Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласындағы жөндеу және құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, жылу беру маусымына дайындық барысын бақылап, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қосымша энергия қуатымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жиналыс өткізді.
Алдымен аймақ басшысы Қоянды ауылында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша орташа жөндеуден өткен ауылішілік жолдарды тексерді. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин ауылда атқарылып жатқан жұмыс барысын баяндады. Оның айтуынша, аталмыш ауылдағы Шаңырақ көшесінде жұмыстардың 90 пайызы орындалған. Айдың соңына дейін толық аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, облыс әкімі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген №14 орта мектепті тексерді. Білім ошағындағы жұмыс 25 тамызға дейін аяқталады. Бұдан бөлек, ауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Заманауи нысан 2026 жылы пайдалануға беріледі.
Облыс әкімі кеншілер шаһарындағы абаттандыру нысандарын аралады. Бұл ретте Әлия Молдағұлова көшесі мен М.Жүсіп көшесі, 46, 48, 50-інші тұрғын үйлердің ауласына асфальт төсеу жұмыстары аяқталған. Биыл жоспарланған 50 балалар ойын алаңының 42-сі орнатылған. Қалғаны айдың соңына дейін қойылмақ.
Қала тарихындағы маңызды жобалардың бірі — квартал ішіндегі аумақтарды жарықтандыру. Екі жыл бұрын Екібастұзда жүйелі аулаішілік жарықтандыру мүлдем болмады. Облыс әкімі 2 жылдың ішінде барлық 279 ауланы, квартал ішіндегі аумақтардың 50-ден астам учаскесін, сондай-ақ қаланың қалған 68 көшесін жарықпен қамтуды тапсырған болатын. Барлық жұмыстар 6 кезеңге бөлінді. Бүгінгі таңда аулаішілік жарықтан-дыру бойынша жұмыстардың 77 пайызы орындалды. Тұрғындар қауіпсіздік пен жайлылық үшін алғыстарын білдіруде.
— Жарықтандыру бойынша басты мәселе шешілді. Ендігі кезекте кварталаралық аумақтарды асфальттау қажет. Барлық аула мен тұрғындар ең көп жүретін жерлерді абаттандыру керек, — деді облыс әкімі.
Балаларды бұқаралық спортпен шұғылдануға тарту үшін ескірген футбол ойын алаңдарын жаңартып, көше тренажерлары бар алаңдарды, сондай-ақ, стрит-воркаут пен стритбол алаңдарын орнату қажет екенін атап өтті.
Екібастұз қаласының әкім-дігінде қала басшылары мен бейінді басқармалардың қатысуымен өткен жиналыста жылу беру маусымына дайындық мәселелері талқыланды. Екібастұз әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, жылу-электр орталығындағы 6 қазандық агрегатын жөндеу жұмыстары аяқталды. №2 және 7 жылу магистральдарын қайта жаңарту жалғасуда, гидравликалық сынақтар кезінде анықталған ақаулардың басым көпшілігі жойылды. Тамыз айының соңына дейін әлеуметтік нысандарға көмір жеткізуді аяқтау және барлық мекемелер бойынша дайындық актілерін ресімдеу жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді электр қуатымен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Өңірде суармалы жерлерді ұлғайту және қайта өңдеу бойынша ірі жобалар іске асырылуда. Алайда ағымдағы электр қуаты жеткіліксіз. Облыс әкімі 20 қыркүйекке дейін «ПРЭК» АҚ ұсыныстарын ескере отырып, мәселені шешудің нақты жоспарын ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ, жиналыста бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы жан-жақты қаралды. 2026 жылға арналған бюджетті дайындау аясында Асайын Байханов тұрғын үй, коммуналдық және көлік салаларындағы басым жобаларды қаржыландыру мәселелерін жедел шешу қажеттігіне баса назар аударды.
Облыс әкімі биыл Екібастұзға 25 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты бағытталғанын атап өтті. Бұл жылу желілері мен әлеуметтік нысандарды жаңартуға, тұрғын үй салуға және қаланы абаттандыруға мүмкіндік берді. Жылу магистральдарын қайта құру және жөндеу жұмыстары келесі жылы да жалғасатын болады.
Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы республикалық бағдарламаларды тарта отырып, коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жобаларын қаржыландыруды қарастыруды, тұрғын үй қорын жылу беру маусымына дайындау жұмыстарын аяқтауды, Екібастұзда суармалы егіншілікті дамыту үшін электр қуатымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды 20 қыркүйекке дейін жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, жол картасы аясында 2026 жылға арналған электрмен жабдықтау жобаларын қаржыландыруды жүктеді.
— Екібастұзды дамытуға қомақты қаражат бөлінді және оны барынша тиімді пайдалануымыз керек. Жылу желілерін жаңғырту және қаланы абаттандыру жұмыстары жалғасатын болады. Барлық жобалар уақытылы және тиісті сапада іске асырылуы тиіс. Тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне басымдық берілу қажет, — деп атап өтті Асайын Байханов.
Өз тілшіміз.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.