл сауда орнында футболкалардың бағасы – 3,8 мың теңге, ақ жейделер – 3,5-7 мың теңге, ересек қыздардың юбкалары — 3,8 мың теңге, 1-2 сынып қыздарына келетін юбкалар – 2 мың теңгеден, шалбарлар – 5,4–6,5 мың теңге, жоғары сыныпта оқитын қыздарға арналған (42-48 мөлшерлі костюм-шалбарлар — 20,4 мың теңге, тек костюмдер – 9,2 мың теңге деп бағаланған. Аталмыш сауда нүктесінің Найра есімді сатушысы:

— Біздің дүкенімізге күн сайын ата-аналар көп келуде. Барлығына қолымыздан келгенше қызмет көрсетіп, іздегенін тауып беруге тырысамыз. Осы дүкендегі тауарлардың бағасы да қолжетімді. Мәселен, «Kapsula» дүкенінен бір оқушы 25-30 мың теңгеге бір киерін таба алады, — дейді.

Ал қаланың қақ ортасында мен мұндалап тұрған «Артур», «Квазар» сауда үйлерінде ересек ер
балаларға арналған ақ және қара түсті футболкалар — 9-15 мың теңге, спорттық костюмдер — 18-40 мың теңге, костюм-шалбар мен костюм-юбкалар 20-60 мың теңге, ақ жейделер 10-25 мың теңге, юбкалар 8-20 мың теңгеден сатылымға қойылған. Аталған дүкен сатушылары мұндағы тауарлардың көбі Түркия, Германия, Польша және Қытайдың Пекин қаласынан әкелінетіндіктен сапасында мін жоқ екенін айтады. Ел аузында «Қытай базары» деп аталып кеткен қаладағы әмбебап жәрмеңке кешеніне де табан тіредік. Мұндағы мектеп оқушыларына арналған киімдер мен кеңсе тауарларының бағасы қатардағы халық көп баратын қарапайым дүкендерден 5-10 пайызға арзандау екен. Ал орталық базар саналатын «Ярмарканың» дүңгір-шектеріндегі дүниелер бұл базармен салыстырғанда сәл-пәл қымбаттау көрінетініне көз жеткіздік. Көпшілік ағылып жатқан қаладағы бертін ашылған «Qaz price» шағын дүкенімен де танысып шыққанды жөн көрдік. Бұл сауда нүктесінде жұқа дәптерлер – 23 теңге, ұштағыш — 90 теңге, 10 түсті ермексаз – 500 теңге, фломастер – 450 теңге, 16 беттік альбом — 300 теңге, өшіргіш — 40-60 теңге, қарындашы мен сызғышы бар пеналдар — 750 теңге, қарындаш — 55 теңге, желім — 140 теңге, қайшы 200 теңге тұрады.

Тізбектеп айта берсек, дүкендер мен базарлардағы тауарлар сапасы мен қандай фирмадан, елден шыққанына байланысты әр түрлі бағада сатылуда. Біреу қымбатын алса, енді бірі қалтасына қарап, арзандауын іздеуде. Әрине, талғамға талас жоқ!

Нұржайна ШОДЫР.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.